«Міндет айқын, меже белгілі» - баспасөзге шолу

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде тамыз айының екінші жартысында жарияланған өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Тамыз айының он алтыншы күні шыққан газеттің кезекті санында «Ауылыңызға барып тұрасыз ба?»атты мақала жарық көрді. Онда ауылдағы ағайындардың ахуалы жайлы айтыла келе, қаланың қауырт тіршілігінен қолдары босамай, ауылға ат басын сирек бұратын ағайындарды елге қарайлап, еске алып жүруге шақыру үшін жасалғанын айта кеткен жөн.

«...Тілші: Көбіміздің ауылға ұзақ уақыт ат ізін сала алмай жүргеніміз рас.  Сіздер, ауылдарыңызды еске алып, жиі барып тұрасыздар ма?

Жақсылық Ақтан: Мен ауыл десе ішер асымды жерге қойып, болашағына алаңдап отыратын жанмын. Ауылыма мейлінше жиі баруға тырысамын. Бәріміз ауылдан шықтық. Бұрынғы ауылдардың тұрмысы бір-біріне ұқсас болғанымен, бүгін олардың жағдайы әртүрлі. Сол ауылдардың айырмашылығын, артық кеткен, не кем түскен жерлерін байқап жүремін. Біздің ауыл қаладан 35 шақырым жерде. Бүгінгі күні ауылда 154 үй түтін түтетіп отыр. Мал шаруашылығын дамытып, 680 жылқы, 560 қара мал және қой-ешкі өсіреді. Оның барлығының санын айтып отырғаным, осынша малға жайылатын жер керек. Ауыл тұрғындары малдың қыстық азығын жинау мен жаздық жайылым жағынан таршылық көрмеуі керек. Ал қазір ол жерге сырттан келген инвесторлар иелік етуде. Олар жерін жыртып, егінін егіп өз қалталарының қамын ойлайды. Қарапайым халыққа тек жер үлесі үшін  пайын ғана береді. Онысы үшін оларды кінәлай да алмайсың. Бір отбасында 5 адам болса, ол үйге 1,5 тонна астық беріледі. Біздің ауылда солай. Басқа ауылдың егін егетін адамдары елдің малының санын есепке алып, оларға қанша жер керектігін қадағалайды. Шабындық жер мен жайылымға қолайлы жерді қалдырып жататынын да көзімізбен көріп жүрміз. Біздің ауылдың бүгінгі жағдайы олай болмай тұр. Біз шөпті көрші Қараөзек ауылының тұсынан шабамыз.

Біздің ауылдың өзін-өзі сақтап тұрғаны - әйтеуір жанымызда зауыт бар. Ауылға аз да болса соның септігі тиіп жатыр. Ауыз су мәселесі мен жол жөндеу жағынан қол ұшын беріп, көмектеседі. Ал, ауылды сақтап қалу үшін не керек деген сұраққа келетін болсақ, алдымен оның қалай күн көріп отырғанына назар аударуымыз керек. Ол жері мен малы арқылы ғана жан бағып отыр. Бірақ, ол екеуінің де қазір елге берері шамалы. Малдың жүні мен терісі өңделмей далада қалады. Етін өткізу өте қиын. Екі жыл баққан сиырың 100 мың теңге ғана шығарып, арзанға кетеді. Сүтіне келетін болсақ, орташа есеппен 7-8 литр сүт алады. Ал, оның бір литрі 50 теңге ғана. Сиырдың бір күндік сүтін 350-400 теңгеге өткізесің. Сауылған сүттің бәрін сата алмайсың. Қысқа қайнататын құрты, жинайтын майы, күнделікті ішіп-жейтін ірімшігі мен айраны, тағы да басқасы бар. Айналып келгенде мал өсіру өзін-өзі ақтамайтын болған соң тұрғындардың көбі қалаға көшкісі келеді. Көшіп те жатыр.

Мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданында тұрдым. Ауданның жартысы кеңшар болды да, жартысы ұжымшар еді. Қайта құру кезінде кеңшарлардың түгі қалмай құрыды. Ұжымшарлар өздерін сақтап қалды. Себебі, бұрын кеңшарларға үкімет бюджетінен сұрағанынша қаржылай көмек көрсетіліп отырды. Олар соған сеніп, белшесінен қарызға батты. Түптің-түбінде біреуі де қалған жоқ. Қазір барсаң ұжымшарлар сол қалпы тұр. Бірақ, қазір ауылдарды сол ұжымшардың жүйесімен жүргізіп, тұрмысын солай қарай бұра алмаймыз. Ол жүйе келмеске кеткен. Қазір тек несие мен салық жүйесін жетілдіру керек. Халыққа берілетін несиенің оңай жолдарын, салықтың жеңілдіктерін қарастыру керек. Жоғарыда айтып кеткен жайылым мен шабындық жерлерді дұрыс бөлуіміз керек. Және көп ауылдарда шөп шабатын техниканың болмауы да бүгінгі күні шешуін таппай тұрған мәселе. Осының бәрін оң жолға қойса ғана ауылды сақтап қала аламыз. Және әр ауылдың көш бастайтын белсенділері болғаны жақсы. Баяғыда Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылы құрып бара жатқан тұста Сергей Звольский деген азамат «Астық-STEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, құлдырап бара жатқан ауылды қайта жандандырды. Сол сияқты әр ауылдың ішінде атқамінер азаматтар баршылық. Тек оларға көмектесе білуіміз керек.      

Тілші:  Нартай Жұматайұлы, пай туралы толығырақ айтып берсеңіз. Ол неге әр ауылда әртүрлі?  

Нартай Ысқақов:  2003 жылы қаңтардың бірінен бастап күшіне енген заң бойынша халық өзіне тиесілі жерді белгілі бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беріп, жерден алған өнімінің үлескері болды. Мысалы, он миллион табыс тапқан болса, салық төлегеннен кейінгі қалған қаржының 20 пайыздайын жер иелеріне бөлініп берілуі керек. Бірақ, ол әлі орындалып жатқан жоқ. Жұртқа егін бітік шықса да, нашар шықса да жыл сайын бірдей мөлшерде пай беріледі. Ал пайдың заң жүзінде қанша берілуі керектігін ешкім есептемейді. Ол үшін пайдың әр жылғы үлесін есептейтін арнайы тексеру комиссиялары құрылуы керек. Ол комиссия серіктестіктің шығыны мен кірісін тексергені жөн. Қазіргі жасап жатқандары халықты алдау. Мысалы, «Зеренді-астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлкен холдингтың құрамына кіреді. Ол холдинг бұларға жанар-жағармайын беріп, керек-жарағымен қамтамасыз етеді. Бірақ, мұның бәрін қымбат бағамен жасағандықтан, серіктестіктің табысын азайтып отыр. Сондықтан, пайдың мөлшері әр жерде әртүрлі. Осыны бір жобаға келтіру керек. Зеренді ауданында пайды біркелкі қылып, бір гектар егістікке 40-50 келі арпадан берілсін деп келіскен едік. Бұл халықтың  бұрынғы алып жүргенінен едәуір жоғары десек те, аздық етеді.

Пайдың әр жерде әр түрлі болуы жер көлеміне байланысты. Айталық, 1993-1994 жылдары ауыл шаруашылығы жерлері жекешелендірілгенде совхоз көлеміндегі жерді совхоз халқының санына бөлді. Сондықтан, жер көлемі бірыңғай емес. Сарыөзек ауылының жері аз, халқы көп болуына байланысты алатын пайы да төмен. Бірақ, екеуінде де берілетін пайлары көбірек болса екен дейсің.

Бұрын жұрттың көбі жерлерін «ҚазЭкспортАстық Холдингі» акционерлік қоғамы сияқты ірі холдингтерге беруге тырысатын. Ол холдингтердің пайлары да жоғары, экономикасы да жақсы еді. Бүгінгі күні олардан гөрі жекеменшік жер иелерінің жағдайлары жақсы. Зеренді ауданында 10 мың гектарға дейін егін егетін адамдар бар. Болашақта холдингтерге қараған ауылдардың тұрмысынан  жеке кәсіпкерлерге қараған ауылдардың жағдайы жақсы болуы мүмкін.
Жері үшін пай алатын Зеренді мен Сандықтау аудандары ғана. Зеренді ауданының 45 пайызы және Сандықтау ауданының 69 пайызы үлескерлердің жерлері болып есептеледі. Басқа аудандарда пайдың мәселесі мүлде жоқ деуге болады. Жердің бәрі не жекеменшікке өтіп кеткен, не болмаса мемлекет қарауына алынған. Сосын үлескерлік жерлер қазіргі күні өте тиімсіз. Мысалы, банктен несие алғың келсе әр жер иесінің қолын жинауың керек. Кейбір жер иелері ауылдарынан көшіп кеткен. Оларды басқа қалалардан іздеп жүріп, қол қойдырып, не үшін несие алғалы жүргеніңді айтып түсіндіруің керек. Ауыл тұрғындары үшін ең абзалы кәсіпкерлікті дамыту. Әсіресе, шағын ауылдарға кәсіпкерлікпен айналысқан жөн. Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту керек.
Мен ауылға барған сайын тұрғындардың жағдайы келсе қалаға көшіп кеткісі келетінін көрем. Бәрі тек қаржы жинап алып, кетуге дайын тұрады.

Тілші: Кейбір адамдардың туып-өскен ауылын тастап, үдере көшудің сыры неде?

Нартай Ысқақов: Бәрінің арманы қалаға бару. Өйткені, қалада барлық жағдай жасалған. От жақпайды, су тасымайды, тіпті, кірдің суын да төкпейді. Бірақ, ауылдағы үйіне су тартып, қаладағыдай жағдай жасап алуға да мүмкіндік бар. Бәрінде болмаса да, біразының соған жағдайы жетеді. Мен Сәкен Сейфуллин ауылының бір жігітіне «Сенің жағдайың бар ғой. Үйіңді жөндеп ал. Қаладағы менің үйім мен сенің үйіңнің еш айырмасы болмайды. Осыны сен бастап ауылдастарыңа үлгі көрсетші» деп ақыл айттым. Міне, енді оған қарап ауылдың басқа тұрғындары да үйлерін жөндеп, ішіне су тартып, канализация қазып, өз жағдайларын жасап жатыр. Бұл жақсы емес пе? Ауылдың психологиясы қызық. Ауылда тұрды ма, оның үйі нашар болуы керек, суды сырттан тасуы керек. Кірдің суын қолмен төгу керек деген сияқты ойлайды. Және содан қажыған. Ал жағдайын қаладағыдай жасап алуға бара қоймайды. Бұл бірінші мәселе болса, екінші мәселе ауыл мен қаланың арасындағы жолдың нашарлығы. Екі ортада жүру қиямет. Мысалы, Омбы қаласының тұрғындары 40 шақырым жердегі жанға жайлы, ауасы таза саяжайларында тұрады. Жұмысына еш кедергісіз барып келеді. Ал мына тұрған Бірлестік, Сәкен Сейфуллин ауылдары 30-35 шақырымда орналасқан.

Біздің жолдармен күн сайын қатынап көріңіз. Өзіңіз қиналып, көлігіңіз қирайды. Біздің бағдарламалардың өзі қала халқына негізделіп жасалған сияқты. Қазір көптеген жақсы-жақсы мемлекеттік бағдарламалар бар. Әттең, солардың дені қала халқының ғана жағдайы үшін жұмыс істеп тұр. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық бағдарламасын жаңғырту бағдарламасы қаладағы ескі үйлерді қайта жөндеу үшін үй иесіне ешқандай девальвациясыз 10-15 жылға қаржылай көмек береді. Осындай бағдарламалар ауыл тұрғындарына да керек. Олар да үйін жөндеп алсын, жағдайын жақсартсын.
Ауыл қалаға тоқтаусыз көшіп жатыр. Қазір Көкшетау қаласында 13 500 адам жер алуға, 8 500 адам пәтер алуға кезекте тұр. Жапатармағай қалаға көшкенімен, қалада олардың бәріне жететін жұмыс орны жоқ.

Ауыл тұрғындары үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие беріліп жатыр. Бастапқыда 3 миллион теңге еді. Қазір оның да ақшасы азайып қалды. Бірақ, соны алғанша жұрттың діңкесін құртады. Ол үшін кепілдік керек. Ешқандай мал-мүлкің болмаса, оны да ала алмайсың. Егер несиені алу жолдарын жеңілдетіп, ол адам мал өсіріп, үйін жақсартып алса, ол ауылдан ешқайда кетпейді.
Ауылдың шетіне келіп, көз салып қарап тұрсаң, адамдар таңнан кешке дейін су тасиды. Кім тұрғысы келеді ондай жерде. Бүгін кішкентай ауылға су тартқаннан, миллиардтап ақша бөлінетін жобаларды жүзеге асыру оңай. Халықтың санына қарайды. Сен бәленше ауылға су құбырын тарт дейсің, ол жерде бас-аяғы 500 адам тұрады дейді. Бір ауылға су  тарту 500 миллион теңге тұрады. Сен бір адамға 1 миллион бер деп айтасың, бұның қалай дейді. Сонымен, әңгіме тәмам. Мен мынау Қызылсая, Сәкен Сейфуллин ауылдарына қанша жыл су тартсам деп жүрмін, бірақ, мүмкіндік барған сайын азайып барады. Өйткені, халық кетіп жатыр, ал, су тарту қымбаттап бара жатыр. Бұрын 150 миллион болса, қазір 590 миллион теңге болып кеткен. Оны аудан мен облыстың бюджеті шеше алмайды. Республика деңгейінде қаралу керек. «Ақбұлақ» деген бағдарлама арқылы істеуге болар еді, бірақ, ол бағдарлама бойынша суды үйдің ішіне енгізу керек. Ол жағдайда бағасы тағы да қымбаттай түседі. Сонымен, бұл бағдарлама шағын ауылдар үшін жарамсыз болып қалды.

Зеренді ауданында Дөңгілағаш, Қараөзек, Биіктесін, Қызылағаш, Жаңатілек сияқты кішкентай ауылдар бар. Ол ауылдарда бір-бір скважинадан ғана бар. Оның басында біреуі кеп малын суарып жатса, екіншісі ауыз су алып жатады. Мал мен адам мидай араласып жатады. Осыған жаның ашиды. Ауылға екінші скважина қазу үшін қыруар қаржы керек. Оны облыстық бюджет аудандық бюджеттің көмегімен жүзеге асырыңдар дейді. Ал, ауданда соқыр тиын да жоқ. Ауданда ақша бүгін ғана емес, бұрыннан жоқ. Үлкен ауылдардың мәселесін шешу жеңіл. Мысалы, Астананың түбіндегі Қоянды ауылында баяғыда 5 мың адам болған. Бүгін халқының саны 120 мыңға жетті. Әрине, оларға су тарту да, құдық қазу да жеңіл. Ондай ауылдар өркендей береді. Ал кішкентай ауылдар құрып бара жатыр. Сондықтан, кішкентай ауылдарға арналған бағдарламалар ойлап табу керек. Ауылдар көше берсе, Егіндікөл ауданы сияқты болып қалады.

Ол ауданның халқының саны 6200. Оның жартысы мемлекеттік қызметкерлер.  Жеріне 300 мың гектар ғана егін егеді. Ол жерде ешқашан кәсіпкерлік дамымайды. Ауылды жерде мал өсіру үшін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар. Халыққа несие береді. Жақсы жеңілдіктері де бар. Бұл жерде халық неге жұмыс істемейді, неге енжар деген сұрақ туындайды. Себебі, ауылда жастар жоқ. Ең жас дегендері 40-45-те. Оларға қазір түк керек жоқ. Олар балаларын қалай оқытамыз деп алаңдап отырған адамдар.

Өйткені, ауыл мектептері жабылып жатыр. Ауылда бастауыш мектеп болуы үшін 5 оқушыдан кем болмауы керек. Енді өзіңіз ойлап көріңіз. Қақаған қыста, бораған боранда кішкентай баланы күн сайын 15 шақырым жердегі көрші ауылға тасу оңай ма? Не оқу оқымайды, не ұйқысы қанбайды, не тамақ ішпейді. Еленовка ауылына көрші Қарағай ауылының балаларын таңғы алтыда алып кетеді. Оларды апарып тастап, екінші ауылдың балаларын сағат жетіден әкеледі. Сөйтіп, таңғы 6-7-де барған бала екі сабақ үшін кешке дейін жүреді сол мектепте. Соны білетін әке-шешесі баласын қаңғыртып қоя ма? Қалаға көшеді де кетеді. Ал, негізгі мектеп 41 баладан кем болса, бастауыш мектепке ауыстырады. Көкшетауға тиіп тұрған Дөңгілағаштың өзінде биыл 37 оқушы бар. Сол үшін мектептерін жабамыз деп жатыр. Мектеп жабылса, ауыл да көшеді.
Денсаулық сақтау саласы да мәз емес. Бір медбике стандарт бойынша 800 адамға қызмет ету керек. Біздің бір ауылда да 800 адам жоқ. Сол үшін ауылдардағы медпункттерді жабу керек дейді. Мектеп болмаса, алда-жалда ауырып қалсаң, емшара көрсетіп, екпе егетін медбике болмаса ондай жерде кім тұрақтайды?

Еуропаның кейбір елдерінде әр 3-4 шақырым сайын хуторлар бар. Айналасы екі-үш үй ғана отырып, мал шаруашылығымен айналысады. Өте қолайлы. Біздің ауылдар да сондай хуторлар іспетті ғой. Анау тұрған Биіктесін ауылын алайық. Малыңды шығарып, жайып жібер. Қандай рахат. Бірақ, олай болуы үшін ауыл мен екі ортадағы жолды қыс бойы тазаламаймыз. Қарға көміліп жатқаны. Осының бәрі ауылдардың құрып бітуіне алып барады. Бірақ, мұны қолдаушылар да бар. Иван Адамович Сауэрдың пікірінше кәсіпкерлікпен айналысу дұрыс емес. Ондай болмауы керек. Үлкен фирмалар ғана жұмыс істеп, солардың тасы өрге домалауы керек. Оның ауылында бірде-бір адам сиыр ұстамайды. Сауэрда жұмыс істейді. Сүтін де, жалақысын да содан алады.

