Министр: Кәсіпорындар кемшілікті жоймай, айыппұл төлеуді тиімді санайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенатта өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өндірістерде жиі кездесетін кемшіліктерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қанағаттанарлық емес жағдайын бірнеше мәрте айтқан болатынбыз. Инспекторлар тау-кен жұмыстарын жүргізуге, көмір қабаттарын алдын ала газдан тазартуға байланысты қауіпсіздік талаптарының жүйелі түрде бұзылатынын үнемі анықтап жүрді. Тексерулер нәтижесінде сот органдарына көмір шахталарының қауіпті учаскелерінде тау-кен жұмыстарын жүргізуді уақытша тоқтатуға талап-арыздар жолданды», - деді Ю. Ильин

Оның айтуынша, тәжірибе жүзінде талап-арыздарды қарау қорытындысы бойынша сотта қауіпті учаскелерде жұмысты тоқтату туралы шешім қолдау таппаған. Бұл ретте тек әкімшілік айыппұлдар салынған.

«Санкциялар мен салынатын әкімшілік айыппұлдар тексерілетін субъектілерге қатысты елеулі ауыртпалық болмайды. Іс жүзінде кемшіліктерді жоюға қаржы салғанша, әкімшілік айыппұл төлей салу тиімдірек деген үрдіс қалыптасты», - деді ведомство басшысы.

Оның пайымынша, жауапкершіліктің тиісті деңгейде болмауы қадағалау саласындағы іс-шараларға теріс ықпал етіп отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Төтенше жағдайлар министрі «Абай» шахтасындағы апатқа пікір білдірді.



Соңғы жаңалықтар