Министр БАҚ өкілдеріне жасалған шабуылдар жайында: Біз әрдайым журналистер жағындамыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне жасалған түрлі шабуылдар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қыркүйек айынан бері 6 рет арнайы мәлімдеме жасадым. Ақтөбедегі оқиғадан бастап журналистердің құқығын қорғауға, оларға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенімізді айттық. Ол туралы әлеуметтік желіде де, жеке өз аккаунттарымда да баяндадым. Сонымен қатар, ол журналистермен кезедстім, сөйлестім. Мысалы, Самал Ибраевамен әңгімелестік. Сол сияқты Гүлжан Ерғалиевамен кездесіп, басқаларға да қолдау көрсетуге әзір екенімізді жеткіздік. Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Сол бойынша кейбір күдіктілер ұсталып жатыр. Сондықтан өз бақылауымызда ұстап отырмыз. Әр уақытта журналистердің жағында және оларды қолдауға әзір екенімді тағы да айтқым келеді», - деді ол.

Министр журналист Динара Егеубаеваға жасалған шабуылдың тапсырыс берушілері туралы да пайымын айтты.

«Ол бойынша қазір тергеу жүріп жатыр. Жақында қорытындысы айтылады деп ойлаймын. Жалпы 5 адамды тапты. Бірақ оларға тапсырыс беруші кім? Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да анықтап айтты. Тек қана орындаушылар емес, бұларға тапсырыс берушілерді де анықтау керек. Мұнымен құқық қорғау органдары айналысады. Сондықтан жақында жауабын білесіздер деп ойлаймын», - деді Дархан Қыдырәлі.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы журналистерге қарсы бағытталған қылмыстарды мұқият тергеуді тапсырған болатын.


Фото: ortcom.kz


Соңғы жаңалықтар