Министр Атыраудың тұрғын үй лифтіндегі қайғылы оқиғаға пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Атырауда лифт шахтасында жасөспірімдердің қаза табу оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ол жерде 14 және 15 жастағы екі жасөспірім болды. Бұл лифт тұрғын үйде жабық тұрған. Біздің министрлікке қарасты комитет өндірістегі лифтілердің тетіктеріне жауапты. Ал тұрғын үйлерге қатыстылар облыс әкімдіктерінің жауапкершілігінде. Дегенмен де болған оқиғаға байланысты Атырау облысы әкімдігімен бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Лифті жабық тұрған, балалар қандай себептермен лифтіге кіргендігі тексерілуде. Қазіргі кезде әкімдік бөлек комиссия құрды, біз өз тарапымыздан қолдау шараларын жасап жатырмыз», - деп атап өтті министр Парламентте тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда, Ж. Қасымбек комиссия аталған қайғылы оқиға бойынша кінәлілерді анықтайтынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы жағдай Алмагүл шағын ауданындағы №19 үйде 21 мамыр күні кешкісін болған. 14 жастағы екі жасөспірім 15-қабатта жұмыс істемей тұрған жүк таситын лифтінің есігіне кірген. Сол сәтте екеуі де шахтаға құлап кеткен. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екіншісі ауруханада қайтыс болды.  

Қайғылы оқиға болған үйдегі жүк лифтісіне 2012 жылы демонтаж жасалған, есіктері дәнекерленген. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды. 

Соңғы жаңалықтар