Министр ауыл шаруашылығындағы субсидия мәселесіне түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров субсидия саласында көтеріліп жүрген мәселеге жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мәселесіне тоқталсақ, шынында да бұл тақырып көптен бері көтеріліп келе жатыр. Талдауға сүйенсек, субсидиялау жөнінде 5 жыл ішінде өзгерістер мен толықтырулар 47 рет енгізіліпті. Айта кетеу керек, оның барлығы Үкіметтің немесе министрліктің тарапынан ғана енгізілді деп айтуға болмайды, бұл өзгертулер осындай талқылаулар кезінде, фермерлердің берген ұсынысы негізінде ескерілді. Әр субсидиялау қағидасына паспорт жасалады, бұл өзгерістердің көбісі сол паспорттарға енгізілген», - деді министр Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Сонымен қатар С. Омаров бұл сала бойынша Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті тапсырма бергенін, соның аясында қажетті қадамдар жасалып жатқанын атап өтті.

«Біз Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) саралауы бойынша Жасыл себетке кіретін мемлекеттік қолдау шараларын (өнім бағасын бұрмаламайтын субсидиялар) заңнамалық деңгейде 5 жылға тұрақтандыру нормасын енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді ведомство басшысы.

С. Омаров тиісті түзетулер әзірленгенін, енді Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан оларды қарастыру мен бастамашылық етуде қолдау көрсетуді сұрады.

«Субсидиялау қағидаларының жиі өзгеріске ұшырауы агроөнеркәсіптік кешен саласының жете қаржыландырылмауы мәселесімен де байланысты. Яғни, қаражат жетіспей қалады да, субсидиялардың бюджеттерін қайта жоспарлауға тура келіп жатады. Қазір жыл сайын субсидиялауға шамамен 300 млрд теңге бөлінеді, бұл ретте субсидияларға қосымша қажеттілік 100 млрд теңге шамасында деп бағаланады», - деді министр.

«Өңірлер арасында субсидия сомаларының ауытқуына келер болсақ, бұл проблема шешімін тапты. Бюджет заңнамасына өзгерістер енгізіліп, алдағы «үшжылдыққа» (2020-2022 жылдар) ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жалпы сипаттағы трансферттер бұрынғыдай өңірдің халық санына байланысты емес, өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өніміндегі үлесіне қатысты есептелді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдауға арналған шығыстардың ең аз көлемі көзделді, бұл әкімдіктерге қаражатты өңірді дамытудың басқа да мақсаттарына жұмсауға мүмкіндік бермейді», - деді Сапархан Омаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сенатор Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығында субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруі саланың дамуына кері әсерін тигізіп жатқанын айтты.



Соңғы жаңалықтар