Министр «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауының 3 нұсқасын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы түбінде «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауының 3 нұсқасын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеуге сәйкес үш нұсқамыз бар. біріншісі – ұшақ экипажының қателігі. Екінші – ұшақтағы техникалық ақау. Үшінші – әуежайдың навигациялық қызметінің қателігі. Бүгінде 5-6 техникалық сараптама жүргізілу үстінде. Ұшақты жасаған зауыттан мамандар келді. Олар біздің сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Сараптамалар біткеннен кейін нәтижесін айтамыз», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, ұшақтың екінші ұшқысы, бір бортсерік қазіргі уақытта ауруханада реанимацияда жатыр. Ал қалған 2 бортсерік ұшақтың артқы бөлігінде отырғандықтан аман қалды.

Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.


Соңғы жаңалықтар