Министр «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің жалғасын түсіруді тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Біздің сүйікті дәрігер - 2» атты жаңа фильмнің өндіріске жіберілуіне байланысты баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Біздің сүйікті дәрігер» көркем фильмі қазақ кинематографиясының алтын қорына енгендігін айта отырып, түсірілім тобының алдына үлкен міндет қойылғанын жеткізді.

«Бәріміз сүйіп көретін бұл картинаны жасауға сол замандағы қазақ өнерінің үздік өкілдері қатысқан. Оны Бибігүл Төлегенова, Юрий Померанцев, Ермек Серкебаев, Мүлік Сүртібаев, Хадиша Бөкеева және Шәкен Айманов жасап шыққан. Фильмнің жалғасын өндіріске жіберер алдында режиссерге Шәкен Аймановтай жоғары деңгейде түсір деп тапсырдым. Асқар Бисембиннің қолынан жақсы фильм шығады деп сенемін», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фильмнің басты кейіпкерлерінің бірін сомдайтын «Голос. Дети-4» байқауының жеңімпазы, әнші Данэлия Төлешова актрисалық қабілетін бірінші рет осы фильмде сынамақ.
null
null

«Бұл фильмді түсіру маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Шәкен Аймановтың фильмін түсіру үлкен жауапкершілік. Балалық шағымда осы картинаны көріп өстім, жатқа білемін деп айта аламын. Бірінші бөлімде туынды қысқа болса да, 8 ән орындалған еді. Жалғасқан фильмде музыка көп болады, бірақ әннің жанры сан түрлі. Қазір әндердің репертуары мен орындаушыларын іздей бастадық. Жұмысқа толықтай кірісіп кеттік», - деді режиссер және сценарист Асқар Бисембин.
null

Фильмнің сюжеті бойынша, Алматыдағы ауруханалардың бірінде үлкен мереке - сүйікті дәрігер әрі тәлімгер Николай Анатольевич Грачевтың 80 жылдығы аталып өтпекші. Бұл мерейтойға аурухана ұжымы мен бас дәрігер де дайындалады. Алайда, мерейтой иесі туған күнін атап өткенді ұнатпайды. Бұл күнді ол жалғыз қарсы алғысы келеді. Тәлімгер-дәрігерді құттықтауға министрліктен адамдар келетінін естіген бас дәрігер, жас дәрігер Қайсар мен өзінің хатшысы Жаннаға мерейтой иесін табуды тапсырады. Сіңілісін үйде жалғыз қалдыруға қорыққан Жанна оны бірге ертіп алады. Осылайша, фильм кейіпкерлерінің қызықты да шытырман оқиғалары басталады.

Фильм 2020 жылы қазақстандық прокатка шығуы жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар