Министр Біртанов Ақтөбедегі өлім көрсеткіші жоғары ауру түрлерін атады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақтөбеде ана мен бала, құрт ауруы және қан қысымы дертіне шалдыққандардың өлім көрсеткіші артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов облыстық аурухананы, аудандағы аурухана мен емхана жұмысын қарап шықты. Өңірде бірнеше ауру түрлері бойынша өлім көрсеткіші артып отыр. Министр жаңа емдеу орындарының ашылуы жағдайды қалпына келтіретініне сенімді.

«Биыл Ақтөбеде ана мен бала өлімінің көрсеткіші өсіп келе жатыр. Құрт ауруы, қан қысымы дерті арасында да өлім көрсеткіші артты. Науқастар саны да көбейді. Сондықтан қажетті шаралар енгізу керек. Облысқа 8 акушер-гинеколог, 14 реаниматолог қажет. Жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсеткен жөн. Жаңадан салынып жатқан перинаталдық орталық пен туберкулезге қарсы күрес диспансері іске қосылса, осы мәселелер шешіледі деген ойдамыз»,- деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру артып, 30 миллиард теңгеге жетті. Өңірде жекеменшік медициналық орталықтар саны да артып отыр. Алдағы уақытта барлық аудандағы жедел жәрдем бір диспетчерлік орталыққа бағынады. Медицина саласын цифрландыру да басты міндетке айналды.

«Облыстағы медициналық мекемелерді компьютермен қамтамасыз ету 95 пайызды құрап отыр. Жыл аяғына дейін 100 пайыз болып, қағазсыз жұмыс істейміз»,- деді Е.Біртанов.

Соңғы жаңалықтар