Министр қанша адамның жұмыссыз қалатынын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова отандық еңбек нарығына қатысты болжамын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, биыл еңбек нарығына болжам жасаудың ұлттық жүйесі құрылды. Осыған орай, тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілді. Қазіргі болжамға сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстанда орташа және жоғары біліктілігі бар мамандарға сұраныс артады. Ал біліктілігі төмен адамдарға басқа жұмыс іздеуге тура келеді.

«7 жылдың ішінде шамамен 758 000 адам еңбек нарығынан тыс қалады. Олардың басым бөлігі - біліктілігі төмен мамандар және нақты білімі жоқ жұмыс күші. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті цифрландырудың нәтижесінде біраз адамдарға жұмысты ауыстыруға тура келеді. Дегенмен, бізде жақсы жаңалық бар. Алдағы уақытта шамамен 1 миллион жаңа жұмыс орны ашылады. Соның бәрі экономиканың өндірістік әлеуеті жоғары салаларда құрылады. Бірақ аталған бос орындарға жоғары біліктілік әрі кәсіби дайындық қажет болады. Сондықтан бізге үлкен міндет жүктеліп отыр. Өйткені жұмыссыз қалған мамандарды қайта даярлап, жаңа жұмыс орындарына орналастыру қажет», - деді М.Әбілқасымова еңбек нарығының болашағына арналған xалықаралық форумда. 

Айта кетейік, бүгінгі форумның пленарлық мәжілісіне ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Үкімет басшысы еңбек нарығын дамытуға қатысты жоспарларды жариялады. Оның айтуынша, алдағы 7 жылда 2 миллион жас маман - университет пен колледж студенттеріне жұмыс тауып беру керек. 

Бұдан бөлек, шетелдік сарапшылардың баяндамаларына қатысты өз ойын білдірді. 

Соңғы жаңалықтар