Министр елордадағы түнгі клубтардың жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қоғаммен серіктестікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тұжырымдамасы аясында Астанадағы мәселелер картасын таныстырған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елорадағы түнгі клубтардың жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалада 1 мың шамасында кафе мен түнгі клуб бар. Бұл - кәсіпкерліктің маңызды саласы. Оның иелері өз клиенттерінің қауіпсіздігі үшін жағдай жасай бермейді. Онда қылмыстар, түрлі құқық бұзушылықтар жасалады. Мен күндізгі тыныштықты бұзу туралы айтып отырғаным жоқ. Өткен жылы полиция осындай 13 мың қоңырау бойынша оқиға орнына барды. Биыл - 4,5 мың. Біз бұған көп күш пен уақыт жұмсаймыз, жанар-жағармай кетеді. Патруль қызметкерлері осы мекемелердің қызметшілеріне айналды. Мәселен, елордадағы бір ғана бардан ұрлық, бұзақылық, жаппай төбелес бойынша 352 шақыру келіп түсті», - деп тоқталды министр.

Ведомство басшысының сөзінше, бұл мәселені түнгі клубтарда уақыт шектеуінің болмауы күрделендіріп отыр.

«Қазір қалада құқық бұзушылықтардың 80%-ы түн ортасынан кейін жасалады. Сондықтан мәслихат шешімімен тұрғын үйлерде алкогольді сататын ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын сағат 23:00-ге дейін, жеке тұрған ғимараттарда – түнгі 2:00-ге дейін дейін рұқсат беру ұсынылады. Әрине, бұл норма бизнестің мүддесіне әсер етеді. Дегенмен біз таразының келесі басында азаматтардың қауіпсіздігі тұрғанын түсінуіміз керек», - деп ұсыныс білдірді Марат Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар