Министр Біртанов тегін дәрі-дәрмек мәселесін толығымен шешуге уәде етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келесі жылдан бастап тегін дәрі-дәрмек мәселесін шешуді көздейді. Жыл сайын ондай препараттар мыңдаған қазақстандықтарға жетпей жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Министрдің айтуынша, бүгінде республика бойынша тегін препараттардың 400-ден астам түрі бар. Он жыл бұрын дәрі-дәрмектердің атауы 2,5 есеге аз болған.

"Сонда біз жыл сайын тегін дәрілердің санатына жаңа препараттарды қосып отырамыз. Соңғы бес жылдың ішінде ондай дәрі алатын адамдардың саны 2,5 милионнан 3,5 миллионға дейін өсті. Әрине, осы салаға бөлінетін қаржының көлемі де артып отыр. Өкінішке қарай, мемлекет бекіткен тізім бойынша барлық дәрілер сатып алынбайды. Себебі жергілікті бюджеттерде ақша тапшы. Сосын тегін дәрілерді сатып алу мерзімі де, бағасы да әртүрлі болды", - деді Е.Біртанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы қабылданған заң аясында тегін дәрі-дәрмекті сатып алу шаралары бірыңғай жүйе бойынша жүргізіле бастады. Ағымдағы жылда барлық мемлекеттік сатып алулар ашық өтті. Соның нәтижесінде біраз ақша үнемделді.

"Ол ақшаны бір қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаймыз. Себебі аймақтардан тағы тапсырыстар түсіп жатыр. Биыл 34 млрд теңге жетпей қалды. Үнемделген ақша соған жіберілді. Сондықтан жылдың аяғына дейін барлық препараттар толық көлемде сатып алынады. Әрине, созылмалы ауруы бар науқастардың барлығын бірыңғай базаға қосқан маңызды. Рецептер де электронды түрде берілгені жөн. Сонда біз нақты сұранысты көре аламыз. Осы айда біз 2019 жылға арналған препараттарды сатып алуды бастаймыз. Демек, жылдың аяғына дейін тегін дәрі-дәрмектің бәрі емxаналар мен дәріxаналарға жеткізілетін болады", - деп атап көрсетті Е.Біртанов.

Айта кетейік, баспасөз мәслиxатында министр босанған әйелдердің өліміне себеп болатын негізгі мәселелерді атады.

 

Соңғы жаңалықтар