Біздің облыстық мәслихатта ауыл шаруашылығы комиссиясы бар. Мен соның төрағасымын. Осы комиссияның іссапарымен Атбасар ауданының «Бас-тау» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болдық. Ол облыс бойынша мал өсіруден көш басында тұр. Бірақ, ол жердің 1200 халқы бар болғанымен жекеменшік малдары өте аз. Бүгін серіктестіктің шаруасын дөңгелетіп отырғанымен ертең ол серіктестіктің экономикасы тұралап қалса, халқы кедейшілікке ұрынады.        

Совет Балтабаев: Бүгінгі талқылап отырғанымыз ендігі жағдайда не істеу керек деген сұрақтың айналасы ғой. Иә, бәрі басынан былықты. Әнеу бір жылдардағы жекешелендіру дұрыс жүргізілмеді. Сол кезде кеткен қателіктің кесірін енді тартып жатырмыз. Еліміз бай, жеріміз кең дейміз. Астындағы байлықтың қайда кетіп жатқанын құдай біледі.

Бұрынғы болған мал қоралар қайда қазір? Қабырғасы да қалған жоқ, бұзылды, қирады. Бір жылдары соның бәрін қалпына келтіру үшін ауыл жылы деп те жариялады. Одан не шықты? Қағаз жүзінде ғана анау өтті, мынау болды деп жылы жауып қоя салдық.
Ауылды енді қалпына келтіру үшін нақты жоспарлар мен бағдарламалар керек. Кәсіпкерлікті дамыту үшін ауылдағы ағайынға жаңа техника, жақсы тұқым керек. Оның бәрінің бағасы удай. Малмен айналысу үшін де сондай қиындықтар көп. Асыл тұқымды мал алу деген тіпті мүмкін емес нәрсе. Ол үшін тағы да несие беріп, салық жүйелерін жетілдіру керек. Салық халыққа тиімді болуы керек. Кенедей жабысып, сүліктей сорудың қажеті жоқ. Бюджетті толтыру керек дейтін шығар, оның әдіс-тәсілдері жетерлік. Мен өзім Чкалов ауданы тарағанша 5 жыл салық инспекциясының бастығы болдым. Сол себепті, салық салудың жолдарын жақсы білемін.
Ауылдарды сақтап қалуымыз керек. Сырттан инвесторлар тартамыз ба, шаруа қожалықтарын біріктіреміз бе, әйтеуір барымызды салуымыз керек.

Нартай Ысқақов: Ауылдардағы шаруа қожалықтарын біріктіру үшін кооперация құру керек деген сөзді көп естимін. Оны қалай біріктіресің? Бір ауылда тұрған ағалы-інілі екеуі бірікпейді. Оны біріктіру үшін міндетті түрде экономикалық тетік керек. Қазір заң қабылданды, бірігіңдер, істеңдер деген құрғақ сөз жүрмейді. Кооператив құрса, оған жеңіл несие беру керек. Халықты ынталандыру керек. Сосын бірігіп техника сатып алатындай мүмкіндік жасаған дұрыс. Мысалы, облысымызда субсидия алу арқылы 185 кооператив ашылды. Ауылда қара мал ұсақталып кетті ғой. Енді соны асылдандыру үшін жақсы бұқа алуға үкімет 154 мың ақша береді және қожалықтағы 30 сиыр сол бұқадан шықса, әр бұзауға 18 мың теңгеден ақша төлейді. Енді ауылдағы бүкіл малды кооперативке жазып, араларынан бір жігітті басшысы қылып сайлап, ол текті бұқа алса. Ауылдағы 400 сиырдың бәріне 18 мыңнан ақша түседі.  Міне, осыны біз Зеренді ауданында бастап едік, қазір облыс бойынша жақсы дамып келеді. Мұның кәсіпкерлікке ешқандайда қатысы жоқ. Бұл үкімет тарапынан беріліп отырған субсидия. Мұның көмегімен ауылдағы мал асылданады. Бірақ, мұның да кем тұстары бар. Ауылдағы ағайын бұқаның етті тұқым екендігін айтып, ал, оларға сүтті тұқым керек деп шағымданатындары да бар. Сол үшін сүтті тұқымды бұқа алу үшін субсидия берілсе екен. Енді кооперативтер ашылса да, қара халықты осы жерде де алдап кеткісі келетіндер бар. Малыңыз кооперативте ме, оны бағу үшін бақташыға төленетін ақшаны да кооператив төлеу керек. Бірақ, бізде ол жүзеге асып жатқан жоқ. Осы жөнінде маған шағымдар түсіп жатыр. Ол алдағы уақытта шешілетін шаруа.

Кәсіпкерлердің бірігуі үшін жеңіл несиелер берілуі керек. Қазір егін оратын, шөп шабатын мықты техникалар бар. Олар күніне 300 гектар жерді ора алады. Оны алсақ, жақсы болар еді. Бірақ, бағасы қымбат. Сол үшін 4-5 адам қосылып алуға болар еді. Ондай көлігің болса, арақ ішіп, жұмыс істемей қашып жүретін жұмысшыларыңның соңынан салпақтап жүрмейсің. Міне, соны алу үшін де несие керек. Ең бастысы, кооперативтерге несие беруді ойластыру керек.

Жақсылық Ақтан: Сіз айтып өткен хуторларды мен Финляндиядан көрдім. 3-4 үй ғана тұрады екен. Олар сегіз сиыр ұстайды екен. Сол сегіз сиырмен қаланың бір ауданын сүтпен қамтамасыз етеді. Бір сиыры күніне 80 литр сүт береді. Басында сенбеп едім. Сиырын көргенде сендім. Желіні қазандай.
Сиырлары ырғатылып, желінін сүйретіп әрең жүреді. Ал, жайылым жері өте кішкентай. Оның өзін  12 вольттық сыммен жетіге бөліп тастаған. Бүгін бір бөлігінде жа-йылса, ертең екінші бөлігінде оттайды. Сөйтіп, бір айналып келгенше, бірінші күні оттаған жері қайта жайқалып тұрады.

Тілші: Жаңағы айтылған мектептердің мәселесіне келсек, әрине айналдырған үш-төрт оқушыға бола мұғалім ұстап, мектептің жарығы мен жылуына ақша шығару тиімсіз. Сол үшін аудан орталықтары мен үлкен ауылдарда интернаттар ашса қалай болар екен?

Нартай Ысқақов: Осы жерде отырған адамдардың бәрі де интернатта оқығанбыз. Алайда, бүгінгі ата-аналар балаларын интернатқа бергісі жоқ. Мен ауылдарға жиі барып, халқымен сөйлесіп жүремін ғой. Сонда бірде- бір ата-ана баласын интернатқа беруге келісім бергенін көргем жоқ.

Жақсылық Ақтан: Береді. Бермей қайда барады?! Олар дым түсінбейді. Интернат бар ғой, адамды өмір сүруге бейімдейді. Маңайдағыларымен  тіл табысуды, көпшіл болуды үйретеді. Сосын досың көбейеді. Интернатта оқығанның бәрі дос, бәрі таныс болып кетеді. Әй-шәйға қарамай балаларын интернатқа бергізу керек.

Нартай Ысқақов: Аға, қазір елдің психологиясы өзгеріп жатыр. Жекешелендіру жүріп жатыр. Біреу біреуді ойламайтын болып барады. Тіпті, қазіргі жастарда дос деген жоқ. Заман өзгеріп жатыр.  

Асылбек Есмағамбетов: Мен өзім басқарған ауыл туралы айтайын. Ол жерде ешкім де бірлесіп жұмыс істемейді. Ондайға келіспейді. Өйткені, ертең олар несие алады, оны бөліп алу керек, төлеу керек, өтеу керек. Осы жағына келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмайды. Бірақ, ел ішіндегі кәсіпкерлерді көбейтуіміз керек. Соны қолдау керек. Баратайда 46 белорусь тракторы, оннан аса жүк көлігі бар.  Оның бәрі жұмыс істеп тұр. Қазір жер мәселесі шешіліп жатыр. Мынау Баратайда инвестор жоқ. Жеріне егін себілмей тұр. Ол жер кәдімгі боз болды. Халық шауып алып жатыр. Ал, ертең инвестор табылып жатса, ол жерге егін егіледі. Халық малын бағатын, шөбін шабатын бір гектар жер қалмайды. Баратай ауылында 360 бас жылқы, 440 бас қара мал, 1200-дей қой бар. Осыларға үкімет нормасымен есептесек 6260 гектар жер керек. Баратайдың барлық жері 5500 гектар ғана.
Біздің ауылда бір адамға 4 гектар үлес келеді. Жеріміз «Еленовка-Агро» жауакершілігі шектеулі серіктестігінде. Олар гектарына 600-700 теңге ғана береді. Көрші Ақан ауылында да солай. Есептей беріңіз. Олардың пайы 3500 теңгедей ғана. Бұл масқара ғой. Сондықтан да, жұртты пайға жаутаңдатып қоймай, ол жерге мал өсірсек, техника алсақ, елдің жағдайы жақсарар еді. Ел ішіндегі жігіттер өссе, техникасы болса, ертең жолды тазалайды, су да тартады. Қазір Ақан мен Баратайда мал алып, үйлерін жөндеп, техника сатып алып жатқан жігіттер бар. Олар да барынша тырмысып жатыр. Солар өсе бергенде жерін алып қойсақ, тамырына балта шабылады.  

Нартай Ысқақов: Жерлеріңізді сақтап қалу үшін шаруа қожалықтарын ашуларыңыз керек. Егістік алқабына қалай да егін егілу керек. Егер егілмесе, ол адамға 10 есе артық салық төлетеді. Сол үшін сіздер болмасаңыздар, ертең басқа біреу келіп егін егеді. Мен Алматы облысы Панфилов ауданының бір азаматының әңгімесін айтайын. Оның жері тастақ екен. Жыл сайын жер жыртқаннан кейін жалдамалы өзбектерді жіберіп, егіс алқабынан 10 тонна тас жинайды екен. Сіздер құнарлы топыраққа ештеңе еккілерің келмейді, басқалар тау мен тасқа егін егуде. Мемлекет егістік алқабын ешқашан бос қалдырмайды. Бүгін болмаса ертең инвестор табылып, жеріңді жыртып, егінін егіп тас-тайды. Сол кезде өкінбеу үшін бүгін қимылдап шаруа қожалықтарын ашып алыңыздар. Ауылдарыңыздың ертеңін ойласаңыздар бұдан басқа жол көріп тұрғам жоқ. 

P.S. Ойымызды қорытындылай келе, ауылдың хал-ахуалы жақсару үшін алдымен қала мен екі ортадағы жол жөнделіп, ауыз су мәселесі шешілуі керек. Ауыл тұрғындарына егін егіп, мал шаруашылығымен айналысу үшін жеңілдетілген  несиелер беріліп, салық салатын мөлшерін азайту керек.

Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтеруге қосалқы шаруашылықтарының қосар үлесі аз емес. Әр үйдің есік алдындағы бау-бақшасы, төрт түлігі болса, бұл ауыл тұрғындарын сапалы табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оған қоса артық өнімдерін сату арқылы тәп-тәуір ақша түсіріп тұрады. Бірақ, қосалқы шаруашылықты ұстау үшін жер, жайылым және жемшөппен қамтамасыз ету қажет. Атқарушы билік осы мәселені оңтайлы шешсе, ауыл адамдарының тұрмысы жақсарып, еңсесі көтерілер еді. Сонымен бірге, клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория сияқты жұртқа, оның ішінде жастарға қажетті әлеуметтік мекемелердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Жастардың бос уақыттарын көңілді, қызықты өткізуіне мүмкіндік болса, олар қазіргідей қалаға қашпас еді. Міне, осы аталған мәселелер дұрыс шешімін тапса, ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуі тоқтап, ауылдың көсегесі көгермек. Әйтпеген жағдайда, онсыз да көбейіп кеткен қала тұрғындарының санын өсірген ауылдан барғандар елімізде өзекті мәселе болып отырған баспанасыздық, жұмыссыздық деген әлеуметтік кеселді өршіте түсері даусыз.»

Сонымен қатар, газеттің осы күнгі санында облыстық ардагерлер кеңесі мен Әдеп кеңесінің мүшесі Мағауия Рахымбергеновтің «Мемлекеттік қызметкер болу - үлкен абырой» атты мақаласын да оқи аласыздар. Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаның ішіндегі ең күрделісі - жаңа мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып саналады. Сондықтан да, реформалардың тез әрі тиімді шешілуі мемлекеттік қызметкерлерге байланысты.

Ардагерлер кеңесі, аға буын өкілдері өздерінің бай тәжірибелерін жастарға үйретіп, тәлім-тәрбие беріп отырады. Өйткені, жастар, қазіргі мемлекеттік қызметкерлер, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына тікелей жауапты. Мен ардагерлер кеңесінің атынан және облыстық Әдеп кеңесінің мүшесі ретінде, жас мемлекеттік қызметкерлердің әдепті болып, мемлекеттік қызмет туралы заңды орындай отыра, өз міндеттерін абыройлы атқарып жүруіне үгіт-насихат жүргізіп, атсалысып жүрмін.

Жаңа Әдеп кеңесінің ережесі бойынша Қуаныш Жапақов басқарған облыстық  кеңес отырысында мемлекеттік атқарушы органдардың халыққа қызмет жасауын талқылап, тыңдап, қызметтік әдеп нормаларын бұзған, теріс қылықтарға жол берген мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істерін қарап отырады. Атап айтар болсақ, сәуір айындағы кезекті отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Жақсы ауданы әкімінің атқарған жұмыстары тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды. Әдеп кеңесінің мүшелері аталмыш мекемелердің жетістіктерін айтып, кемшіліктеріне де тоқталды.  

Қарттарды қуантатыны, облыстық денсаулық сақтау басқармасы кейінгі кезде герантология мәселесін көтеріп, аға буын өкілдерінің, яғни, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің денсаулығына көп көңіл бөлінуде. Осы мәселелер жөнінде облыстық ардагерлер кеңесі Астрахан, Жақсы, Сандықтау аудандарында өзінің көшпелі отырыстарын өткізіп, аталмыш аудандардың бұл бағыттағы жұмыстарына оң баға берді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының тарапына сындар да айтылды.
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басшылық қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққан ардагерлеріміз Марат Құлмағамбетов, Ғосман Төлеғұл, Петр Щерба, Қайролла Ескендіров, Мейрам Ғибәділов, Сапарғали Асылбековтер жастар арасында жиі болып, ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан әдеп нормаларының бұзушылығын болдырмау мақсатында Әдеп кеңесі шілде айындағы көшпелі отырысын Зеренді ауданында өткізіп, оған аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты. Аталмыш шарада бес мемлекеттік қызметкердің тәртіптік істері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Аға буын өкілдерінің алдында тұрған келелі міндеттердің бірі - сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысып, өз үлестерін қосу. Бұл бағытта да облыстық ардагерлер кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы арасында меморандум жасалып, ардагерлер мәселелеріне қатысты көптеген игілікті шаралар атқарылуда.»

Осы жолы өз алаңында Алматының «Қайратынан» ойсырай жеңіліп қалған жергілікті «Оқжетпес» ойыншылары сынған қалды. Дегенмен, жанкүйерлер сүйікті командасынан алдағы ойындардан үміт күтеді. «Қайрат» қайратын танытты» атты мақалада: «...Көкшетаудың «Оқжетпесі» премьер-лиганың кезекті турында өз алаңында Алматының «Қайратына» есе жіберіп алды. Ойынды тамашалауға облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, оқжетпестіктерге жанкүйер болды. Чемпионаттың үш апталық үзілісінен кейін бе, әлде біріншіліктің қызған шағы болған соң ба, күннің шыжып тұрған ыстығына қарамастан, «Оқжетпес» стадионына жергілікті команданы қолдай келген жанкүйерлердің  қарасы көп болды. 

Футбол  десе ішер асын жерге қояр жанкүйерлердің барлығы осы күні орталық стадионға жиналды.  Ойын басталғаны туралы төрешінің ысқырығы естілместен-ақ жанкүйерлер бірден «Оқжетпес», «Оқжетпес» деп айқайлап, сүйікті командасын жеңіске жетелеуге тырысып бақты.

Алайда, осыған дейінгі ойындарда үздік ойыншылары жарақатына және ескертуіне байланыс-ты матчтан шеттетілген оқжетпестіктер қанша тырысқанымен жеңіс алматылықтардың еншісінде кететіні белгілі болды. Оқжетпестіктер бірден Плотников қорғаған қонақтардың қақпасына лап қойды. Қақпаның сол жақ тұсына тепкен Юриннің добын «Қайраттың» қақпашысы қарғып барып қағып алды. Бұған қонақтар да қарап қалмады. Бірден шабуылға шығып, Исаэлдің қатты болмаса да, қауіпті соққысынан кейін теңбіл доп «Оқжетпес» қақпашысының қолынан табылды. Өз шамасын түсінген оқжетпестіктер бұдан кейін қонақтардың шабуылына қарымта шабуыл жасау тактикасына көшті.

Алайда, қайраттықтардың қорғанысы сыр бермеді. Тіпті, матчтың 18-ші минутында «Қайраттың» шабуылшысы Исламхан алаң иелерінің айып алаңында жығылып, төреші 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Исламхан мүлт кетпеді. Есеп 0:1. Бұл соғылған доптан кейін қонақтар шабуылын үдете  бастады. Алаң иелері тайлы тұяғымен қорғанысқа көшкендей болды. Осындай шабуылдардың бірінде бірінші кезеңнің 27-ші минутында Исламхан екінші голдың авторы атана жаздады. «Оқжетпес» қақпашысы Стаменкович соңғы сәттерде қақпаға дарып бара жатқан допты бағананың сыртына асырып үлгерді. Одан соң көп кешіктірмей Лунин шабуылға шықты, дер кезінде алға жүгіріп шыққан  Стаменкович оның да жолын кесті. Алғашқы кезеңнің соңғы минуттарында бір серпілген «Оқжетпес» ойыншылары қонақтардың  қақпасын торауылдаумен болды. Тепкен доптың барлығы дерлік қақпаға емес, қорғаушылардың аяғына дарып мүлт кетіп жатты. Төрешінің қосқан қосымша минуттарында қапталдан айып соққысын орындаған Игорь Юриннің добын Николас Каналес маңдаймен «Қайраттың» қақпасына соғып, күтпеген жерден есепті теңестірді. Осылайша командалар үзіліске 1:1 есеп айырмасымен тарқасты.

Кездесудің екінші кезеңінде ойын тең дәрежеде алма-кезек шабуылмен өрбіді. Осы сәттерде ескертуіне байланысты матчтан шеттетілген «Оқжетпес» ойыншылары Әлібек Бөлешов, Антон Чичулин және Жасұлан Молдақараевтың командадағы орны ойсырап тұрды. Бұл кемшіліктерді ұтымды пайдаланған «Қайраттың» ойыншысы Исаэл алаң иелерінің қақпасына екінші голды салып, қонақтарды алға шығарды. Кездесу аяқталар тұста қосымша белгіленген уақытта Асеведо «Оқжетпес» қақпасына үшінші допты соғып, қайраттықтарға маңызды үш ұпай сыйлады.
Ойын аяқталған соң журналистермен өткізген баспасөз мәслихаты барысында «Оқжетпес» командасының бас жаттықтырушысы Владимир Муканов түрлі себептермен команда сапында үздік жеті ойыншының болмағаны кездесу барысында сезіліп тұрғанын атап өтті.

- Жалпы, ойын қызықты өтті. Чемпионаттың ең үздіктерінің біріне қарсы ойнадық. Команданың үздік жеті ойыншысының болмауы кездесу қорытындысына үлкен әсер етті. Қанша айтқанымен біздің алаңдағы жігіттер қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда, «Қайрат» командасы ойыншыларының шеберліктері бізден басымырақ болғаны сөзсіз. Келер ойындарда жіберілген есені қайтаруға тырысатын боламыз, - деді Владимир Муканов.

«Қайрат» командасының бас жаттықтырушысы Кахабер Цхададзе осындай пікірде: «Алаң иелері негізгі құраманың үздіктерінің жоқтығына қарамастан тәжірибелі қайраттықтармен өткен ойында  жігерлік танытты».

Осылайша «Оқжетпес» командасы өзі өткізген 23 ойында 37 ұпай жинап, биылғы біріншілікте әзірге 4-ші орынға тұрақтады. Ал, біріншілікте 56 ұпайымен елордалық «Астана» командасы көш бастап келеді. Көкшетаулықтардың алдағы кездесулерде жанкүйерлерін жерге қаратпай жеңіске жетіп, үздік үштікке кіреді деп сенгіміз келеді. Оған команданың мүмкіндігі мол.»

«Отандық өндіріс өрге басуда» - «...Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жабал Ерғалиев пен Рәшит Әкімов  жұмыс сапарымен Көкшетауда болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.

Сенаторлар алдымен облыс орталығының солтүстік-шығыс беткейінде жаңадан салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданында болып, тұрғын үй құрылысымен танысты. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ғабит Қаппасовтың айтуына қарағанда қазіргі кезде мұнда 13 гектар жерге көппәтерлі жиырма тұрғын үй салынған. Күні бүгінге дейін оның он үшіне тұрғындар қоныстанған. Бесеуі дайын, тағы үшеуі қазан айында тапсырылады. Оған жас отбасыларды қоныстандыру көзделген.  Сонымен қатар, осы маңнан  900 орындық қазақ мектебін салу жоспарланған. Бұл жобаның құны 1,400 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Кездесуде сенаторлар облыс орталығында салынатын әлеуметтік нысандар туралы сұрай келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған қолжетімді тұрғын үй бағдар-ламасының жүзеге асырылуына ерекше назар аударылып отырғанын айтып өтті.

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету Елбасының алға қойып отырған әлеуметтік салада халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы бағытта Көкшетауда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала жылдан жылға жайнап келеді.  Бұған бізде өз тарапымыздан үлес қосуға тырысамыз», - деді сенатор Рәшит Әкімов.

Сонымен қатар, сенаторлар алдағы Парламент отырысында 2017 жылдың бюджетін талқылаған кезде Көкшетаудағы тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарға қосымша қаржы бөлу жөнінде өз ұсыныстарын айтатынын жеткізді. Бұдан кейін халық қалаулылары «Көкшетау сүт зауыты» мен «Бижан» ет өңдейтін зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысты.

Сүт зауытының директоры Әсен Жақсылықовтың сөзіне қарағанда кәсіпорында бүгінгі таңда ірімшік, май, қаймақ және балмұздақ өнімдерінің 14 түрі шығарылады. Өнімнің барлығы табиғи шикізаттан дайындалатындықтан, сапасы да жоғары. Көкше өнімдері еліміздің жеті облыс орталығына, Ресейдің Омбы қаласына шығарылады. «Бижан» ет өңдейтін зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл бірқатар өндірістік қуаттарды игеріп отыр. Сенаторлар мал соятын, шұжық және консерві жасайтын цехтар мен тоңазытқыш цехын аралап көрді. Жұмысшылармен жүздесіп, өндіріс туралы әңгімелесті. Бұл зауыттың бір бөлігі 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын өздері өңдеген еттен жасалған консерві, шұжық және шикізат сатады. Қазір қасапханада ауысымына 70 бас ірі қара мал сойылуда. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде бұл көрсеткіш үш есе артып, жылына 5 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік туады екен».

Осы орайда, сенаторлар елімізде отандық өнім өндіруге ерекше көңіл бөлінгенін айта келе, қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында елімізге отандық өндіріс, өңдеу өнеркәсібін жандандырып, сол арқылы экономиканы дамыту үшін нақты қадамдар жасауға түбегейлі бет бұру міндеті қойылып отырғанын атап өтті.

Ал «Берекелі жұмыстың берері мол» аты мақаладан аймақ басшысы Сергей Кулагиннің Егіндікөл және Қорғалжын аудандарына жасаған жұмыс сапары көрініс табады.

«...Өңір басшысы Егіндікөл ауданындағы «Жер өнімдері», «Ушакова агро» және «Шаңдыкөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егін алқаптарын аралап көріп, диқандармен пікір алмасты.

Қорғалжын ауданында алдымен құрылыс алаңдарында болды. Қазір осындағы Сабынды ауылында жылына он тонна өнім дайындауға қуаты жететін жаңа жылыжай салынуда. Шаруа қожалығының басшысы Темірхан Қонақбаевтың айтуына қарағанда жылыжайда қияр мен қызанақ өсірілмек. Экологиялық жағынан таза өнім Астананың тұтынушыларына жеткізілетін болады. Қазіргі күні электр қуаты және сумен қамтамасыз етілген. Жалпы көлемі 1,8 гектар жерді қамтитын поликарбонаттан жасалған 8 жылыжай салынады. Жобаның жалпы құны 305 миллион теңгені құрап отыр. Құрылыс алаңында болған облыс әкімі Астана халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін дәл осындай жобалардың қажет екендігі туралы айтып өтті. Әрі осындай бағалы бастамаларды құптап қолдайтындығын да жеткізді. Сөз арасында облыс шаруашылықтары астаналық тұтынушыларды жұмыртқа, ұн және картоппен жүз пайыз қамтып отырғандығын айта кеткеніміз жөн. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын табуда.

Облыс әкімі Сергей Кулагин Жантеке ауылындағы мектепке дейінгі мекеменің құрылыс жұмысымен таныс-ты. Бұл балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша салынуда. Қазіргі күні Қызылту орта мектебінің жанындағы шағын орталықта 60 бала тәлім алуда. Балабақшаның құрылысы аяқталғаннан кейін шағын орталықтағы балалар 80 орындық жаңа тәрбие ошағына ауысатын болады. Аталмыш жобаның жалпы құны 107 миллион теңгені құрайды. Өңір басшысы құрылыс алаңында болған кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі шеңберінде аймақта ондаған жобалардың жүзеге асырылғандығын айтып өтті. Бұл балабақша біріншіден мектепке дейінгі мекемелердегі орынның жетіспеушілігіне қарсы іс-қимыл, екіншіден, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып, бизнестің дамуына септігін тигізеді деп атап өтті.

Осы күні өңір басшысы «Ақмола су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Қазір мұнда 15 скважинаның жетеуі жұмыс істеп тұр. Облыс әкімінің тапсырмасына орай екі жылдың ішінде 4 скважинаға жөндеу жұмыстары жасалғандығы туралы айта кетуіміз керек. Соның нәтижесінде Қорғалжын және Егіндікөл аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету шешімін тауып отыр. Қазір екі ауданның тұрғындары тәулік бойы сумен қамтамасыз етілген. Қорғалжын ауданында облыс әкімі «АФ Жер-888» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарында болды. Шаруашылық биылғы жылы 5500 гектар жерге дәнді дақылдар егіп отыр. Өңір басшысы егістік алқаптарын аралап көріп, егіннің бітік өскендігін және сапасының жақсы екендігін атап айтты.»

Тамыздың 17-і күні шыққан санында «Жыр-шашу» мақала жарық көрді. Онда: «...Есенгелді Сүйіновтің есімі республика көлемінде қаламы жүйрік журналист, ақын, публицист ретінде жақсы таныс. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. ҚР  Мәдениет қайраткері, Ресей Федерациясы Халықаралық Психология ғылымдары Академиясының құрметті академигі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.  Өлеңдері  «Тың тынысы», «Мерейлі мекен» ұжымдық жинақтарына енген. «Күңгіртау құпиясы, «Менің елім, менің жерім», «Мақпалды күндер», «Арайлы таң» кітаптары шықты.  Бірқатар облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, соның ішінде биыл маусым айында өткен «Астана - Азаттық аясында» атты  республикалық  мүшәйраның арнайы сыйлығын жеңіп алды.   Қазір «Есіл» республикалық газетінің бас редакторы болып жұмыс істейді.  Есенгелді ежелгі Көкше жерінде туып-өскен. Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін бітірген. Біз бүгін оқырмандар назарына ақынның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.»

Көкшетау

Талай жыл мен өзіңнен  жырақтадым,
Сағынып оңашада жылап та алдым.
О, Көкше, сұлу Көкше, сері Көкше,
Мекені айдын көлдің, бұлақтардың.

Тіршілік. Күйбің жұмыс... алыстадым,
Алға оздым. Қатарымнан қалыспадым.
Ұшырдың қияларға тәрбиелеп,
Айтатын көп қой саған алғыстарым.

Нәр бердің, қуат бердің жас жаныма,
Көгершін ұшып шықты аспанымда.
Бір саған дүниеде жер жетпейді,
Өзіңді арқау етем дастаныма.

*   *   *
Көкшетауым, сағынышым сарғайған,
Сәлем жолдап жаттым әркез шалғайдан.
Жүрегімнің төріндесің туған жер,
Арамызды шырқалатын жалғайды ән.

О, Көкшетау, мақтанарлық ат қандай,
Келбетіңе адам таңдай қаққандай.
Жұмақтайсың, саған еш ел тең келмес,
Сұлусың ғой, қалай тұрам шаттанбай?!

Оқжетпесің жігер отын жаққандай,
Айнакөлмен шабыт тулап жатқандай.
Биік таулар сәлде киіп басына,
Ақ қайыңдар мұздан шолпы таққандай.

Ақ бидайдан алқа таққан кербезім,
Жан дүниемді тал бесікпен тербедің.
Аспандағы Темірқазық секілді,
Жұлдызымсың жалт-жұлт еткен сен менің.

Қалай жүрем Көкшетауым сағынбай,
Көрінесің алыс кетсем сағымдай.
Шалғыныңа тисе ашық табаным,
Рахаттанып, табатындай жаным жай.

Бурабай

Көркіңе ешбір теңеу таба алмаймын,
Кете алмай құшағыңнан, қарайлаймын.
Арудай  көз тоймайтын, сылаңдаған,
Жұмағы қазағымның - Бурабайым.

Жырлауға тілім менің жетер ме екен,
Суың бал ішкенімде, шекер екен.
Өзіңе сұлу қыздай ынтық болдым,
Сәкенді  тәнті қылған көркем мекен.

Жанымды нұрға бөлеп, тебіренткен,
Жүректі жұпарымен елжіреткен.
Бурабай, ғашықтардың бесігісің,
Аймалап, самалыңмен өпші беттен.


Оқжетпес

Шыға алмаймын биік сенің басыңа,
Көз тігемін қатпар-қатпар тасыңа.
Көздеп мерген шеберлікпен атса да,
Оқ жетпейді шоқтығыңа расында.
 
Ен далада бас көтерген асқағым,
Халқымызды алға қарай бастадың.
Барлығынан биіксің сен тұлғаңмен,
Мен қайтейін биіктігін басқаның.

Атың өшпей шежіреден, сызылмай,
Ғасырларда быт-шыт болып бұзылмай.
Мызғымастан  ұзақ жасап келесің,
Тұра берші тәңірімнің шыңындай.

Туған жердің өсірдің ғой мерейін,
Саған жырдан тарту арнап берейін.
Оқжетпесім, биіктікке жетеле,
Мен өзіңе қаймықпастан ерейін.

Бөлектау басында

Жерортадан ауған мынау жасымда,
Тұрмын міне, Бөлектаудың басында.
Дейтіндей ол: «Сәл биікке шықтым деп,
Кеуде керіп, дандайсыма, тасыма».

Қараша айы. Таудың үстін қар басқан,
Тарих ізін көргендеймін әр тастан.
Табиғаттың заңы солай бұлжымас,
Түкті кілем ақ көрпемен алмасқан.

Бөлектауға кімдер, сірә, шықпаған,
Батыр, билер жауларынан ықпаған.
Бай, болыстар төбесінде сайрандап,
Мәз болды ғой, таудың сырын ұқпаған.

Таудың үсті. Көрінеді маңайың,
Жұмбақтасқа, Оқжетпеске қараймын.
Қарағайлар зәулім көкке ұмтылып,
Төңіректі  аймалайды арай күн.

Бөлектаудың айналасы құз-қия,
Дем бергендей көңіліме жыр құя.
Жаратылған ерекше боп, бөлек боп,
Қойнауында тұнған толы құпия.
                                        
                                       *    *    *
Жолбастаушы, жиналған топ қасымда,
Тағы тұрмын Бөлектаудың басында.
Тау айтқандай: «Неге түсті ұнжырғаң,
Көтер басты, алға қара, жасыма».

Қыркүйектің салқын күні, күз айы,
Сұлулыққа көзің қарап, тоймайды.
Бөлектаудың төбесіне өрмелеп,
Шықпасыңа құштарлығың қоймайды.

Төңірегі сары түске малынған,
Көрінісі суреттей салынған.
Таңдай қағып, таң қаламын көркіне,
Бурабайдың шыға келген алдымнан.

Әулиекөл, Айнакөл де осында,
Аққу көлі, Жасыл мүйіс қосыла.
Кебіс таумен, Көкшетаумен жалғасып,
Жеке батыр ұйықтап жатыр қосында.

Әсемдікке ынтық жанмын жасымнан,
Таза ауаңды жұтуға мен асығам.
Біздің елге жер жетпейді-ау әлемде,
Құдіретіңе табынамын, бас ұрам.


    Зеренді

Сұлу қыздай сылаңдаған Зеренді,
Қандай ғажап, қандай көркем жер еді.
Жазиралы даласына аунасаң,
Таусылмайтын қайрат, жігер береді.

Таулары бар көкке ұмтылып, мұнартқан,
Биігіне шығуды мен ұнатам.
Айқайласам жаңғырық боп естілер,
«Кереметсің Зеренді» деп үн қатам.

Айдын көлің айнадай боп жалтырап,
Сай-салаңнан сулар ақты сарқырап.
Көктемеде төскейіңе қонады,
Аққу-қаздар тізбектеліп, сап құрап.

Жайнап өскен жап-жасыл боп желегі,
Үйеңкі, емен, арша, талдар, терегі.
Қарағайлар, ақ қайыңдар сыр шерткен,
Орманыңды аралағым келеді.

О, Зеренді, сенде өтті жылдарым,
Бүршік жарды жауқазындай жырларым.
Сағындым ғой, қашан барам мен саған,
Көптен бері аттың басын бұрмадым.

Сұлу аймақ, жер жәннаты - Зерендім,
Саған бүгін арналады өлеңім.
Космодромдай биіктерге ұшырдың,
Ардақтаумен мен атыңды келемін.

 
 Кенесары үңгірі

Мұндай жерді қашама уақыт көрмеп ек,
Айта алмаймын тамашалар көрме деп.
Тау басында - Кенесары үңгірі,
Баспалдақпен біздер шықтық өрмелеп.

Бір жыл бойы бой тасалап, жасырын,
Жауларынан жүрген екен асылым.
Ізі жатыр қасиетті бұл жерде,
Қол бастаған елі үшін батырдың.

Басқыншының бастан кешіп зорлығын,
Ағайынның көріп қатал қорлығын.
Хан Кенеме азаттыққа ұмтылған,
Өкінішті, қатал тағдыр болды тым.

Көрінеді алғашында бір түрлі,
Мекендеген Кенесары үңгірі.
Елестейді  ұлы баба бейнесі,
Естілгендей сарбаздардың күбірі.

Мына жерді қалай еткен  баспана,
Қосағы да тұрды ма екен жас тама?
Ертеңіне қазағымның алаңдап,
Жатты ма екен қара тасты жастана?

Тынықты ма, мұнда қайтіп көз ілді,
Жаны сірі, неткен асқан төзімді.
Азап шеккен Кенесары үшін мен,
Кінәлідей сезінемін өзімді.

Дара тұлға арыстандай айбатты,
Қаймықпаған жолбарыстай қайратты.
Бостандығы, теңдігі үшін халқының,
Дұшпандарын шайқастарда жайратты.

Ақылдасып үлкен шайқас алдында,
Серіктерін батыр баурап алды ма?
Келген шығар жақсы, жайсаң жиналып,
Есімдері ұмыт болып қалды ма?

Шертілгендей домбыраның күмбірі,
Естілгендей сәйгүліктер дүбірі.
Қайран заман...екі жүз жыл өтсе де,
Қымбат маған Кенесары үңгірі.

...Кенесары келетіндей бір күні,
Осы үңгірге қонатындай бір түні.»

«Тілсіз-ақ тірлік кешіп жүр...» - «...Әуелі қолыма қараған. Содан соң аяғыма. Әнтек жымиып күлді. Күлкісі уылжып тұр екен. Себепсізден себепсіз күле салған жас сәбидің бейкүнә күлкісіне ұқсас. Екі қолын қайда сыйғызарын білмеген кісіше оң жақ қапталында тұрған, құрал-саймандары салынған ағаш жәшіктің ішін аударып, төңкеріп әлденені іздестіре бастады. Мен де қолымдағы тілдей блокнотым мен қаламымды ыңғайлай бердім. 

Шынын айтқанда, бастап кету қиын еді. Өте қиын болатын. Табиғи кемістігін еске салып, ескі жараның аузын тырнау қайдан оңай болсын. Толқып тұрсам да аз уақыттың ішінде бойымды жинап алып, ақ қағаздың бетіне «сәлеметсіз бе?» деп жаздым. Амандасу парыз. Ол да жазды. Бірақ, орыс тілінде. Бәлкім солай ыңғайлы шығар. Орыс тілінде оқуы. Қазбалап сұрау ыңғайсыз еді. Онсыз да сұхбатқа келісімін әзер алғанмын. Алдында қолымен нұсқап, саусақтарын шошайтып үзілді-кесілді қарсылық танытқан. Мүмкін ұялған шығар. Келесі сұрағымды сабақтадым.

Сөйтсем, аяқ киім шебері Нұрлан Ғалиев Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданының Амангелді ауылында 1963 жылы туған екен. Жалғыз аяқ киім ғана емес, ағаш шебері де. Құрылысқа қатысты қыруар мамандықты түгелге жуық игерген. Әуелі машина-трактор шеберханасында жұмыс істепті. Кейін ағаш тілген. Ағаш цехында әртүрлі бұйымдар жасаған. Құрылысшы болып та істеген. Күнкөріске жарайтын кәсіптің кез-келгенінен бойын тартып көрген емес. Қолынан келмейді деп те айтпаған. «Басқа түссе баспақшыл» демекші бар сенгені екі қолы болған соң қара жұмыстың қай-қайсын да кәтепті қара нардай арқалап жүре берген ғой.
Енді негізгі сауал. Тілден айырылғаны хақында. Атам қазақта «жазмыштан озмыш жоқ» демей ме? Бірінші сыныпта оқып жүргенде қан қысымы көтеріліп, сол аурудың салдарынан тілден айырылған екен. Ал жазуы жіпке тізген моншақтай тап-таза. Күнде қалам ұстап жүрген біздің өзіміз дәл осылай жаза алмаушы едік.  Ақ қағаздың бетінде алма-кезек біріміз сұрақ қойып, екіншіміз жазып жауап беріп тұрып, тұңғыш рет жазуымның атамның қараусыз қалған шарбағы сияқты қисайып, әріптерімнің бір-біріне міңгесе жығылып, құлай сүрініп түсіп жатқанына қынжылдым.

Етік тігуді, жыртылған жерін жамап-жасқауды өз бетінше үйренген. Қолмен атқарылатын шаруаның қай-қайсын болмасын бір көріп алсам өз бетіммен істей беремін деп қояды. Екінші бір сөйлемі мұның не қиындығы бар деумен шектелді. Және үстемелеп оқуы жоқ қой деп қояды. Оқуы неге болмасын бар. Тек соны оқуға, оқыған соң кәдеге асыруға кежегеміз кері тартып жүр ғой. Тапқан табысы тамағына ғана жетеді екен. Шебердің жазуына қарағанда жаз айларында келетін клиент аз. Құдай қаласа, күзге қарай көбеймек. Ауылдан студенттер келеді ғой деген жазу түсті ақ қағаздың бетіне. Иә, студенттердің жалаң аяқ жар басып жүргені де рас. Өзі де екі баласын оқытып, жетілдіруде. Үлкені қыз бала. Зайыры қанға тартқан  қасиет болуы мүмкін қолы епсекті. Әр нәрсеге икемі бар. Ең бастысы да сол. Оған қоса ниет-ынта болса жетіп жатыр. Ал, ұлы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Пәтері бар. Зайыбы  үйінде бала тәрбиесімен отыр екен.

Бұл жерге байлар бас сұға бермейді. Жұлығы жыртылған, аузы ашылған, өкшесі қисайған аяқ киім қарапайым адамдардікі. Тіршіліктің тауқыметінен жүйкесі жұқарып жүрсе де бірде-бірі Нұрланның істеген ісіне разы болмай қабақ шытып көрмепті. Еңбегіне де тым көп төлем сұрамайды екен. Өзінің жазуына қарағанда адамдарды аяу керек деп қояды. Барға қанағат. Жетпей жатқан ештеңе жоқ. Басында баспанасы бар. Көз қуанышы ұлы мен қызы желкілдеп өсіп келе жатыр. Ақ қағаздың бетіне және бір жазу түсті. Қазақ тіліне тұспалдап аударғанда қанағат деген ұғымды берсе керек, Япырай, көбімізге жетпей жүрген осы бір ұғым ғой. Сол қасиетті құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жап-жарық кішкентай бөлмеден тауып қуандық. Дәл осы жерде әлдеқайдан болашаққа деген сеніммен өмірге деген құштарлықтың лебі есіп тұрғандай.

Сұхбатты бұдан әрі созудың реті келмеді. Ең бастысы еңбегімен ел аузына іліккен шебермен жүздестік. Өмірбаянын, тағдыр жолын оқып білдік. Өмірге деген құштарлығын да.  Блокнотымды енді жинай бергенде қолында таяғы бар ақсақал кіріп келді. Нұрланды бұрыннан білетін болар, қолындағы өкшесі сөгіліп кеткен аяқ киімін шебердің алдына тастай салды. Ымдасқан да, қағазға жазған да жоқ. Шебер қолына алды да сөгіліп кеткен өкше тұсын айналдыра бір қарады. Содан соң ақсақалға. Екі саусағын көтерді.

- Екі сағаттан соң кел деп, -  тұр деді ақсақал, - өркенің өссін Нұрлан. Құдай деніңе саулық берсін. Маған қарап ақталғандай болды.

- Қытайдікі. Немерелер жамап-жасқағанды кимейді. Ал, біз кие береміз. Біз не кимегенбіз. Бұдан жаманын да киіп тойға бардық қой. Кісіге нысап керек.

- Оқасы жоқ ақсақал дедім мен. Әлі-ақ өзіміз де шірей тартсаң шетіне сызат түспейтін аяқ киім тігеміз.

- Әрине,- деді ақсақал болашаққа нық сеніммен.

Екеуміз қабаттаса босағасына ырыс байланған кішкентай бөлмеден шықтық. Есіктің алды жағалай қонған көпқабатты үйлердің ауласы. Әнебір жерде қоқыс салатын жәшіктің жанында жап-жас екі жігіт жанжалдасып жатыр екен. Адам сыйығы жоқ. Көздері көгеріп кеткен. Үсті бастары ит тартқандай. Шамасы маскүнемдікке салынған біреулер. Бір-біріне кіжің-кіжің етеді. Әлі жетсе бірін-бірі аяйтын түрлері жоқ.

Жаңа ғана өнерге ғашық, өмірге ғашық Нұрланның нұр ұялаған бөлмесінен бізбен бірге шыққан әдемі сезімнің айдай аппақ жүзіне сәл ғана кіреуке түскендей. Қап әлгі екеуі...»

«Алға ұмтылған аршалы»  - «...Облыстағы ең іргелі аудандардың бірі десек қателеспейтін шығармыз. Оның айғағы ретінде аталмыш ауданның біршама жақсы дамып келе жатқан   әлеуметтік-экономикалық ахуалын айтуға болады. Сондай-ақ, ауданның Елордамыз  - Астанаға жақын орналасуы да қосымша жауапкершілік туындататыны белгілі. Нақтырақ айтсақ, Астана айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға аршалылықтардың қосар үлесі қомақты болуға тиіс.

Енді нақты деректерге келер болсақ, аудандағы 12 селолық және 1 поселкелік округте барлығы 27497 адам тұрады. Өнеркәсіп, оның ішінде жол құрылысына қажетті материалдар шығару, егіс және мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жақсы дамыған деуге болады.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында ауданда 7714,1 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылған екен. Бір атап өтерлігі, бұл өткен жылға қарағанда 139,4 пайызды құрайды. Яғни, өткен жылдың осынша кезеңімен салыстырғанда жұмыс жандана түскен деуге негіз бар. Бұл арада негізгі жұмыстарды атқаратын «Қазшпал» акционерлік қоғамы мен «Аркада Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екендігі мәлім. Мәселен, «Қазшпал» акционерлік қоғамы биылғы қаңтар-маусым айларында барлығы 785,2 миллион теңгенің өнімін өндірсе, бұл өнім көлемінің өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көбейгендігін көрсетеді. Кәсіпорында  31,2 мың тонна жиналмалы темірбетон шығарылған. Бұл да өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 1,6 есе көп. Рас, «Аркада Индастри» серіктестігінде өнім өндіру өткен жылға қарағанда 29,8 пайызға кеміп кеткен. Бұған негізінен өнімге деген сұраныстың азайып кетуі себеп болып отыр.
Аудан экономикасын алға бастырудың бір тетігі индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыру екендігі мәлім. Бұл тұрғыда 2016 жылы екі жоба мақұлданған.

Мәселен,   «LK-KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 4 миллион кірпіш шығаратын болса, жоба аясында оның мүмкіндігін 12 миллионға дейін молайту қолға алынған. Жобаның құны 100 миллион теңге. Оған кәсіпорынның өз қаржысы жұмылдырылады. Волгодон селолық округіндегі бұл кәсіпорынды кеңейту жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр-қараша айлары арасында жүзеге асырылмақшы. Яғни, жоба толық іске асырылса аудандық бюджетке де құйылар қаржы біршама көбеймек. Ол өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді оң шешуге ықпал етеді. Енді осыған Жібек жолы ауылында жүзеге асырылуға тиіс тағы бір жобаны қосу керек. Мұнда «ДС-Гранит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атты өндірістік комбинат салынуда. Аталмыш жоба үстіміздегі жылдың мамыр айында қолға алынса, жыл аяғына дейін іске қосылады. Бұл кәсіпорын бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие құрылысқа қажетті материалдар шығаратын болады.

Аршалы ауданы да облысымыздағы ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіретін аудандар қатарына жатады. Цифрлар тіліне жүгінетін болсақ, бұл салада биылғы жылдың басынан бері барлығы 3521,9 миллион теңгенің өнімі өндірілген екен. Бұл да өткен жылдың осынша кезеңімен салыстырғанда 52,9 пайызға артық. Сондай-ақ, ауданда мал шаруашылығында да ауыз толтырып айтар мәселелер баршылық. Мәселен, жыл басынан бері аудан шаруашылықтары (жекеменшік иелерін қоса есептегенде) 1932,0 тонна ет өндірсе, бұл да өткен жылға қарағанда біршама жоғары көрсеткіш. Сүт, жұмыртқа өндіруде де көрсеткіштер арта түскендігі қуантады. Енді осыған аудан шаруашылықтарында  ірі қара мал саны өткен жылғы деңгейде қалғанымен, қой-ешкі, жылқы, құс санының өскендігі аудан әлеуетінің жоғары деңгейде екендігін байқатса керек.

Әрине, аудан экономикасын алға бастырудың негізгі тетіктерінің бірі - инвестиция тарту екендігі белгілі. Бұл орайда мұнда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7565,9 миллион теңгені құрайды екен. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық.  Оның ішінде әрине, республикалық және жергілікті бюджет қаржысымен қатар, кәсіпорындар мен жекелеген кәсіпкерлердің қаржылары да бар.

Ал енді, құрылыс мәселесіне келетін болсақ, ауданда 2016 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында  14459 шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілсе, оның 7732 шаршы метрі тұрғындардың жеке қаржылары есебінен салынған. Ал, аудандағы жалпы құрылыс жұмыстарына келетін болсақ, барлығы 4036,4 миллион теңгенің жұмыстары атқарылған. Бұл да өткен жылға қарағанда 63,8 пайыз өсімді көрсетеді.

Бүгінгі таңда ең маңызды мәселелердің бірі - тұрғындардың өмір сүрулеріне мейлінше қолайлы жағдай тудыру екендігі ақиқат. Яғни, инфрақұрылымды жетілдіре түсуге баса назар аудару қажет. Бұл тұрғыда  облыстық бюджеттен Аршалы кентіндегі кәріз жүйесін қайта жөндеуге қаржы бөлінген. Жалпы бұл жобаның құны 760,6 миллион теңге болса, 2016 жылға дейін 705,3 миллион теңге жұмсалған екен. Ал үстіміздегі жылы 56,942 миллион
теңге қарастырылса, оның 16,9 миллионы игерілді. Сондай-ақ, 16 пәтерлі тұрғын үй салу үшін келісім-шартта көрсетілген 141,8 миллион теңгенің 2016 жылы 111,8 миллион теңгесі игерілген. Осылайша үстіміздегі жылдың наурыз айында аталмыш үй пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Аршалы-Ижевск жолын, Аршалы кентіндегі көшелерді жөндеуге де арнайы қаржы қарастырылған. Жалпы, жол жөндеу тұрғысында ауданда тағы да бірнеше келісім-шарттар  жасалған екен. Осының бәрі жүзеге асырылса, инфрақұрылымды жақсарта түсуде біраз істің беті қайтарылады деуге болады.
Әрине, ауданның экономикасының қаншалықты қарқынды дамып келе жатқандығына ондағы әлеуметік саланың қай деңгейде екендігіне қарап бағалаған жөн болар.

Еңбекке жарамды тұрғындар еңбек нарығындағы басты индикатор екендігі айқын. Ауданда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар 17 мың адам болса, оның 16,3 мыңы жұмыспен қамтылған. Яғни, шамамен жеті жүздей адам жұмыссыз деген сөз. Жалпы, жұмыссыз ретінде еңбекке жарамды тұрғындардың 0,3 па-
йызы тіркелген екен. Осы уақытқа дейін жұмыспен қамту орталығына 334 адам өтініш берсе, олардың 272-і жұмысқа орналастырылыпты.

2016 жылдың 1 шілдесіне дейін орталықта жұмыссыз 52 адам тіркеуде тұр. Сондай-ақ, 104 адам қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылған. Ол үшін 5541,0 теңге игерілді.
Бүгінге дейін ауданда аз қамтылған, яғни, кедейлік деңгейде өмір сүретін (7550 теңгеге)  41 адам  бар. Бұл өткен жылға қарағанда біршама аз. Олардың бәріне бюджет қаржысы есебінен барлығы 475,5 мың теңге көмек көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, әр адамға 11,6 теңгеден жәрдем берілген.

Сондай-ақ, жұмыспен қамту бағдарламасы аясында барлығы 9685,0 мың теңге бөлінген. Оның ішінде жастар тәжірибесі бойынша 15 адамға  3436,0 мың, әлеуметтік жұмыс орындарына 22 адам орналасып, оған 4862,0 мың және кәсіби дайындыққа 6 адам жіберіліп, оған да 1387,0 мың теңге қарастырылған.  Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлікті дамыту және селоларды дамыту» бағыты бойынша 8 адамға шағын несие берілген.  Міне, осындай шаралар ауданда жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Ал, аудандағы орташа жалақыға келетін болсақ, 2015 жылға қарағанда үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 14,6 пайызға көбейіп, 81703 теңгені құрады. Рас, бұл облыстағы орташа жалақы мөлшерінен аздау. Дегенмен, алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі деген үміт бар.

Міне, Аршалы ауданындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал осындай. Көрсеткіштеріне көз салсақ, өткен жылға қарағанда біраз алға басушылық байқалады. Рас, олқы түсіп жатқан жайлар да аз емес. Дегенмен, ауданда қолға алынған істердің жүзеге асырылуларына қарап жағдай жақсара түсуге тиіс деген ой түюге болады...»

««Нұр Отан» партиясы: қолдау мен қамқорлық» - «...Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед бірқатар нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Сергей Кулагин бірге болды.

Жұмыс сапарын Щучинск қаласындағы жалпы үлгідегі мектеп-интернаттан бастаған Мұхтар Құл-Мұхаммед «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан нысанның жұмысымен танысты. Үстіміздегі жылдың сәуір айында аталмыш нысанда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аталмыш бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 146,3 миллион, жергілікті бюджеттен 21,5 миллион теңге бөлінген. Шілде айында Көкшетау қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне қарасты «Еңбек» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынмен құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде келісім-шарт жасалып, қажетті шаралар басталып та кеткен болатын. Қазіргі уақытта жұмыстың жалпы көлемінің 40 пайызы орындалған. Жөндеу жұмыстары биылғы жылдың қараша айында толығымен аяқталмақ. Құрылыста 44 жұмысшы, оның ішінде 17-і жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек етуде.

Одан кейін Бурабай ауданы Кенесары ауылдық округіндегі Серік Омаров жетекшілік ететін шаруашылық қожалығына ат басын тіреген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары ауыл еңбеккерлерімен кездесіп, алдағы орақ науқанына дайындық жұмыстарымен танысты. Шаруашылық негізінен егін және мал өсірумен айналысады. Мұнда дәнді дақылдармен қатар бұршақ тұқымдас және майлы дақылдар, көкөністер өсіріледі. 300 бас қара малы бар, соның ішінде жүз басы сауын сиырлар. Алқап басында диқандармен кездесу өткізген Мұхтар Абрарұлы Мемлекет басшысының ұдайы қамқорлығы мен қолдауының арқасында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміздің жылдан жылға жақсарып келе жатқандығын, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалып отырғандығын айтты. Мемлекет тарапынан субсидиялар бөлініп, жеңілдетілген несиелер берілуде, кедендік кедергілер алынып тасталды.

Ол өз сөзінде: «Халық арасында шаруа қожалықтарының иелігінде он-он бес мың гектар жерлері бар деген бір жаңсақ пікір қалыптасқан, ол мүлдем олай емес. Оларда бір-екі мың, әрі кетсе үш мың гектар ғана жерлері бар, сол жерлерді күтіп-баптай білу қажет. Қазір кейбір егістік алқаптарының күтімсіз қалып, қурай басып кеткендігі жасырын емес. Мұндай шаруашылық қожалықтарына алдағы уақыттарда тиісті шаралар қолданылатын болады. Егістік алқаптары мен жайылымдықтарды жердің қадірін түсіне білетін, онымен жұмыс істей алатын азаматтарға беру керек», - деді.

Жұмыс сапарын одан әрі жалғастырған Мұхтар Құл-Мұхаммед Қопа көлінің жағалауында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып, Көкшетау қаласының «Көктем» ықшам ауданындағы жуырда ғана құрылысы аяқталған 280 орындық балабақшаны аралап көрді. Аталмыш нысан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып, оған барлығы 678,3 миллион теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын жүргізген Серік Ешмағамбетов басқаратын «Мәрмәр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы, жаһандық дағдарыс жағдайларына қарамастан, экономикамыздың қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Осы бағдарлама аясында биылғы жылдың өзінде ғана еліміз бойынша 770 миллиард теңге, соның ішінде Ақмола облысы бойынша республикалық және облыстық бюджеттерден 57 миллиард теңге игерілуде. Ол осыдан он жыл бұрынғы Ақмола облысының бюджетінен әлдеқайда көп. Айырмашылықты сезіп тұрсыздар ма? Бұл дегеніміз, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, лайықты жалақы мен жергілікті бюджетке салықтардың түсуі. Өздеріңіз көріп отырғандай, бір ғана президенттік бағдарламамен тұтас кешенді мәселелер жүзеге асырылуда», - деп атап өтті партия төрағасының бірінші орынбасары.

Нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысқан соң «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында Ақмола облысының партиялық активімен кездесті. Аталмыш шараға аймақтың алғашқы партия ұйымдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, партия бюросы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, депутаттық фракциялардың жетекшілері қатысты.

Кездесуде «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Кулагин Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттерді жүзеге асыру барысында осындай басқосулардың маңыздылығын айта келіп, Мұхтар Абрарұлына сөз берді.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген жетістіктерімізге тоқтала келіп, егемен еліміздің басты мақсаты - дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруі екендігін баса айтты. Баяндамашы өз сөзінде бірқатар маңызды да өзекті мәселелерге назар аударды.

Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілетін түзетулерге біраз отандастарымыз мәселенің еш байыбына бармастан күмәнмен қарады. Мемлекет басшысы осының бәрі түсіндіру жұмыстарының халық арасында дұрыс жүргізілмегендігін атап өтті. Осы бағытта Ақмола облысында жалпы саны алпыс мыңнан астам адамды қамтыған мыңға жуық кездесулер болды. Үстіміздегі жылдың үшінші маусымында Көкшетау қаласында жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның кезекті көшпелі отырысы мазмұнды да жоғары деңгейде өткізіліп, жерді сату және жалға беру, жер телімдерін рәсімдеу, сондай-ақ, Елбасы жария еткен мораторий мәселелері әңгіме арқауына айналды. Алдағы уақытта өңірдің барлық алғашқы партия ұйымдары Жер кодексіне енгізілетін түзетулерді бұқара халыққа түсіндіру жұмыстарын одан әрі белсендендіре түсулері қажет.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының барлық бағыттарын жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың тиісті деңгейде игерілуін бақылау да «Нұр Отан» партиясы филиалдарының тікелей міндеті. Партияның сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру барысында ең бірінші кезекте индустрияландыру мәселелерін шешуге, кәсіпкерлерді, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға, халықты жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл аударылуы керек. Ұлттық бірыңғай тестілеудің межелік деңгейінен өте алмаған түлектерімізді «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020»  бағдарламасы аясында орта кәсіптік білім беріп, жұмысқа орналасу жолдарын да қарастыру назардан тыс қалмауы тиіс. Ол өз сөзінде сондай-ақ, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партиялық бақылаудың арнайы комиссияларымен жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы сапасының тұрақты мониторингі жүргізіліп отыратындығын  және қордаланып қалған мәселелердің дер кезінде анықталып, оң шешімін табуға септігін тигізетіндігін атап өтті.

Сөзінің соңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары мемлекеттік органдардың жұмысына партиялық бақылауды күшейтіп, тұрғындардың қажеттіліктері мен проблемаларына ерекше назар аударылып, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға тұрақты түрде сараптама жүргізіп отырылуын тапсырды...»

Сонымен қатар, газеттің жиырмасыншы тамызында шыққан санында Зеренді ауданы Қызылтаң орта мектебінің мұғалімі  Жанар Әбірзақованың «Тәлімгер немесе ауылдың ажары азаматынан» мақаласын оқи аласыздар. Онда автор аталған шағын ғана ауылдан шыққан талай спортшының алғашқы бапкері болған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі туралы тебірене жазған.

«...Көзі шоқтай жайнаған, киіктің асығындай шымыр, қара торы бала шаршы алаңда атой салып жүр. Қарсыласынан жасқану ойына кіріп шықпайтындай. Қайта өршелене түседі. Маңдайдан тері моншақтап жүр. Үшінші раунд аяқталуға тақау. Бірақ, ауылда өскен, ауылдағы қысы-жазы таусылып бітпейтін, шаш етектен келетін шаруаның бір шетін қайырысып, қайыңның безіндей болып шыңдалған боксшы шаршап-шалдығар емес. Қимылына қимыл қосып үдете түсетін тәрізді. 

- Міне, Саян, көрдің бе, осы жолы сен жаңа жақсы ойнадың. Бокс - үлкен өнер. Ойнай білу үшін алдымен ойлау білу керек,- деп шәкіртінің шаршы алаңдағы қимылына баға беріп, әрі жігерін жанып қойды жаттықтырушысы Серік Қажантайұлы, - егер сабағыңды да дәл осылай жақсы оқып, ынтаң мен ықыласыңды арттыра түссең, азамат болып ер жетесің.

Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылтаң ауылының атақ-даңқы перзенттерінің пешенесіне жазылған жаратқанның сыйымен әйгілі. Рухани, мәдени әлемге де олжа салып жүргендер аз емес. Ал, спорт туралы айтатын болсақ, қыран мінезді, қайсар балаларының арқасында аты дүрілдеп тұр. Бүгінгі күні ауыл мектебінің директоры қызметін 19 жыл бойы үзбей атқарып келе жатқан Серік Құдайберген сонау 1986 жылы Қызылтаң орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасқан болатын. Оған дейін томаға-тұйық күн кешкен ауыл өміріне өзімен бірге жат таңырқап, жақсылар сүйсінетін жыл құсындай жаңалық ала келді. Ол жаңалық бокс болатын. Бұрын естігенімен, қолдарына бокс қолғабын киіп көрмеген ауыл балалары жапа-тармағай үйірмеге жазыла бастады. Балалардың ынта-ықыласы өз бойындағы сүйсіністі де одан сайын еселей түсті ме екен, кім білсін, жас жаттықтырушы осы бір соны серпілісті, үмітті ізденісті мықтап қолға алды. 1986 жылы Зеренді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің штатына бокс жаттықтырушысы болып қабылданғанымен, үш жыл бойы көк тиын жалақы алмай қызмет етті. Шынын айтқанда оны ойлаған да жоқ. Бар ынта-ықыласы шағын ауылдың балаларын спортқа баулу, қайсарлыққа үйрету еді. Алғашында материалдық-техникалық базасы әлсіз үйірмеге үйірілген балалардан әлдебір нәтиже шығады-ау деп көпшілік ойламаған да болар. Бірақ, жылдар өте келе Қызылтаң ауылының жас боксшылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жара бастады. Алдыңғы буынның жеткен жетістігін көрген соң кейінгілер де нық сеніммен айналысқан. Спорт залында төккен тер зая кеткен жоқ. Алғаш спорт шебері атағын алған осы мектептің түлектері Қанат Айтанов, Қайыржан Көлшіков, Еркеш Сариндер жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан інілеріне жол сілтейтін, жөн сілтейтін көшбасшылары тәрізді. Қанат Мұстафин, Руслан Темірбаев, Нұрлан Матаев, Ерлан Темірбаев, Әсет Отановтар да қызылтаңдық бокс мектебінің атын республикаға танытқан былғары қолғап шеберлері. Ұлағатты ұстаздарының жолын қуған Жаслан Мендекин қазір дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ол да бокс жаттықтырушысы. Алғашқы аға буыннан соң Қазақстан Республикасының чемпионы атанған Серәлі Саян, Жантілек Бексейітовтер де  ауылының атын шығарып жүрген айтулы боксшылар. Айта берсе, Қызылтаңның қырандарының есімдері ұзын-сонар тізім болып шығар еді.

- Бокс өнері халқымыздың қанындағы қасиеттерге жақын, - дейді Серік Қажантайұлы, - ол оқушыларды алдымен тәртіпке үйретеді. Жауынгерлік өнер болып саналатын осы бір спорт түрінің балғындардың бойындағы мінез-құлықты жақсылық жағына қарай икемдеу, ерлік пен өрлікке бір табан жақындатуға тигізетін әсері мол. Қала балаларына қарағанда, ауыл балаларының спорттық шараларға қатысу, үйірмелерде жаттығу мүмкіндігі кемшін ғой. Әуел баста осы бір олқылықтың орнын толтырып, шәкірттерімді жақсылыққа тәрбиелегім келді.  

Айтса айтқандай, жас ұрпақты жақсылыққа тәрбиелеу өте жауапты іс. Сонымен қатар, оншалықты мақтаншылықты жақтыра қоймайтын тәлімгер айтпай кеткен табыстарды біз тілге тиек етіп, сөз сабақтап көрелікші. Қызылтаңның спортшылары республика біріншіліктерінде өнер көрсетіп жүр. Оны айтасыз, республиканың құрама командасының сапында халықаралық турнирлерде де топ жаруда. Шалғайдағы шағын ауыл үшін осының өзі де аз табыс емес қой.

Қызылтаң орта мектебі жалғыз спортшыларымен емес білім беру үрдісімен де танымал білім ошағы. Педагогика саласындағы жылт еткен жаңалықты, соны, ілкімді ізденістерді қалт жібермей қадағалап, өздерінің онсыз да бай іс-тәжірибелеріне енгізу ертеден бар дағды. Сол ұжымға басшылық жасап, білім ошағындағы шығармашылық мүмкіндік пен педагогикалық қуатты айқын мақсатқа жұмылдырып, талапты еселей арттырып отырған ұжым басшысы Серік Қажантайұлының кәтепті қара нардай қажымай-талмай атқарып келе жатқан нәтижелі еңбегі елдің көз алдында. Ауылдағы ынтымақ та, береке-бірлік те сүттей ұйыған, шырайлы қалпында. Тәртіп бұзушылық жоқ десе де болады. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың ұстанымы өзгеге үлгі боларлық. Өйткені, мұнда темір қанат балапандарын үлкен өмір айдынына қанат құйрығын жетілдіріп, түзу ұшырған өнегелі білім ошағы бар. Білім ошағының ізгілікті, ізетті тәлім-тәрбие алып өскен ер балалардың көбі спортты серік еткен саңлақтар. Олар өмір жолдарында мектепте үйренген өнегесін ұмыта қоймайды. Саналарына сіңген салиқалы тәрбие қайта өмірдің өз мектебінен тәжірибесін молайтып, тағылымын көтеріп отырады. Демек, қоғамның бірлігінде білім ошағының алатын орны ерекше.  

Атам қазақ «туған ай туралған етпен тең» дейді. Ай ғана емес, жыл да солай. Еңбегінен ләззат алған, қызметін құлшына істеген адам ғана уақыттың зырылдап өтіп жатқандығын аңғара бермесе керек. Күні кеше ғана Қызылтаңның шөкімдей аспанына білім мен спорттың арайын жаға келген Серік Қажантайұлы да алпысқа табан тіреп отыр. Әйтсе де, қажыры кемімеген, қайраты қайтпаған бәз баяғы қалпында. Өйткені, оның жаны шәкірттеріне берген тәлім-тәрбиемен жасарса, екінші жағынан үнемі спортпен жаттығу, салауатты өмір салтын сақтау да өлшеусіз қуат береді...»

Газеттің бұл саны негізінен спорт күніне арналғандықтан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткинада үндемей қала алмады. Өзінің мақаласы арқылы осы күндері облыста спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Бұқаралық спорт кең өріс алып келеді» мақаласында айтып берді.

«...Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің өмірінің барлық салаларына қатысты мәселелер жан-жақты қамтылған. Оның ішінде, халық денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында салауаттылық өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жайы да бар.  Бұл бағытта атқарылған және атқарылады деп жоспарланған жұмыстар аз емес. Қазіргі күні облысымызда тұрғындардың арасында дене шынықтырумен үзбей айналысатындардың қатары жалпы халықтың 24,8 пайызына жетіп отыр.

Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,8 пайызға өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш  25,5 пайызға жетеді деген болжамды жоспарымыз бар.  Бүгінгі таңда облыс аумағында 1165 дене шынықтыру және спорт ұжымдары бар және онда 7044 спорт секциялары жұмыс істейді. Сол спорт секция-ларында 184525 адам спорттың әр түрімен айналысады. Бұқаралық спорттың дамуы облысымыздың әр өңірінде әртүрлі. Мәселен, Жарқайың ауданында дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың саны барлық тұрғындардың 29,2 пайызын құраса, Зеренді ауданында 28,4, ал, Аршалы ауданында 28,3 пайыз болып отыр. Бұқаралық спорт кенжелеп қалған өңірлер қатарында Қорғалжын ауданы мен облыс орталығы Көкшетау қаласы тұр. Онда бұл көрсеткіш сәйкесінше 21 және 20,4 пайыз деңгейінде.

Қазіргі таңда облыс аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға мүмкіндік беретін 2230 спорт залдары мен стадиондар және спорт алаңдары болса, олардың 1596-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталуға жақын. Осындай жүзу бассейндері Шортанды және Балкашин кенттерінде де салынуда.

Биылғы жылы Целиноград және Егіндікөл аудандарында уақыт талабына сай жарақталған спорт залдары салынып, Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» стадионы күрделі жөндеуден өткізілді. Стадионда жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолдары қайта жаңғыртылды. Степногорск қаласында қазіргі заманғы спорт алаңы мен шағын стадион құрылысы салынуда. Астрахан ауданының орталық стадионының футбол алаңына жасанды төсеніш төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Спорт алаңдары мен стадиондарды, басқа да спорт жайларды салуға инвесторлардың қаржысын тартуға да жете назар аударылады. Осындай инвесторлардың қаржысына Щучинск-Бурабай курортты аймағында гольф клубының құрылысы жүргізілуде. Оған қажетті қаржыны «Қазмұнайгаз сервис НС» АҚ-ы бөліп отыр. Жақсы ауданында «Запорожье» серіктестігі мен Егіндікөл ауданында «Сарымсақты» серіктестігі өз қаржыларына спорт алаңдарын қайта қалпына келтіруде.

Айта кетерлік жай, барлық спорт алаңдары мен стадиондардағы түрлі секцияларда дайындық тегін жүргізіледі. Ал, мемлекеттік коммуналдық меншікке қарайтын спорт нысандарында тұрғындарға демалыс және сауықтыру қызметтері төменгі шекті тариф бойынша көрсетіледі. Ол атап айтқанда, ересектер үшін 300-600 теңге, ал балалар мен жасөспірімдер үшін 150-300 теңге көлемінде. Жеті жасқа дейінгі балаларға, көп балалы отбасылары мен балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға, сондай-ақ, ардагер спортшыларға, барлық деңгейдегі мүгедектерге сауықтыру қызметтері тегін көрсетіледі. Мектеп оқушылары мен студенттерге және зейнеткерлерге елу пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, жергілікті жердегі бұқаралық спортты өркендетуге түрлі клубтардың тигізетін ықпалы зор. Бүгінгі күні облысымызда 5 жасөспірімдер, 3 балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы, 45 дене шынықтыру және сауықтыру клубы жұмыс істейді. Осы клубтарда барлығы 13853 адам дене шынықтырумен, спортпен айналысуда.

Жыл басынан бері 131,3 мың адамды қамтыған 1555 түрлі дәрежедегі спорт шаралары өткізілді. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда спорт шараларын өткізу  10 пайызға артып отыр. Облысымызда ең кең таралған спорт шараларының қатарында дәстүрлі қысқы спорт ойындарына арналған «Хрустальный колос» және жазғы ойындарға арналған «Ақ бидай» спартакиадалары, мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында өткізілетін «Үміт», облыстың мемлекеттік мекемелері қызметкерлері арасындағы «Бірлік» турнирлері сияқты жарыстар бар. Қазақша күрестен өткізіліп жүрген «Ақмола барысы» сайысы көпшілік тарапынан зор қызығушылықпен қабылдануда.

Биылғы жылы мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында облыс орталығында президенттік тестілер мен тоғызқұмалақ жырысы өткізілді. Бұл сайыстарға үш жүздей мемлекеттік қызметкер қатысып, өнерлерін ортаға салды. Облысымызда бүгінгі күні республикалық жарыстарға қатысып жүрген үш кәсіби спорт клубы бар. Олар: «Арлан» хоккей клубы» серіктестігі, «Оқжетпес» футбол клубы»  және «Спорттың ойын түрлеріне арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындары. Осы аталған клубтарда барлығы 643 спортшы бар. Қазақстан Республикасының түрлі спорт салалары бо-йынша құрама командаларына облысымыздан 333 спортшы кіретін болса, олардың 194-і олимпиадалық спорт түрлері бойынша.

Соңғы жылдарда облысымыздың спортшылары 7 әлемдік кубок үшін жарыстарға, 13 Азия құрлығы біріншіліктеріне және 106 халықаралық турнирлерге қатысты. Осы жарыстардан спортшыларымыз жалпы ауқымы 411 медальды  иеленсе, олардың 213-і олимпиадалық спорт түрлері бойынша жеңіп алған медальдар. Қазіргі күні республикалық және халықаралық деңгейде өткен жарыстарда үздік көсреткіштерге жеткен облысымыздың 47 спортшысына арнайы стипендия төленіп тұрады. 

Ауылдық округтерде спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушы қызметін енгізуге қажетті нормативтік базаның жоқтығы, типтік спорт кешендерінің жетімсіздігі, балалар мен жасөспірімдер спорт клубтарының және спорт мектептерінің аздығы - спорт саласын уақыт талабына сай биік деңгейге көтеруге біршама кедергілерін келтіруде. Бірақ та, бұлардың бәрі алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдемін...» деп жазылған мақалада.

Тамыз айындағы маңызды шаралардың бірі-ол педагог кадрлардың тамыз конференциясы болып отыр. Оның «Басты міндет - уақыт талабына сай сапалы білім беру» тақырыбымен шыққан мақаладан оқуға болады.

Биылғы облысымыздың білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы «Білімді ел - мәңгі ел» деген тақырып аясында өтті. Мұғалімдердің алқалы жиынына облыс басшысы Сергей Кулагин және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова қатысты.

Мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясы білім саласындағы жетістіктерге арналған көрмені тамашалаудан басталды. Көрмеге облыстың әр өңірінен келген оқу орындары өз жетістіктері мен атқарған жұмыстары жайында дайындалған плакаттар мен түрлі макеттер, оқушылар дайындаған жобаларды қойыпты.

Облыс әкімі  Сергей Кулагин жиналған ұстаздар қауымын жақындап қалған жаңа оқу жылымен құттықтап, ұрпақ тәрбиесі сияқты ауыр да жауапты міндетті мойнына алған олардың еңбегіне табыс тіледі. Бүгінгі күні облысымызда 599 мектеп пен 579 бала бақша, 38 орта буынды мамандар даярлайтын колледж бен 4 жоғары оқу орны бар. Осы оқу орындарында 112500 оқушы мен 26782 студент тәлім-тәрбие алып жатыр. Қазіргі таңда жас ұрпаққа білім беру ісімен 22 мыңнан астам педагог мамандар айналысуда.  Соңғы жылдарда 201 бала бақша және 378 шағын орталықтар ашылып, қалыпты жұмыс істеуде. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 36963  бүлдіршін тәлім алуда. Білім саласына бөлінетін бюджет қаржысының көлемі де жыл санап артып, осының нәтижесінде мектептің  материалдық-техникалық базасы жақсара түсуде. Материалдық базаның жақсаруымен бірге оқушылардың білім сапасы да көтеріліп, түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанған балалар қатары жылдан жылға өсіп келеді. Өткен жылдарда 137 бала облысымыздың атынан республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген.

Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова саладағы атқарылған жұмыстар жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Қазіргі заман талабына сай сапалы білім беру мемлекеттік маңызы бар іс болып табылады. Елбасымыздың өзі білім саласын дамытуға үнемі жете көңіл бөліп, білім қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойып отыр. Соған орай, білім қызметкерлері де заман талабына сай білім беруді жетілдіруге барынша назар аударып отырады.

Биылғы жылғы облысымыздың білім саласына бөлінген қаржы көлемі 60,6 миллиард теңгені құрады. Салыс-тыра айтар болсақ, бұл 1991 жылғы деңгейден 20 есеге артық. 3-6 жастағы бүлдіршіндерді  біліммен қамту 91 пайызға жетіп отыр. Әрине, мұның бәрі салаға жете көңіл бөліп, атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі екендігі анық. Мәселен, соңғы жылдарда облысымызда 41 жаңа мектеп пен 24 бала бақша салынып, пайдалануға берілген. Облысымызда «Балапан» бағдарламасы жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні 337 мектепке дейінгі мекемеде 36 мыңнан астам бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алуда.

Облыстық білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылы басталар қарсаңында  балалар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды мәселе болып табылатын оқулықпен қамту жайын да айтып кетті. Балалар оқу жылында оқулықтармен жүз пайыз қамтылатын болады. Қазір мектептердің материалдық-техникалық базасы толық дайын. 2005-2015 жылдар аралығында 686 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, осы мақсат үшін бюджеттен 11,7 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Биылғы жылы 15 білім беру мекемесін күрделі жөндеуден өткізуге 1,5 миллиард теңге бөлінді. Соңғы он жылдың көлемінде білім мекемелері 905 жаңа үлгідегі сабақ беру кабинеттерін алды. Осы мақсатқа 3,5 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Биылғы жылы 97,5 миллион теңге бөлініп, 22 жаңа үлгідегі кабинет жарақталды. Қазіргі күні жаңа үлгідегі кабинеттермен қамтылу көрсеткіші 46,3 пайыз көлемінде.

Биылғы оқу жылындағы тағы бір қуанышты жай, біраз жылдардан бері бітпей келе жатқан бес мектеп құрылысы аяқталып, балалар жаңа мектепте оқитын болады. Сонымен бірге, 520 орындық екі бала бақша пайдалануға берілмек. Ақкөл қаласындағы балалар үйін қайта жаңғырту үшін 763,2 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржыға қосалқы жай мен  спорт алаңы салынып, ғимарат күрделі жөндеуден өткізілмек.

1 қыркүйек күні Щучинск және Ерейментау қаласында, Целиноград ауданының Тайтөбе, Еңбекшілдер ауданының Мақпал ауылдарындағы орта мектептер жаңа ғимаратқа кіреді. Сөйтіп, бұл мектептердің оқушылары жаңа мектептерде білім алатын болады.
Биылғы оқу жылынан бастап мектептерде білім берудің жаңа жүйесі енгізілмек. Бірнеше жылға созылатын бұл жүйені жүзеге асыру бірінші сыныптан басталады. Ақпан-тамыз айлары аралығында бастауыш сыныптарға сабақ беретін 55 мұғалім білім берудің жаңа жүйесі бойынша біліктіліктерін арттырған. Үш-тілділікке көшу жұмыстары да сатылап жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде облысымыздың әр өңіріндегі  26 мектеп пилоттық жоба аясында үш тілде білім беруге көше бастамақ. Мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру мәселесі де әрдайым назардан түспейді. Балалар үйлеріне қатысты оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.  Сандықтау және Есіл балалар үйлерінің мектептері жабылып, мұндағы балалар сол елді мекендегі мектептерде оқитын болды.

Үштілділікке көшуге байланысты мұғалімдерді қайта даярлау мәселесіне орай Зеренді ауданындағы Абай орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлназ Тасболатова ағылшын тілін үйренудегі жеке тәжірибесімен бөлісті.  «Естеріңізде болар, алғашқы кезде мектептерді компьютерлендіруге байланысты мұғалімдер арасында компьютермен жұмыс істеуді үйрену қиын болады деп қорыққандар болған еді. Қазір ұстаздар оны оңай меңгеріп алды. Сол сияқты ағылшын тілін меңгерудің де оншалықты қиындығы жоқ» деген ол интернет арқылы ағылшынша-орысша сөздік бойынша ағылшын тілін үйрену жөніндегі өзінің тәжірибесін ортаға салды.

Целиноград ауданындағы Родина ауылдық округінің әкімі Белла Гадзиева балалардың тілді үйренуіне жағдай жасау мақсатында жазда өткізген тіл үйрену оқулары тәжірибесі жайында баяндап берді. Осы ауылдағы орта мектептің 9-10 сынып оқушылары жазғы каникул күндерінде ағылшын тілін үйрену оқуларына қатысқан. Ауыл әкімдігі Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов  және А.Мырзахметов  атындағы университеттердің бірнеше студентімен келісіп, олар балаларға тегін тіл үйрету сабақтарын жүргізген. Бірер айдың ішінде балалар ағылшында тәп-тәуір тіл сындырып қалған. Сонымен бірге,  ауыл мектебінде балаларға кәсіптік бағдар беруге де жете көңіл бөлінеді екен.

Степногорск қаласындағы «Даму орталығы» серіктестігінің директоры Сандуғаш Досетова қалада өткен жылы ашылып, жұмыс істеп жатқан «Мега ментальдық арифметика» жобасы жайында баяндады. 5-12 жас арасындағы балаларды қамтитын орталықтан балалар қас-қағым сәтте күрделі сандарды қосу, көбейту сияқты амалдармен жұмыс істеуді меңгереді. Осы орталықтың шәкірті  Әзиз Камелдин республикалық жарыста үшінші орынды жеңіп алыпты. Балаларды интеллектуалдық жағынан жетілдіруге үлкен ықпал ететін ментальды арифметикаға баулудың берері мол. Әзиз Камелдин жиналған жұртшылық алдында өз өнерін көрсетті. Бір, екі және үш таңбалы цифрларды әп-сәтте қосып, қосындысын айтып берген бала көпшілікті осы талантымен тәнті қылды.

Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі Ардақ Молдахметованың айтқан сөздері алқалы жиынға жиналған көпшілікті толғандырғаны анық. Он жыл бойы балалар үйінде тәрбиеленіп, ата-ана қамқорлығынсыз өскен апалы-сіңлілі екі қыздың тағдыры мемлекет тарапынан қамқорлық жасалмаса қалай болары белгісіз еді. Мектеп бітіріп, Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінде оқып, мамандық алған ол Ақкөлге қайта оралып, бала бақшаға қызметке тұрады. Жұмыс қана емес, оған жетім балаларға берілетін жеңілдікпен кезексіз пәтер де беріледі. Бүгінде сіңлісі екеуі тұрып жатқан ол осындай қолдауы үшін ең алдымен, тәуелсіз елімізге, Елбасына және облыс, аудан басшылығына  шын жүректен шыққан алғысын айтты.

Қарағанды медициналық академиясында оқып жатқан Наталья Филякина осындай білім ордасында оқуға мүмкіндік жасаған облыс әкіміне ақ алғысын білдірді. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған қыздың  тілегі орындалып, облыс әкімінің грантымен қазір білім алуда. Осы орайда, облыс басшысы әсіресе, шалғай ауылдарда денсаулық сақтау саласы мамандарының жетіспейтіндігін, осы мәселені шешу үшін аудан және қала әкімдеріне жыл сайын жүз жасты медициналық жоғары оқу орындарына түсуге грантпен қамтамасыз ету тапсырмасын бергендігін атап өтті. Бұған бюджет қаржысымен бірге жеке кәсіпкерлерді де әріптестік мақсатта тарту көзделуде. Бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда таяудағы бірнеше жылда медицина қызметкерлеріне деген тапшылық мәселесі шешімін таппақ.
Көкшетаудағы жоғарғы колледжді бітіріп, бүгінде өз мамандығы бо-йынша «Көкшетау автокөлік жолдары» серіктестігінде еңбек етіп жүрген Әділбек Игбергенов кәсіптік білім алуға мүмкіндік жасап отырған еліміздегі  білім беру бағдарламасының берері мол екендігін айтты. Тегін кәсіптік біліммен, онан қалды стипендия беріп, жатақханамен қамтамасыз етілген оқу орындарын жыл сайын мыңдаған жас бітіріп, өз мамандықтарына сай қиналмай жұмысқа орналасуда. Оқу мен тәжірибені  байланыстырған осындай оқу орындарын бітірген жас-тар жұмысқа кедергісіз орналасады және бірден қиналмай жұмыс істеп кетеді. Колледж түлегі алғашында жұмысшылықтан бастағанын, қазіргі күні автокөлік жолдары шебері қызметін атқаратынын айтты.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы білім саласындағы қол жеткен жетістіктері мен осы саладағы ойға алған мақсаттар жайында баяндап берді. Тәуелсіздігімізді алған ширек ғасырдың ішінде елімізде 499 бала бақша мен 1356 мектеп салынып, пайдалануға беріліпті. Қазіргі күні балаларға заман талабына сай жоғары стандартты білім беретін 20 Назарбаев интеллектуалдық мектебі жұмыс істейді. Мектеп оқушылары  республикалық, халықаралық түрлі олимпиадаларға қатысып, биіктен көрініп жүр. Мұның өзі білім беру сапасының биіктігін айғақтайды. Онан әрі вице-министр білім беру саласындағы алдағы уақытта енгізілетін өзгерістер жайына тоқталды. Соның ішінде, биыл бірінші сыныптан бастап көше бастайтын бес күндік оқу жүйесі мен он екі жылдық оқу мәселесіне тоқталды. Әрине, бұл өзгерістер бірден бола салмайды, ақырындап сатылап жүргізілмек. Мұғалімдер үшін жағымды жаңалық, электронды журналдар мен күнделіктердің енгізілетіндігі. Бұның өзі  ұстаздарды қағазбастылықтан  құтқарып, жұмысын біршама жеңілдетпек.

Биылғы жылы қолға алынған тағы бір өзгеріс, балалардың бірыңғай киім үлгілерінің енгізілуі. Оны ата-аналар өздері таңдап, шешуі керек. Білім және ғылым министрінің орынбасары сөзінің соңында мұғалімдерді  жақындап қалған жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру сияқты жауапты міндетті мойнына алған ұстаздарға жаңа оқу жылында табыс тіледі. «Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда еліміздегі қиын жағдайға қарамастан, Елбасымыз білім саласына үлкен көңіл бөлді, «Болашақ» бағдарламасы арқылы талантты жас-тарды шет елдерге оқуға жіберді. Қазір олардың көпшілігі түрлі салаларда жауапты қызметтер атқарады. Бұл Елбасымыздың алысты болжайтын көреген саясатының жемісі» деп атап көрсетті облыс басшысы.
Конференция соңында білім беру саласында жақсы жетістіктерге қол жеткен мұғалімдер мен оқу орындарының басшылары, бала бақша тәрбиешілері  облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, облыс басшысы бірқатар ұстаздарға Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерін тапсырды. Конкурс жеңімпазы атанған Көкшетау қаласындағы  №6 орта мектепке ақшалай арнайы сертификат тапсырылды.

Түстен кейін конференцияға өңірлерден келген ұстаздар секцияларға бөлініп, пәндер бойынша оқу-тәжірибелерін ортаға салды...»

Биылғы жылы ақмолалық диқандар мол астықтан үмітті. Осы күні облыстағы шаруалар күзгі орақты ойдағыдай өткізудің қам-қарекетін жасауда. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан өзінің «Жайқалып, бітік шыққан мол астық ысырапсыз жиналады» мақаласында кеңінен тоқталады.

«...35-қадам. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІН тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. ЖЕР КОДЕКСІНЕ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЗАҢ АКТІЛЕРІНЕ өзгерістер енгізу.
36-қадам. ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ТҮРІН ӨЗГЕРТУГЕ РҰҚСАТ АЛУ ресімдерін жеңілдету. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒА БЕРУ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған  Жолдауында: «Қазақстанның аграрлық секторы үлкен экспорттық мүмкіндіктерге және инновациялар енгізу үшін жоғары әлеуетке ие. Азық-түлікке деген қажеттілік әлемде жыл сайын өсе беретін болады. Бізге бұл мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды» деп атап өткен еді.
Расында да, ел экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласын өркендету мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қаралуы орынды. Сондай-ақ, мұның өзі ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Аграрлық аймақ саналатын астаналық облыста ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Бұған облыстың соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласының дамуы бойынша республикада алдыңғы лектен көрінуі айқын дәлел.  Саланың Үкімет тарапынан қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың көмегі зор деуге болады.  

Биылғы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 4,7 миллион гектарды құраса, оның 4,3 миллионы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарына тиесілі. Сонымен қатар, 219,8 мың гектар майлы дақылдар, 175,8 мың гектар мал азығы, 18 мың гектар картоп және 4,3 мың гектар көкөніс өсіру де қолға алынған.  Ағымдағы жылы жауын-шашынның көп болуы облыстағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдайды күрделендіріп жіберді. Әсіресе, арамшөптермен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары ауруымен және зиянкестермен күреске зор көңіл бөлінді. Айталық, облыста жоспарланған егістік алқаптың 4,5 миллион гектарына жуығына немесе 114,8 пайызы химиялық өңдеуден өтті.

Оның ішінде республикалық бюджет есебінен италияндық шегірткеге қарсы 107,3 мың гектар немесе 107,3 пайыз алқапта өңдеу шарасы жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен кәдімгі шегірткеге қарсы 21,9 мың гектар, бидай құртына қарсы 71,6 мың гектар және шалғын көбелегіне қарсы 1,6 мың гектар егістік алқап өңделді.  Қазіргі кезде септориоз және астықтың сұр көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.  Осы күні септориозға қарсы белгіленген 874,5 мың гектар егістік алқаптың 100,7 пайызы өңделді. Оның 48,5 мың гектары республикалық бюджет есебінен, 825,9 мыңы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер есебінен жүргізілген.  

Егінді қорғау мақсатындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. 201,8 мың гектар немесе 63 пайыз гектар егістік алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, бірінші және екінші кезең бойынша парға қалдырылған жердің 661,6 гектары өңделсе, оның 61,8  мың гектарында химиялық әдіс таңдалды. Келер жылы жақсы өнім алу үшін қолға алынған бұл шараларды егін орағы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда облыс бойынша барлық егістік алқаптың 3757,5 мың гектары немесе 86,8 пайызында астық шығымы жақсы, 571,2 мың гектарда жағдай қанағаттанарлық. Жалпы, мамандар ауыл шаруашылығы  дақылдарының шығымына қарап, орташа есеппен әр гектарынан 12,7 центерден шаққанда 5,5 миллион тонна астық  алынады деп болжанып отыр.

Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде. Биылғы науқанға 8445 астық комбайны жұмылдырылады деп жоспарланған, оның 2658-ы алымдығы жоғары шетелдік техника болып отыр. Бұл техниканың қазір 100 пайызына жуығы дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы мен астық орылатын алқапты ескеретін болсақ, 1 комбайнға жүктеме 512,6 гектардан келеді. Егер ауа райы тосын мінез танытпай, жұмыс дұрыс ұйымдастырылып жатса, тәулігіне 170 мың гектар алқаптағы астықты еңсеру арқылы науқанды 27 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар.  Ал, жаткаға келетін болсақ, облыста оның саны 2629, оның 100 пайызы, жүк көлігінің 99 пайызы және трактор тіркемесінің 99 пайызы жұмысқа  әзір. Сонымен қатар, облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының да дайындығы пысықталуда.

Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдану - осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, оны жинауды неғұрлым қысқа мерзімде шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізетіні анық. Осы ретте облыста ауыл шаруашылығы кешендерімен машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта соңғы 3,8 жылда облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқанға қажетті 976 комбайн, 1034 трактор және 282 көктемгі егіс кешенін сатып алған. Ал, биылғы жылдың 8 айында осындай 151 комбайн, 148 трактор қосылды.

Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 77 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 46 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қоры жасалынған. Облысқа науқанға қажетті кепілдендірілген дизель отынының 75 мың тоннасы бөлінген. Аудан әкімдерінің өтініші бойынша жанар-жағармайды жеткізіп беретін 13 оператор және ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарынан дербес 5 оператор айқындалды. Мұндағы әрбір оператормен ірі ауыл шаруашылығы құрылымына науқан кезінде бөлінетін дизель отынының көлемі айға бөлініп, мұнай өңдеу зауытына бекітілген. Мәселен, маусым-тамыз айына бөлінетін 52 мың тонна дизель отынының барлығына ақысы төленсе, осы күні оның 45 мың тоннасы жеткізілді. Қазір бұл бағытта еш кедергі байқалмайды.  Егін орағы кезіндегі ең басты мәселе ол астық қабылдау кәсіпорындарының  дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар  62 астық сақтау кәсіпорны қатысатын болады. Бұл кәсіпорындарда 3,9 миллион тонна астық сақтауға болады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық сыятын қоймалар бар. Осыдан-ақ, алынған астықтың  далада қалмайтынын байқауға болады.

Өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда.Қазіргі кезде астық қабылдау орындарында өткен жылдың астығының 403,2 мың тоннасы немесе 10,5 пайызы сақталған. Оның 233 мың тоннасы «Продкорпорация» ҰК» акционерлік қоғамына тиесілі. Бұл - соңғы жылдардағы қуантарлық көрсеткіш.

Өткен жаздағы ауа райының қолайсыздығы шөп дайындау науқанын ойдағыдай өткізуге кері әсерін тигізгені белгілі. Сондықтан, биылғы жылы шаруашылықтар жеткілікті мөлшерде бір жылдық шөп қорын асыра дайындап алды. Облыс бойынша 1083,9 мың тонна немесе жоспарланған бір жылдық мөлшердің 102,1 пайызы деңгейінде шөп әзірленді. Оған қоса, тиісті сабан және жем қоры да жасалынатын болады. Жалпы алғанда, төрт түлік биыл қыстан қысылмай шығады деген сенім бар.

Осылайша ежелден ірі аграрлы аймақ саналатын Ақмола облысы диқандарының биылғы күзгі ораққа тас-түйін дайындығы мен ұйымдастыру жұмыстарының тиісті деңгейде болуының арқасында науқан уақытылы, әрі ысырапсыз өткізілетініне сенім мол. Бұған диқан қауымының мүмкіндігі жетерлік. Ендеше іске сәт!..»

Газеттің бұл санында Ерейментау ауданында өткен дүбірлі той да көрінс тауып отыр -  «Ардақтыларын ұлықтап, игі жақсыларын еске алған» «...Ерейментауда өткен той  өзгелерге үлгі боларлық шара. Жалпы қазақтың арғы-бергі тарихында Ереймен өңірінің  алар орны ерекше екендігі баршаға аян. Тым әріге бармай-ақ,  ержүрек батырлығымен әз Тәукенің кезінде-ақ көзге түсіп, кейіннен 1726 жылы Ордабасындағы алқалы жиында  үш жүздің әскерінің тізгіні  Әбілхайыр ханға тапсырылғанда, қазақ әскерінің бас сардары болу  қанжығалы Бөгенбай батырға жүктелгендігін айтсақ та аз болмас.

Ереймен өңірінде Бөгенбай батырмен үзеңгілес болған талай жорықтарда ерліктің үлгісін көрсеткен батырлар, орақ тілді, от ауызды ақын-жыршылар аз болмаған.

Игі жақсыларын еске алған ғибратты шара барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай, республикалық ақындар айтысы өткізілді.   
Міне, осындай дауды да шеше білетін, жауды да ел шетінен қуып тастайтын батыр бабаларының ұрпақтары одан кейінгі кездерде де батырлық пен дуалы ауыз шешендіктен кенде болған емес.

ХІХ ғасырдың басында, нақтырақ айтсақ, 1916 жылғы Ресей патшасының өздері бұратана халықтар санаған ұлттардан, оның ішінде қазақтарды  қара жұмысқа алу туралы жарлығын естіген қазақ-қырғыз халқы бұл теперішке көнгісі келмей қолдарына қару алып, қарсы шыққандығы тарихтан белгілі. Сондай ірі ұлт-азаттық көтерілістің бірі осы Ереймен өңірінде болған еді.
   Жуырда Ерейментау ауданында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ұлт-азаттық Ереймен көтерілісінің 100 жылдығына, ереймендік ақындар Олжабай Нұралыұлының туғанына - 135, Аманжол Әлжановтың туғанына - 110 және Бекболат Меркемелиденұлының туғанына -  135 жыл толуына арналған «Аудан күні» мерекесіне орай ауқымды шара өткізілді.
Алдымен аудандық Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде «Ереймен көтерілісі және Тәуелсіздік мұраты» атты ғылыми-практикалық конференциядан бастау алған мерекелік шара ақындар айтысымен,  күрес, көкпар, бәйге сынды ұлттық спорт жарыстарымен жалғасып, одан әрі «Қымыз бен бауырсақ» фестиваліне және ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне ұласты.

Ғылыми-практикалық конференцияға арнайы келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, қоғам қайраткері, Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Берік Әбдіғали, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай және филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер өз ойларын ортаға салып, жиналған жұртшылыққа қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ғасырларға созылған күресі, оның ішінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы тың деректер келтірді. Сондай-ақ, Ереймен көтерілісінің басшысы болған Жанайдар батырдың кенже баласы Талғат Жанайдарұлы және басқалары сөз алып, ой бөлісті. Конференцияда жасалған «Ерейментау - ұлт-азаттық көтерілісінің орталығы», «1916 жылғы көтеріліс: көзқарас, ұстаным, қағида», «Ұлт-азаттық көтерілістер тарихындағы Ерейментау көтерілісінің орны» және «Ереймен көтерілісінің көркем әдебиеттегі көрінісі және ақын Олжабай Нұралыұлының тағдыры» атты баяндамалар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Жалпы, Ерейментау ауданында тарихты зерделеп, өткенімізді екшеп, қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрескен батырларды, ұлан-ғайыр сахарада орын алған тарихи оқиғаларды жалынды жырларымен әспеттеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған шайырлар мен от ауызды ақындарды, басқа да халқымыздың игі жақсыларын еске алуға арналған шаралар жиі өтетіндігін ерекше атап өту керек. Осындай алғашқы ұлан-асыр той сонау 1991 жылы қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған астан бастау алады. Сол жолы елімізе алғашқы рет үлкен талант иесі, атақты режиссер Жақып Омаров кең далада өте ауқымды театрландырылған қойылым көрсетіп еді.

Бұдан кейін де ауданда талай ауқымды шаралар өткізілген болатын. Мәселен, осыдан он жыл бұрын ереймендік кәсіпкер Қанай Омаров бас-тап, белгілі ақын Сайлау Байбосын қостап ақын Аманжол Әлжановтың 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өткізіліп, оған айтыстың өкіл әкесі Жүрсін Ерманның атақты жүйріктері қатысып, ереймендіктерді отты жырларымен сусындатқаны аудан тұрғындарының әлі есінде болар. Осы жолы да еліміздің әр өлкесінен жас ақындар сайысқа шығып, жыр сүйер қауымды тағы бір қуантты.

Бұл арада ерекше назар аударатын бір мәселе, ол жоғарыда айтып өткеніміздей, ереймендіктердің тарихқа, оның ішінде Ереймен өңірінде болған айтулы оқиғаларға, осы өлкенің батырлары мен ақындарына, басқа да біртуар азаматтарына деген айрықша құрметі. Бұл үрдісті аудан әкімі, білікті басшы Ермек Нұғыманов жалғастырып отыр. Бұған дейін де облысымыздың бірнеше ауданын басқарған ол әрдайым өзінің қазақтың тарихына, тілі мен діліне деген ілтипатымен, ұлт жанашыры ретіндегі қасиетімен танылып жүр. Сондай-ақ, әкімнің игі бастамаларын іліп әкетіп, мұндай шараларды ұйымдастыруда іскерлік танытып жүрген аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Камила Ахмедиянованың, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаевтың еңбектерін атап өткен жөн. Бұл арада әрине, үнемі осындай шаралардың басы-қасынан табылатын белгілі ақын Сайлау Байбосынның аудан тарихын зерттеу мен мәдениетін алға тартудағы үлесі қомақты екендігі ақиқат.

Ерейменде өткен шараның бастауы болған ғылыми-практикалық конференциядан соң қоғам қайраткері Берік Әбдіғали өзінің «Торғай көтерілісі. 1916-1917жж.» (құжаттар, мақалалар) атты кітабының тұсаукесерін жасап, осы Ереймен көтерілісіне қатысқан адамдардың ұрпақтарына, ауданның құрметті азаматтарына, өлкетанушыларға, журналистерге  1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығының құрметіне шығарылған естелік медальдар тапсырды.

Әрине, қазақтың тойы бәйгесіз өткен бе, бұл жолы да Ақкөл, Бурабай, Шортанды, Аршалы аудандарынан бабы келіскен палуандар мен сәйгүліктерін баптаған шабандоздар келді. Жарыс қорытындысы бойынша 20 шақырымдық аламанда Өлеңті ауылынан келген Нарымбай Абзал тізгіндеген сәйгүлік мәре сызығын бірінші болып өтсе, Бурабай ауданының өкілі Рахат Әзімов екінші орынды місе тұтты. Ал, 10 шақырымдық шабыс-та Ақкөл ауданының аты (шабандоз Нұрлыбек Байнұр) бірінші, Бестөбенің тұлпары (Айдар Бексейітов) екінші, Астана қаласынан келген Данил Ефремовтың аты үшінші келді.

Көпшілік қызыға күткен көкпаршылар сайысында  «Ақмырза» командасы (команда капитаны Аман Сәбитов)  бірінші орыннан көрінді. Сондай-ақ,  палуандар күресі де қызықты өтіп, жас жеткіншектер болашақта мықты спортшы болатындықтарын көрсетті.
Сонымен Ерейментау ауданында өткен тағы бір  үлкен той өз мәресіне жетті. Бұл арада осы бір игі шараны жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ете білген ұйымдастырушыларға, әркез осындай тәрбиелік мәні зор тамаша істерге бастамашы бола білетін аудан басшылары мен тиісті мамандарының еңбектерін атап өту керек.

***
Аталмыш шараға байланысты өткізілген айтысқа Талдықорған, Қарағанды, Өскемен, Семей, Кереку, Көкшетау, Екібастұз қалалары мен Ерейментау ауданының ақындары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.  Құрамында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек, Целиноград аудандық газетінің редакторы, Жанат Түгелбаев, Ерейментау ауданының құрметті азаматы Манап Әдрешов, ақын Аманжол Әлжановтың немересі Қанай Омаров және  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев бар қазылар алқасы ақындардың өнерін таразылады. Айтысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Сайлау Байбосын жүргізді.
Сахнаға алғашқы болып Ерейментау ауданының ақыны Қабдіжәлел Сахария мен Екібастұз қаласының ақыны Алмагүл Жүгінісова шықты. Сөзді Қабдіжәлел Сахария бастады. Халықпен қысқа амандасып алып, осы елден шыққан тұлғаларға бір-бір ауыз өлең арнады. Сөз арасында «Киелі Тоқмағамбет мешітінде, бес уақыт үзілген жоқ намазымыз» деп Тоқмағамбет хазіреттің мешітінде намаз оқып, дінді берік ұстанып жүргені жайында айтып кетті.

Содан соң қасындағы өзінен екі мүшел кіші Алмагүлге бұрылып «Жаз мысалы көрініп жамалыңнан, күз мысалы төгіліп қабағыңнан. Аузыңнан гүл, көзіңнен нұр шашылып, ерекше құпия сездім жанарыңнан» деп көркем сөзбен қыз бейнесін суреттеп, артынша «Мұндай сұлу аруды көрген кезде дәрет бұзылып, жаңылар ма екем намазымнан» деп салды. Тыңдап отырған жұрт алдымен күліп алса, артынша мынау қартайғанда не айтып отыр деп тіксініп те қалған. Алмагүл өз кезегінде қызға лайықты әдемі мақамымен, әуезді үнімен жауап берді. Халықпен амандасқан соң,
«...Керекуден келгенде,
Кермаралдай керіліп,
Айтыстың болып іңкәрі,
Алдымнан шығар деп едім,
Шежіредей өріліп,
Жүзінен нұр төгіліп,
Тоқан хазірет ұрпағы...
Алдымнан міне, шықты ғой,
Сүйектері саудырап,
Сақал-мұрты жалбырап,
Ерейменнің бір шалы.
Өлеңтінің бойында,
Ерейменнің тойында,
Алдымнан шығар деп едім,
Ер жігіттің сұлтаны.
Үлбіреп тұрған үмітті,
Осындай шалдар құртады,- деп қайырды. Айтыстың барысы осы мағынада өрілді.  Жалпы алғанда, қазақ халық ауыз әдебиетінде мұндай жанрдағы айтыстар болған. Бірақ, Біржанның өзі Сараға бұлай айтпаса керек-ті. Бүгінгі заманда алпысқа келіп, сахнада ару сүйемін деп айқайлау тіпті, ерсілеу көрінеді.  Айтыстың екінші жұбы болып, Өскемен қаласынан келген Ерлан Дәулет пен талдықорғандық Аягөз Серікқызы шықты. Ерланның сөзі кесек, екпіні қатты сезілгенімен, жаттандылығы байқалып тұрды. Аягөзге қаратып айтқан сөздерінің қисынсыз жерлері болды. Мысалы, «Аягөз Жетісудың гүлі сынды, байқаймын тұлғасы да ірі сынды...» деді. Қызды гүлге теңеу дұрыс. Бірақ, тұлғасын ірі деп айту жараса ма? Нәзік, талдырмаш десе бір жөн. Атам қазақ тұлғасы ірі деп ер адамға қатысты айтпаушы ма еді? Содан кейін айтысын «бұл айтыста ағайын тапқандаймын, болашақ жарым дейтін туысымды» деп жалғады. Қазақ жарын, жұбайын, қалыңдығын туысым деп айтушы ма еді? Жалпы, туыс деген сөздің түпкі мағынасы бірге туған дегенге саймай ма?

Ал Аягөзге келетін болсақ, бұл ақын қыз өткен айда ғана Зеренді ауданында «Желтаудың желмаясы» атты тарихи этномәдени көрмелер фестивалінің аясында ұйымдастырылған облыстық айтыста Зеренді ауданының атынан шығып, бірінші орын алған болатын. Соңғы жылдары облысымыздан республика деңгейінде айтысатын ақынның шықпағаны бәрімізді алаңдатушы еді. Зеренді ауданына орта көріп, топқа түсіп төселіп қалған ақынның келгеніне де сол үшін қуанғанбыз. Алайда, осы айтысқа Аягөз Талдықорған қаласының атынан шығыпты. Алғаш көргенде алды-артын танып қалған, сөзінен сүрінбейтін ақын деп ойлап едік, олай болмады.

Тыңдай-тыңдай мезі қылған Айнұр Тұрсынбаеваның мақамына салып алады да отырады. Әрине, айтысуға жеңіл шығар, бірақ, ақындық жолда өсу үшін біреудікін қайталамаған абзал. Орынбай, Шөжелер, Арыстанбайларды есептемегенде, мың құбылтып ән салған өзіміздің Үкілі Ыбырайлардың мақамдарын неге қолданбасқа?! Мейлі, Арқаның әуендерін місе тұтпаса, тоқсан түрлі мақаммен топқа түскен Жамбылдың бір мақамын үйренсе болар еді. Аягөздің амандасуы да, Айнұр апасының баяғы сүрлеу соқпағындай естілді. «Алла деп келдік алдыңа, біссіміллә сөзден тіл қатып...» деп бастап, «...Бауырыңда тумақ түгілі, алдыңа келу бір бақыт» деп түйіндей салды. Ол аздай, Зерендідегі айтыста айтқан сөздерін осы жолы тағы да айтты. Содан да шығар, тілі жатық, өзін еркін ұстап екінші айналымға шықты. Осындай кейбір кемшіліктерін есептемегенде айтыс біршама сәтті шығып, көрерменді сергітіп тастады. Үшінші жұп болып керекулік Қайролла Хафиз бен семейлік Серік Қуанған шықты. Олар да жақсы айтыс көрсетті. Төртінші жұп та Қарағанды қаласынан келген Ботагөз Мұхиден мен көкшетаулық  Оюлы Қуаныш Оспан сөз қағыстырды.

Қуаныш айтысты жақсы бастап, тақырыпты ашып, осы елдің игі жақсыларын тізіп шығып көрермен көңілін бір көтеріп тастады. Одан соң қарсыласына бұрылып:
«Ботагөз сені көрсем күлімдедім,
Жөн болмас бүгін енді сүрінгенім.
Негізі ұшық шығып ауырып жүр ем,
Онша емес болып тұр ғой түрім менің...»
деп айтыста сол ұшығын емдеу керек деп соқты. Оған Ботагөз де есесін жіберген жоқ.
«Қуаныш қызды көріп қылпып отыр,
Үйіндегі әйелін ұмытып отыр.
Аузымдағы ұшықты емдейсің деп,
Аузының суын да құртып отыр.
Қарағым, сүйе алмаймын, дәмеленбе,
...Ботагөз алыстан-ақ үркіп отыр...
Бұл жерде мен ғана емес, Қуанышжан,
Аузыңа қараған жұртың отыр...
деп тыйып тастады. Екеуінің айтысы әдемі, жарасымды шықты.
Бесінші жұп болып көкшетаулық Нұрислам Әбділ мен керекулік Оңғар Қабден шықты. Екеуі орта деңгейде айтыс көрсетті. Нұрислам биыл көктемде облыс орталығында өткен айтыстағыдай бұл жолы  да тапқырлық танытып, халықты баурай алмады. Екеуі айтыс жүргізіп отырған Сайлау Байбосыннан тақырыптан ауытқып кеттіңдер деген ескерту алып, келесі айналымға өтпей қалды. Айтыстың соңғы алтыншы жұбы болып ерейментаулық Құрмет Құралхан мен  керекулік Алтынбек Мақсатхан шықты. Екеуі де тартымды, жарасымды айтыс көрсетті.
Қазылар алқасының ұйғаруымен екінші айналымға төрт ақын шықты. Алғашқы болып Серік Қуанған мен Құрмет Құралхан өнер көрсетті. Екінші жұпта болып Аягөз  Серікқызы мен Ерлан Дәулет айтысты. Алғашқы екеуі сол жерде суырып салып айтысса, кейінгілері халыққа тағы да театрландырылған қойылым қойғандай әсер қалдырды. Аягөз орнынан тұрып қарсыласына шай құйып берді. Шай құюдың айналасында әдемі әзілге құрылған дайын өлеңдерін орындап беріп, екеуі айтыстың соңғы айналымын сәтті аяқтады.
Қарапайым көрерменге мұның бәрі тамаша көрінеді. Алайда, айтыс ақындарынмен араласып, басқа жерлерде өткен айтыстарды ғаламтордан көріп, тыңдап жүрген жыр сүйер қауымды алдау қиын. Мұхтар Әуезов «Әдебиет - ардың ісі» демеп пе еді? Ауданда отырып, алты алашқа сауын айтып, бас жүлдесіне 200 мың теңге тігіп, әр ақынның келіп кетуін, күтіп алып, шығарып салуына дейінгі барлық жағдайды жасап жатқанда, бір сөзін екі сатқан ақындарды көріп қынжыласың. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені семейлік Ерлан Дәулет жеңіп алса, бірінші орынды Өскемен қаласынан келген Қуанған Серік қанжығасына байлады. Екінші орынды Құрмет Құралхан иеленді. Үшінші орын Аягөз Серікқызына бұйырды...» 

Күзгі егін орағын ойдғыдай өткізу мәселесі газеттің 23 тамызда санында да жарық көрді. Оны «Міндет айқын, меже белгілі» тақырыбында шыққан мақаладан науқанға дайындық жұмыстарының пысықталғанын, диқандардың ораққа толық әзір екенін байқауға болады.

«...Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен Есіл ауданының «Заречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2016 жылдың егін орағын ұйымшылдықпен, қысқа мерзімде, сапалы атқарып шығудың алда тұрған міндеттеріне арналған облыстық семинар-кеңес болып өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары, аудандар мен қалалардың әкімдері, бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалардың, шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының, элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары, шағын және орта бизнес, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бұл жолы аталған семинар-кеңестің облыстағы алдыңғы қатарлы серіктестіктердің бірі - «Заречное» ЖШС-де өтуі осы шараға қатысушылардың көңілінен шықты. Уәлихан Әріпов басқаратын шаруашылық элиталық тұқым бағытын ұстанған. Мұнда төрт жүзден астам адам еңбек етеді. Серіктестіктің күшімен салынып, жұмыс істейтін наубайханада тәулігіне 500-800 бөлке нан пісіріліп, орталық асханаға түседі. Жергілікті тұрғындар үшін нанның бағасы - 43 теңге.

Әлеуметтік-мәдени нысандарға бір орталықтан жылу тартылған.
Алдымен, семинар-кеңеске қатысушылар Калачи селосынан көшірілген зейнеткерлерге арналып күрделі жөндеуден өткізілген сегіз пәтерлі екі қабатты үйде болып, сонда тұрып жатқан қариялардың тұрмысымен танысты. Аталмыш үйдің тұрғындары жағдайларының жақсы екендіктерін айта келіп, қамкөңіл адамдарға жасап отырған қамқорлықтары үшін облыс әкімі Сергей Кулагинге, шаруашылық басшысы Уәлихан Әріповке алғыстарын білдірді. Содан кейін екі топқа бөлініп серіктестіктің өндірістік нысандарын, егінжай алқаптарын аралады. Аудан әкімі Аманбек Қалжанов бастап алып жүрген алғашқы топ, одан кейінгі топ мүшелері де шаруашылықтағы жинақылықты, өндірістік құрылымдардың мықты екенін көріп, шаруаны осылай дөңгелетіп жүргізіп отырған басшыларға ризашылықтарын жасыра алмады.

Өңір басшысы Сергей Кулагин бастаған топ Заречное селосының кескін-келбетімен, әлеуметтік жағдайымен таныс-
ты. Келген қонақтар село көшелерін аз уақыттың ішінде автобус-тармен аралап шықса да, мұндағы еңбек адамдарына туғызылған қолайлы жағдай, инфрақұрылымның жете дамытылуы көзге айқын көрініп тұрды. Тұрғын үйлердің бәрінде ұқыпты қолдардың табы бар. Көше жолдары тегіс әрі түзу, айнала жайқалған ағаш. Бұрыннан келе жатқан, әлі күнге сыны кетпеген ескі үйлер мен жаңадан салынған үйлер де бір-бірімен өзара жарасым тауып, көзге жылы ұшырайды.

Селолық мәдениет үйінің ғимараты да заречныйлықтардың мақтанышы. Оның жанындағы «Бәйтерек» стадионы село тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Осыдан екі жыл бұрын стадион шаруашылық есебінен күрделі жөндеуден өткізіліп, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары жасалды. Жүгіру жолдарына жасанды жамылғы төселді. Күнделікті жұмыстарынан қолдары сәл босай қалған сәтте ауылдың жастары осында келіп, волейбол, футбол ойнауды дәстүрге айналдырған. Жасы келген адамдар да стадионда серуендеп, бой жазғанды ұнатады.

Келген қонақтар заманауи озық үлгімен салынған дәнді және майлы дақылдарды алғашқы тазалаудан өткізетін кешенде болып, оның жұмысымен танысты. Данияда шығарылған астық тазалайтын «WESTPUP» желісі индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, былтырғы жылы пайдалануға берілген болатын. Аталмыш нысанды салуға 246,5 миллион теңге жұмсалған, жаңадан жұмыс орны ашылған. Фирма менеджері Заман Рахымов келгендерді астық тазалайтын қондырғының жұмысымен таныстырып, оның жұмыс істеу процесі жайлы айтып берді. Сағатына жүз тонна өнімді тазалаудан өткізе алатын қондырғының артықшылығы, алқаптардан жаңа ғана әкелінген дақылдарды бір жағына салсаң, екінші жағынан тап-таза болып тазаланған астықты аласың.

Одан кейін серіктестіктің мал фермасына келген семинар-кеңеске қатысушылар бұл жерде де ұқыптылықтың куәсі болды. Малдың жем-шөбін салатын оттықтардың маңайы тап-таза, бей-берекет шашылып жатқан ештеңе жоқ. Серіктестікте бес мыңнан астам асыл тұқымды қара мал, осыншама шошқа және жылқы өсіріледі. Қазіргі уақытта 1200 бас ірі қара бордақылауда тұр. Мұнда мал соятын цех, зертхана жұмыс істейді.
Шаруашылықтың сұрыптық-сынақ телімінде болып, дақылдардың алқаптарға орналастырылып, қалай баптап, күтілгенін өз көздерімен көрген қонақтар мұндағы егіншілік мәдениетінің жоғарылығына одан сайын тәнті бола түсті. Барлық егін алқаптары бірінен-бірі асып, бір қылау жоқ, тап-таза күйінде жайқалып тұр. Қою сабағы да, дән толысқан масақтары да көңілден шығады. Әр алқаптың жиектері ұқыптылықпен жыртылып, тақтайшалар орнатылған. Негізінен, пісуге таяп қалғанымен, әлі кей тұстары жасылдау. Бабына келсе, бүгін-ақ өнімін төгіп беретіндей.

 «2016 жылдың астық жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізудің дайындығы мен міндеттері туралы» мәселені қараған облыстық семинар-кеңесті облыс әкімі Сергей Кулагин ашып, жүргізіп отырды. Кеңесті ашқан облыс әкімі аграрлық аймақ болып саналатын өңіріміз үшін аса маңызды орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізуде елеулі рөл атқаратын осы басқосуда түйткілді мәселелердің бүкпесіз айтылып, оны бірлесе шешу қажеттігін атап өтті. - Агроөнеркәсіп кешені облысымыздың экономикасының ең маңызды салаларының бірі болып табылады. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, оларды өңдеу мен тұтынушыларға жеткізу бойынша барлық шаруашылық салаларын қамтиды. Қазіргі таңдағы агроөнеркәсіп кешенінің басты міндеті - еліміздің, оның ішінде өңіріміздің тұрғындарының әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды саналатын орақ науқанын уақытында әрі сапалы өткізу, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Бұдан кейін жиналғандар алдында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан биылғы күзгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы баяндама жасап, осы тұрғыдағы басты мәселелерге тоқталды.
Қазіргі таңда облыс бойынша барлық егістік алқаптың 3757,5 мың гектары немесе 86,8 пайызында астық шығымы жақсы, 571,2 мың гектарда жағдай қанағаттанарлық.

Жалпы, мамандар ауыл шаруашылығы  дақылдарының шығымына қарап, орташа есеппен әр гектарынан 12,7 центнерден шаққанда 5,1 миллион тонна астық  алынады деп болжанып отыр.
Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде. Биылғы науқанға 8445 астық комбайны жұмылдырылады деп жоспарланған, оның 2658-і алымдығы жоғары шетелдік техника болып отыр. Бұл техниканың қазір 100 пайызына жуығы дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы мен астық орылатын алқапты ескеретін болсақ, 1 комбайнға жүктеме 512,6 гектардан келеді. Егер ауа райы тосын мінез танытпай, жұмыс дұрыс ұйымдастырылып жатса, тәулігіне 170 мың гектар алқаптағы астықты еңсеру арқылы науқанды 20 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар.

Ал, жаткаға келетін болсақ, облыста оның саны 2629, оның 100 пайызы, жүк көлігінің 99 пайызы және трактор тіркемесінің 99 пайызы жұмысқа  әзір. Сонымен қатар, облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының да дайындығы пысықталуда.
Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдану - осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, оны жинауды неғұрлым қысқа мерзімде шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізетіні анық. Осы ретте облыста ауыл шаруашылығы кешендерімен машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта соңғы 3,8 жылда облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқанға қажетті 976 комбайн, 1034 трактор және 282 көктемгі егіс кешенін сатып алған. Ал, биылғы жылдың 8 айында осындай 151 комбайн, 148 трактор қосылды.

Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 77 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 46 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қоры жасалынған.

Егін орағы кезіндегі ең басты мәселе ол астық қабылдау кәсіпорындарының  дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар  62 астық сақтау кәсіпорны қатысатын болады. Бұл кәсіпорындарда 3,9 миллион тонна астық сақтауға болады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық сыятын қоймалар бар. Осыдан-ақ, алынған астықтың  далада қалмайтынын байқауға болады.

Өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда.

Семинар-кеңесте баяндамадан кейін жарыссөз басталып, алдымен «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің директоры Жексембай Қасқарбаев биылғы жылғы орақты өткізудің технологиялық ерекшеліктеріне тоқталып өтсе, Сандықтау ауданының әкімі Асылбек Исмағамбетов күзгі науқанға дайындықтары жайлы айтып өтті.

«Заречное» ЖШС-нің басшысы Уәлихан Әріпов пен Астрахан ауданына қарасты «Фермер-2002» ЖШС-нің басшысы Валерий Пельцер өз шаруашылықтарындағы атқарылып отырған жұмыстар жайлы айтты. Көпшілікті осы семинар-кеңесте күзгі жиын-терім кезінде ауа райының қандай болатындығы толғандырған еді. Ақмола облысы бойынша «Қазгидромет» директоры Нұрлан Бектұровтың айтуынша, орақ науқаны кезінде күн қабағы негізінен жаман болмайтын сияқты. Тек аздаған жауын-шашынды болады деп күтілуде.

Семинар-кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин алдымен, осы бір сындарлы сәтте облыс егіншілерінің алдында тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Ол алдымен, біздің егістік алқаптардың жақсы жағына көп өзгергенін, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер астық шығымы үшін сапалы элиталық тұқымдарға ынталы бола бастағанын ерекше атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияларда кемшілік жоқ. Берілген субсидияларды тиімді пайдалану, жеңілдетілген несиелерді уақытында қайтару әр аудан, шаруашылық үшін бұлжымас міндеттердің бірі болуы тиіс. Бүгінгі диқан әр егіс алқабына жеке көзқарас керек екендігін де естен шығармауы керек. Ол дегеніміз, сол алқаптың өзін де, дақылы мен тұқымын да баптап, елеп-екшеп отыру.

Сонымен, сындарлы шаққа соңғы дайындық шаралары пысықталған маңызды жиын да мәресіне жетті. Енді бір он күнде дала төсі жылдағы жаппай дүбірлі аттанысқа ұласқалы тұр. Бұл жағынан міндет - айқын, меже - белгілі. Ол биылғы тәуір өнімді шашау шығармай, уақытында жинап алу. Ендігі басты меже шынында да жауапты науқанға жұмыла кірісіп, көзделген міндет үдесінен шығу болса, бұған ақмолалық диқандардың күш мүмкіндігі мен қажыр-қайраты толығымен жетеді деп білеміз.

Жексембай ҚАСҚАРБАЕВ, «Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры:- Жыл сайын күзгі орақ науқаны алдында дайындық жұмыстарын пысықтау бағытында агрокеңес өткізу дәстүрге айналған. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып отыр. Көктем мен жаз айларында ауа райының құбылмалы болғаны баршаға аян. Жаздың бел ортасында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан ылғал мол болды. Бұл әрине, егіндегі септориоз тәрізді аурулардың белең алуына себепші.   

Дегенмен, шаруашылықтардың егін егу технологиясын қатаң сақтауға баса көңіл бөлінуі мен агротехникалық шараларды тиісті деңгейде жүргізуінің арқасында тәуір өнім алуға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Егіннің шығуы орманды жерлерде кештеу, далалы аймақтарда ерте пісіп келе жатқаны байқалады.
Сол себепті, тұқым себу мерзімін әр аймақ жергілікті жердің ерекшеліктеріне орай дұрыс анықтаулары қажет. Жалпы, биылғы бидайдың сабағы да, масағы да жақсы, көңілден шығады. Ал, сапасы алдағы күндер мен қыркүйек айындағы ауа райына  тікелей байланыс-ты болатыны сөзсіз.

Асылбек ИСМАҒАМБЕТОВ, Сандықтау ауданының әкімі:- Биыл Сандықтау ауданы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 301 мың гектарды құраса, оның 278 мыңы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарына тиесілі.  Сонымен қатар, 12,4 мың гектар майлы дақылдар, 10 мың гектар мал азығы, 800 гектар картоп және көкөніс өсіру де қолға алынды.  Ағымдағы жылы жауын-шашынның көп болуы аудандағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдайды күрделендіріп жіберді. Әсіресе, арамшөптермен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары ауруымен және зиянкестермен күреске зор көңіл бөлінді.

Бұл бізге өздеріңіз көріп отырғандай жақсы өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы мақсатта көктемгі дала жұмыстарына «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 68  мың гектар алқапқа дән сіңіру үшін 408 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған қоса соңғы 3  жыл ішінде аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 58 комбайн, 12 жатка, 38 жүк көлігі және 72 трактор сатып алынды. Жанар-жағармай мәселесі де оң шешілуде.

Уәлихан ӘРІПОВ, Есіл ауданындағы «Заречное»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:  - Бүгін біздің «Заречное»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аумағында бас қосып, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесін өткізіп отырғанымыз -біз үшін үлкен абырой. Бұл біздің ауылда соңғы ондаған жылдарда өтіп отырған ірі жиын. Естеріңізде болса, біздің шаруашылықтың кеңестік дәуірде де астық өндіру бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, үлкен мәртебеге ие болған еді. Бүгін сол үрдіс жалғасын табуда. Осында келіп, халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан игі істермен танысып, оң баға беріп отырған басшыларға алғысым шексіз. Биыл көктем және жаз айларында біздің егістік алқаптарда да ылғал көп болды.

Сондықтан, барлығы 32 мың гектар егістік алқабымызда көктемгі дала жұмыстарын қазіргі заманғы озық технология бойынша жүргізуге тура келді. Бұл бізге өздеріңіз көріп отырғандай ауданның басқа шаруашылықтарымен салыстырғанда жоғары өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы, біздің шаруашылықта егіншілікпен бірге мал шаруашылығы да қарқынды дамыған. Осының арқасында өздеріңіз көріп отырғандай әлеуметтік салаға зор көңіл бөліп келеміз.  
Валерий ПЕЛЬЦЕР, Астрахан ауданындағы «Фермер-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:- Бүгін диқан қауымы үшін шешуші кезең туып отыр. Табиғаты құрғақ аймақта ылғал сақтағыш технологияны енгізудің маңызы зор. Сондай-ақ, егін шығымдылығына тұқым себу мерзімін дұрыс анықтап алудың да үлкен әсері бар. Сондықтан, әр шаруашылық табиғат жағдайына қарай тұқым себу мерзімін өздері белгілеп, анықтағаны жөн. Биыл біз тыңайтқыштарды қолданудың тиімді екендігіне  анық көз жеткізіп отырмыз.  

Мол өнім алудың негізгі кепілі сапалы тұқымға байланысты екендігін ескерсек, бұл мәселені де естен шығармаған жөн. Сондықтан да, шаруашылықтар ең алдымен, тұқымның сортын дұрыс таңдауды шешіп алғандары жөн.

Соңғы жылдары шаруалар ылғал сақтағыш технология, химиялық өңдеу сияқты шараларды жиі қолданылуының арқасында егіннің сапасы жақсарып келеді. Осы күні шаруалар тұқымға, жерге үлкен жауапкершілікпен қарайтын болды және әр жылы қандай бидай тұқымын және қай уақытта егу әдісін үйреніп отыр. Соның арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз.

Нұрлан БЕКТҰРОВ, гидрометеорологиялық станциясы орталығының директоры: «Әр уақытта да диқан қауымы үшін науқан кезінде  ауа райының жайлы болуы маңызды. Сондықтан, егін орағы кезінде ауа райының қалай болатындығы ең бірінші осы салада еңбек ететін жұртшылықты толғандыратыны анық. Биылғы жылғы ауа райы 2011 жылдағыға өте ұқсас. Ауа райын болжау орталығының мәліметтеріне сай тамыз айының үшінші онкүндіктерінде күн ашық болады деп күтілуде. Күндіз ауа райы орташа 25 градус шамасында  жылы болмақ. Түнде де жылдағы нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтілуде.  

Қыркүйек айына келетін болсақ, ай бойы ауа ра-йында соншалықты өзгеріс болады деп айта алмаймыз. Дегенмен, жалпы алғанда қыркүйек айының соңғы күндері жер-жерде жаңбыр жаууы ықтимал. Тіпті, айдың соңында кей жерлерде жауған жаңбырдың соңы қарлы жаңбырға ұласуы ықтимал. Жалпы алғанда, ауа райы егін орағына анау айтқандай үлкен кедергісін тигізе қоймайды деген ойдамыз. Бірақ, осыған қарап, арқаны кеңге салып отыра беруге болмайды. Ширақ қимылдап, науқанды дер кезінде еңсерген диқан ғана ұтатынын ескергеніміз абзал...»

Соңғы жаңалықтар