Министр АИТВ инфекциясын жұқтыру көрсеткіші жоғары 7 өңірді атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның 7 облысында адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру көрсеткіші орташа деңгейден жоғары. Үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда АИТВ инфекциясы тұрақты 0,3% сатысында сақталуда және ол еліміздің барлық өңірлерінде тіркелген. Айта кету керек, әлемдік орташа көрсеткіш – 0,7%. Мәселен, 7 облыста - Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана және Алматы қалаларда сырқаттанушылық ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары.

Ал, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан болатын өлім-жітім 6 облыста орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Ол облыстар –Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 4 есе артық», - деді Ажар Ғиният.

Министр халық арасында осы инфекцияның профилактикасы үшін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті пайдаланылмай отырғанын айтты. Ажар Ғинияттың пікірінше, олар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруда және аурудың жаңа жағдайларын анықтауда маңызды рөл атқарады.

«Түркістан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Астана, Шымкент қалаларындағы 7 үкіметтік емес ұйым ғана мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алды. Ал елде 44 үкіметтік емес ұйымдар бар. Қалған өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс соңғы жылдары бөлінбейді, бұл елдің эпидемиологиялық жағдайына ықпалын тигізетіні сөзсіз», - деп мәселе көтерді ол.

Министр мәлімдегендей, соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) инфекциясымен сырқаттанушылық 2 есеге артты.


Соңғы жаңалықтар