Міндетті медицина­лық сақтандыру қызмет сапасын арттырады - Ақмола облыстық қан орталығының бас дәрігері Қалымжанов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Міндетті медициналық сақтандыру қызмет сапасын арттырады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісімен әңгімеде Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық қан орталығының бас дәрігері Сәкен Қалымжанов айтты.

- Сәкен Қалымтайұлы, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның күшіне енетіні белгілі. Заңның тұрғындар үшін тиімділігі неде екенін түсіндіріп өтсеңіз?

- Жаңа заңның атауы айтып тұрғандай, аталмыш заңның халыққа, әсіресе, қарапайым тұрғындар үшін пайдасы баршылық. Жалпы Үкімет соңғы жылдары елімізде медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру бағытында ауқымды шараларды жүргізіп келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру да осының бір белесі. Осыған дейін медицина саласы тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана қаржыландырылып келді. Бюджет қаржысы шектеулі екенін ескерсек, енді жаңа заң аясында сол қаражатқа қосымша қаржыны әр адам өзі төлейтін болады. Яғни, жұмыс беруші әрбір қызметкердің айлығының 1 пайызын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударып отырады.

Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарында медициналық сақтандыру қорына бөлінетін ақша көлемін 1-ден 1,5 пайызға,  2023 жылға дейін 2 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Бұл дегеніміз медицина саласына бөлінетін ақшанының ұлғаятынын білдіреді. Ендеше медициналық мекемелер жағдайы дұрысталып, білікті дәрігерлердің саны артатыны сөзсіз. Бұл түптеп келгенде қарапайым халық үшін көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы жақсартуға апаратын қадам.

- Аталмыш заңда халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары да ескерілген екен. Олар үшін медициналық сақтандыру қорына қаржы құюды мемлекет өз мойнына алуды көздеп отыр. Осы жағынан кеңірек тоқталып, айтып өтсеңіз?

- Иә, бұл заң әлеуметтік жағынан аз қамтылған халықтың мүддесін де ескеріп отыр. Халықтың әлеуметтік әлсіз тобына кәмілетік жасқа толмаған балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, оқушылар, көпбалалы аналар, студенттер және әскери қызметкерлер енгізіліп отыр. Олар үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан төленетін жарнаның мөлшерлемесі еліміздегі орташа айлық жалақының 3,75 пайызына тең болмақ. Жалпы, мемлекет өз қамқорлығына алатын 15 топқа бөлінген 10 миллионға жуық адам бар.

Ал тегін медициналық көмекке келетін болса, кез-келген адам өзіне көрсетілетін тегін медициналық қызметтің сапасына қатысты өтініш-тілегін жеткізе алады. Осы мақсатта қор ішінде заңгерлер жұмыс істейді. Олар азаматтардың өтініш-тілектерін есепке алып қана қоймай, науқастардың ауру тарихын зерттеп, бақылауда ұстайды.  Бұл медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған шара.

-Тегін көмек алуы үшін тұрғындар не істеуі қажет. Қайда барып тіркелуі керек. Осы жағын нақтырақ түсіндіріп өтсеңіз?

- Қандай да бір себептермен қорға жарналар төлей алмайтын азаматтар тек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ала алатын болады. Ол дегеніміз жедел медициналық көмек, жедел жәрдем. Дегенмен, Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу міндетті болып табылады. Бұл әрбір азаматқа қойылатын талап. Әйтсе де, барлық азаматтардың емделу орнын еркін таңдау құқығы бар. Осы себепті ең бастысы кез-келген адам өзінің үйіне жақын орналасқан емханаға барып тіркелуі керек. Жай ғана тіркеліп қоймай өзінің осы санатқа жататын білдеретін құжаттарды көрсетуі керек. Мысалы, зейнеткер зейнеткерлікті білдіретін құжатын көрсетсе, жұмыссыздар жұмыссыз екенін білдіретін анықтамасын алып келуі керек.

- Ақпараттық түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Адамдардың санатын анықтауда қиындықтар бар ма?

- Түсіндіру жұмыстарына келетін болсақ, осыған бекітілген арнайы адамдар тобы жұмыс істеуде. Олардың арасында әкімдік, медицина саласының қызметкерлері бар. Қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар. Олар өз мәртебесін анықтап, медициналық көмексіз қалмауы үшін жақын жердегі емханаларына барып тіркелуі тиіс.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар