«Миллионға татитын идея»: Студенттер жаңа ойын түрін ойлап тауып, грант ұтып алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Монополия», «Alias», «Уно» және «Теңіз шайқасы» секілді ойындардан бөлек тағы бір жаңа ойын түрі пайда болды. Оны қазақстандық тапқыр өрендер ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тұңғыш Президент қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Age of Business» («Бизнес дәуірі») - бизнес-процесс элементтерінен және қаржы, экономика, инвестиция жөніндегі викториналық сұрақтардан құралған үстел ойыны. Идея авторы - Каспий университетінің студенттік командасы. Олар өз жобасын шындыққа айналдыру үшін Тұңғыш Президент қорының грантын жеңіп алды.

Жастар бесінші жыл қатарынан «Тірегі сендер елімнің» студенттер фестивалі аясында ұйымдастырылған республикалық «Жас толқын» олимпиадасының гран-приін иеленді. Олимпиада жастарды инновациялық ортаға тартуды көздейтін бірнеше конкурстық тапсырмадан тұрады.

«Жас толқынның» қатысушылары жалпы білім пәндері бойынша сұрақтарға жауап берді, студенттік өмір туралы роликтер көрсетті, дене дайындығы бойынша президент сынағын тапсырды және «Миллионға татитын идея» кезеңінде инновациялық бизнес-жобаларын қорғады. Соңғы турдағы басты талап - жоба жаңашылдыққа толы, жастарға арналған, ал бастапқы инвестиция бір миллион теңгеден аспауы керек.

Тұңғыш Президент қорының грантын жеңіп алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодардан келген 7 студенттік команда бақ сынады. Студенттердің идеялары адам өмірінің түрлі салаларын қамтыды. Жас қазақстандықтардың инновациялық жобаларының ішінде тұрмысы төмен отбасыларға көмектесетін сайт, қоқысты бөліп жинау жүйесі, дұрыс тамақтану буфеті, суды және электр қуатын генерациялайтын құрылғы және сондай-ақ фитоқабырға болды.

Дегенмен, олимпиада қорытындысы бойынша әділ қазы алқасы бірауыздан «Age of Business» үстел ойынының авторларын жеңімпаз деп таныды. Қалған 6 команда Тұңғыш Президент қорының бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар