Министр Ахметжанов ШҚО-да баланы іздеуге қатысқандарға алғыс айтты
2022 жылғы 15 тамыз 20:43

Министр Ахметжанов ШҚО-да баланы іздеуге қатысқандарға алғыс айтты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кәмелетке толмаған Темірлан Ахмеджановты іздеуге қатысқан азаматтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

14 тамызда түнгі сағат 02:30 шамасында үйден шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған Темірлан Ахмеджанов бүгін көпір маңындағы шұңқырдан табылған болатын. Оны тапқан ШҚО Полиция департаменті арнайы жасағының қызметкері Тілек Ерлібековтің айтуынша, бала шұңқырдан өз еркімен шығуға құлшыныс білдірмеген. Жеткіншек аутизмге шалдыққаны бұған дейін хабарланды.

«Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кәмелетке толмаған Темірлан Ахмеджановты іздеуге қатысқандардың еңбегін жоғары бағалап, алғысын білдірді. Әр минут санаулы болатын. Бала табылған шұңқырдың тереңдігі үш метрді құрады. Түнгі уақытта температураның төмендігін ескеретін болсақ, оқиға қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Қазіргі уақытта іздеу операциясы аяқталды. Іздеуге 400-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды. ШҚО Полиция департаменті арнайы жасағының қызметкері Тілек Ерлібековтың қырағылығының арқасында бала аман-сау табылды. Баланы тапқаны үшін министр Марат Ахметжанов полицейді «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалімен марапаттады», - деді полициядан.

Еске салайық, баланы іздеуге полиция қызметкерлері, құтқарушылар, кинологтар, ҚР Ұлттық ұланы сарбаздары мен волонтерлер жұмылдырылған болатын.




Фото: polisia.kz



Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT