Министр биылғы бидай шығымына болжамын айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы бидай шығымы туралы болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемде егіс жұмыстары уақтылы жүргізілгенін, өндірушілердің бүкіл қажеттіліктерін қамтамасыз еткенімізді ескерсек, биыл бидай шығымы 13-13,5 млн тонна болады деген болжам бар», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.

Оның айтуынша, биыл жалпы егін шығымы былтырғыдан жоғары болуы керек.

«Былтырғымен салыстырғанда егін шығымы шамамен 15-20% жоғары болады. Яғни, кейінгі бес жылда алып жүрген көлемде өнім аламыз»,- деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, министр қанттың шынайы бағасы қанша болуы керектігін айтты.

«Мысалы, қант құрағының құны - шамамен 476 АҚШ доллары. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Логистика шығындары 110 АҚШ долларынан 290 АҚШ долларына дейін 2,6 есе өсті. Аталған фактілер отандық қант зауыттарында құрақ қантының өзіндік құнының қымбаттауына алып келді. Бүгінгі таңда зауыттар 1 килограмм қантты 450 теңгеге сатады. Бұл ретте 15% көтерме және бөлшек сауда үстемесін ескере отырып, қант құны шамамен келісіне 595-600 теңге болуы қажет», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар