Министр Алматыда заңсыз салынған нысандардың мәселесін шешу амалдарын айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда рұқсат құжатынсыз 14 мыңға жуық нысан салынған. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Ольга Булавкина рұқсат құжаттарсыз салынған құрылыс нысандарына қатысты сұрады.

Өз кезегінде Қ.Өскенбаев рұқсатсыз салынған құрылыс нысандарын заңдастыру мен сүріп тастау тәртібі заңнамада реттелгенін және бұл рәсімдер сот арқылы шешілетінін айтты.

«Алматының проблемасына тоқталсақ, соңғы кезде қалаға бірнеше аудан қосылды. Сондағы ауылды елді мекендерде заңдастырылмаған нысандар көп кездеседі. Осы орайда 14 мыңға жуық нысанға қатысты рұқсат құжаты рәсімделмеген. Басқа қалаларда осындай деректер сирек болса, ал мұнда (Алматыда) көптеп кездеседі», - деді министр.

Ведомство басшысы Алматыдағы мәселені шешудегі қадамдар нәтижелі болуы керек екенін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мүлікті заңдастыру проблемаларын шешу үшін жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссия құру ұсынылды.

«Заңдастыруға қатысты техникалық мүмкіндіктер бар. Яғни халықты дүрліктірмес үшін олар құжаттарды рәсімдейді. Егер өз бетімен салынған құрылыстар Бас жоспар аясында жол немесе басқа да инженерлік-коммуналдық желілер өткізілетін жерде салынса, онда бұл жерлерді қайтару шешімі қабылданады», - деді Қ.Өскенбаев.


Соңғы жаңалықтар