Министр Қазақстан-АҚШ авиарейсін іске қосу неліктен созылып кеткенін түсіндірді
2021 жылғы 30 қараша 02:10

Министр Қазақстан-АҚШ авиарейсін іске қосу неліктен созылып кеткенін түсіндірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін іске қосу неге созылып кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кезінде Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа, Сингапурға, Токиоға рейстер ашу туралы тапсырма берген болатын. Әрине, бұл айтарлықтай ауқымды міндет. Өйткені ұшақтардың алыс қашықтыққа ұшатын жаңа түрлерін сатып алу керек дегендей. Біз өндірушілермен тиісті келіссөздер жүргіздік. Осы кезде қатынай бастады, Сингапур бойынша пысықтап жатқан кезде пандемия бұрқ ете қалды», - деп еске алды Бейбіт Атамқұлов «Хабар» телеарнасындағы «Ұлт мүддесі» бағдарламасында.

Сондай-ақ министр былтыр желтоқсан айында АҚШ-пен келісімге қол қойылғанын еске салды.

«Тарихта алғаш рет біз әуе компанияларымызға икемді ұшу жүйесін пайдалануға мүмкіндік беретін келісімге қол қойдық. Бұл еркіндіктің бесінші және жетінші дәрежесі. Яғни қазақстандық әуе компаниялары Нью-Йоркке қонып, ол жерден алған жолаушыларды Канаданың Оттава немесе Торонто сияқты қалаларына жеткізе алады. Ал Америка ұшақтары Қазақстанға бір қонып алып, Түркияға немесе Моңғолияға қатынай алады», - деп түсіндірді ҚР ведомство басшысы.

Бұдан бөлек ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы рейстер қашан іске қосылуы мүмкін екенін айтты.

«Бұл енді нарықтың, бизнестің құзырындағы шаруа. Біз министрлік тарапынан өзіміздің әуе компанияларына қажетті жағдайды жасадық. Екі компания АҚШ-қа тікелей қатынайтын рейс ашуға дайын екендерін айтып отыр. Олардың өздеріне тиімді рейс қалыптастыруы үшін біраз уақыт керек. Менің ойымша 2023-2024 жылдарға дейін осы бағыттағы дайындық жұмыстары жүреді», - деп түйіндеді Бейбіт Атамқұлов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT