Міндетін орындай алмайтын ЖОО-лар мен колледждер қысқартылуы мүмкін - Сапарбаев

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қостанай облысының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірге сапармен келген Үкімет мүшелері жастармен кездескен болатын. Облыстық филармония ғимаратында жалғасқан бүгінгі кездесудің басты тақырыбы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтарды түсіндіру.

Б.Сапарбаев білім, денсаулық, АӘК, бизнес, әлеуметтік медициналық сақтандыру салаларына бөлінген қаржылар және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен тарқатып өтті.

«Егемендік алғалы елдің ұстанып келе жатқан саясаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Соған байланысты түкпір-түкпірінде кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болып, балабақша мен мектептердің саны көбеюде. Өздеріңіз естіп жатқан боларсыздар, «Халық денсаулығы туралы» Кодекстің жобасы Парламенттің қарауына жіберілді. Соған сәйкес, алдағы жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастайды. Қазіргі қолданыстағы жүйе бойынша тегін көрсетілетін қызметтер сол қалпы сақталып қалады. Сақтандыру жүйесі қосымша қызметтерді қамтиды. Жаңа жүйе бойынша халықты дәрі-дәрмекпен қамту, медициналық оңалту қызметтері жетіле түседі. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін барлық елді мекендерде ең кемінде медициналық бекет немесе емхана болуы тиіс. Мұнан бөлек, апатты жағдайдағы барлық медициналық мекемелер жөнделеді әрі олардың материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға сәйкестендіріледі. Баспана алу үшін 10-15 жыл кезекте тұрудың қажеті жоқ. «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер кілтін иеленуге болады. Бір сөзбен айтқанда, еңбектеніп, лайықты өмір сүремін дегендер үшін барлық жағдай жасалып жатыр», - деді ол.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары атап өткендей, Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – экономика қарқынын төмендетпеу. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы өсім 4,5 пайызға тең. Өткен 10 айдың ішінде 369 мың қазақстандық жұмыспен қамтылған. Бердібек Сапарбаев білім саласына қатысты өзгерістер туралы сөз етті.

«2020 жылы ұстаздардың жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Сонымен қатар, қазір 3 ауысымды мектептер мен апаттық жағдайда деп танылған оқу ошақтарының проблемаларын шешуге көңіл бөлініп жатыр. Соңғы уақытта жоғары білім сапасы ақсап барады. Ел бойынша 132 университет бар. Бірақ, барлығы бірдей білікті кадрларды даярлай алмай жатыр.Үкімет комиссиясы осы бағытта қыруар шаруа атқаруда. Жүктелген міндетті орындай алмайтын университеттер мен колледждер қысқартылуы мүмкін», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Соңғы жылдары дене шынықтыру мен бос уақытты өткізуге арналған нысандар ашылып жатыр. Әсіресе, басымдық елді мекендерге берілуде. Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жасалған. Еске салсақ, аталмыш бағдарлама арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологиясы қолға алынбақ.

Кездесу соңында жиылғандар вице-премьерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын да жеткізді.

Соңғы жаңалықтар