Министр 17 желтоқсанға демалыс күні мәртебесін қайтаруды сұраған азаматқа жауап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың «Ашық диалог» порталындағы блогына 17 желтоқсанға демалыс күні мәртебесін қайтару туралы өтініш түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сізден 17 желтоқсанға «демалыс күні» мәртебесін қайтару мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын. 25 қазан – Республика күні демалыс болып бекітілді. Бірақ 1 және 17 желтоқсан демалыс күндері тізімнен алынып тасталды. Мен түсінемін, бәлкім, Еңбек министрлігі жұмыс уақыты мен демалыстың теңгерімін назарға алған шығар. Дегенмен біз, Қазақстан Республикасының азаматтары 17 желтоқсанның әрқашан «ұлттық мереке» мәртебесінде болғанына үйреніп қалғанбыз», - деп жазды хабарлама авторы.

Бұған қатысты жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі елде атап өтілетін мерекелердің құқықтық негіздері «ҚР Мерекелер туралы» Заңымен реттелетінін мәлім етті.

«Қазақстан Республикасында атап өтілетін мерекелердің құқықтық негіздері «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңымен реттеледі. 16 желтоқсан - бұл 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты күн болғандықтан, мемлекеттік мереке. Бұл орайда еске алу күндері 17-18 желтоқсан. Осыған байланысты 17 желтоқсанды мемлекеттік мереке ретінде атап өту орынсыз деп санаймыз», - деп жауап берді министр Тамара Дүйсенова «Ашық диалог» порталындағы өтінішке.


Соңғы жаңалықтар