Министр «Байқоңырда» кабельдің ұрланғанын растады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағында кабель ұрланғандығын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Снежанна Имашева «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағында ұзындығы 2,5 шақырым кабель ұрланғандығы туралы ақпарат тарағанын айтты. Осы орайда ол ғарыш айлағы нысандарын қорғау бойынша жұмыстардың атқарылу барысы туралы сұрады.

«Шын мәнінде мұндай факті болды. Қылмыстық іс ашылып, құқық қорғау органдары бұл мәселені қарастыруда. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім шығарылады. Бүгінде аталған нысан бойынша жұмыс істейтін күзет компаниясы келтірілген шығынды өтейтінін мәлімдеді», - деді А. Жұмағалиев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат сауалына жауап бере отырып.

«Барша периметрді қамтитындай камераларды орнату бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар барша қоршауды қалпына келтіру шаралары атқарылуда», - деді министр.

Өз кезегінде Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов «Байқоңырда» мүліктің сақталуына ресейлік тарап жауапты екенін, ал қазақстандық «Байқоңыр баланс» ұйымы пайдалану талаптарына бақылап, есеп-қисап және мониторинг шараларын жүргізетенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар