Министр: Астана Бүкіләлемдік ойындарды өткізуге үміткер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жауынгерлік өнер түрлері бойынша Бүкіләлемдік ойындарды өткізу жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және оны балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау жайында үнемі айтып отырады. Осы орайда Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы еліміздегі спорттың дамуына өз септігін тигізеді деп білеміз. Бүгінде Астана 2021 жылы жауынгерлік өнер бойынша Бүкіләлемдік ойындарды өткізуге үміткер төрт қаланың қатарына кіреді. Осыны ерекше атап өткім келіп отыр. Біз бұл процесті жіті бақылауда ұстап отырмыз», - деді А.Мұхамедиұлы Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының I конгресінде.

Айта кетейік, бүгін елордада Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының I конгресі басталды. Аталған ұйым өткен жылы құрылған болатын. Оның құрамына олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 20 федерация кіреді. Қауымдастық төрт бағытта жұмыс істейді. Соның ішінде каратэ, күрес, толық контактылы спорт түрлері және ММА аралас жекпе-жектері бар. Ұйымды ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов басқарады. Аймақтық филиалдар 14 облыста, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында ашылған. «Қауымдастықты құрғаннан кейін бізге КВЮ аталымы бойынша каратэ киокушинкайдан чемпионатын өткізуге ұсыныс түсті. Аталған шара ағымдағы жылы желтоқсан айында өтеді деген жоспар бар», -дейді К.Мәсімов.

Соңғы жаңалықтар