Министр Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба туралы айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі «бесжылдыққа» арналған жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Жұмыс тобын құрды. Оның құрамына қоғамдық салалық қауымдастықтар мен одақтардың басшылары, ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы халықаралық сарапшылар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ бизнес пен аграрлық ғылым өкілдері кірді. Жұмыс тобының мақсаты – жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасын дайындау. Нақ осы тұжырымдама бағдарламалық құжаттың негізін құрайды», - деді министр Үкімет отырысында.

Онда мынадай міндеттер қамтылады:

Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен молықтыру; ауыл халқының табысын өсіру; еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру; агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту.

Министрдің айтуынша, қаржының, жер ресурстарының қолжетімділігін арттыру, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, сонымен қатар оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталатын болады.


Соңғы жаңалықтар