Министр елордада жарықтың сөніп қалуын әлемдік мысалдармен түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жарықтың сөніп қалуының себебі анықталып, БАҚ-қа жарияланатын болады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жағдайға драмалық сипат берудің қажеті жоқ. Жүйелі өшу жағдайы емес, жеке сипаттағы ақау болды деп үміттенемін. Президент бұған қатысты тиісті тапсырма беріп, бұл мәселені жан-жақты тексеретін комиссия құрылды. Сөзсіз, оның бәрі БАҚ-та жарияланады», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр өз сөзінде әлем елдері бойынша бірнеше мысал келтірді.

«Осы жылдың тамыз айында ғана Англияның бүкіл оңтүстік аумағы мен Лондонның бір бөлігі жарықсыз қалды. Ондағы бағдаршамдар мен метролар, электропойыздар істен шықты. Бұл мәселе миллионға тарта адамның басынан өтті. Сонымен бірге, осы жазда Нью-Йоркте қаланың 100 мың тұрғыны жарықсыз қалған болатын. Себеп – подстанциядағы жарылыс пен өрт. Өзіміз көріп отырғандай, электр энергиясына орасан зор жүктеме түседі. Сол себепті, кейде қысым күшейіп кетіп, осының салдарынан жарық сөніп қалып жатады», - деді ол.

Еске сала кетсек, 10 қарашада түнгі сағат екіде «Левобережная» 110/10 кВ шағын станциясының 10 кВ кабель каналында өрт шығып, кабель линиясы зақымданды. Салдарынан бірқатар көшедегі абоненттер электр жарығынан ажыратыла бастады. Бұлар - Қонаев, Сығанақ, Түркістан, Алматы және Достық көшелеріндегі барлығы 25 нысан мен 7 тұрғын үй кешені. Олардың арасында Ақорда, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Министрліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы сот, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұрағат ғимараттары, «Бәйтерек» монументі бар. 11 қараша, таңертеңгі сағат 07.00-де энергия жартылай беріле бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған апатқа байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды.

Ал ІІМ жарықтың сөніп қалуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жариялады.

Соңғы жаңалықтар