Министр Бейсембаев астаналық оқушыны өз креслосына отырғызып, бата берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 180 елдің мемлекеттік туын білетін 6 жасар оқушы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін Ерген Дүйсенбек Астана қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы. 6 жасар бала Оқу-ағарту министрлігінде болып, еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаевпен кездесті. Ерген министрге өз талабын көрсетіп, осы елдердің барлығына баруды армандайтынын айтты.

«Мен әлемнің барлық мемлекетінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі – біздің елдің Туы. Есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді», – деді 6 жасар Ерген Дүйсенбек.

Оқушының анасының айтуынша, баланың туларға деген қызығушылығы 2-3 жасында пайда болған және осы жастан оларды коллекция етіп жинай бастаған. Бүгінде балақай елтаңбаларға қызығушылық танытып жүр. Ата-анасынан өз туған күніне Қазақстанның Елтаңбасын сыйлауды да өтінген.

Министр Ғани Бейсембаев дарынды жеткіншекті өзінің қызметтік креслосына отырғызып, мойнындағы галстугін де шешіп, баланың мойнына тақты. Кейін қол жайып, батасын берді.

«Үлкен жігіт болып өсуіңе және тек ата-анаңа ғана емес, бүкіл елге қамқор болатын ақылды да, батыр азамат бол», - деп тіледі ведомство басшысы.


Видеодан алынған кадр
Соңғы жаңалықтар