Микрокредиттеу пайызбен ақша тарату ғана болмауы керек – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Микрокредит беру жай ғана пайызбен ақша тарату болмауы керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің алдымызда халықтың әл-ауқатын жақсарту, өмір сапасын жақсарту міндеті тұр. Азаматтарға өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруға, кредиттерді оңай алуға, отбасылық бизнес жүргізуге барлық мүмкіндіктерді жасауымыз қажет. Микрокредит беру жай ғана пайызбен ақша тарату болмауы керек», - деді Асқар Мамин Жамбыл облысы халқының табысын арттыруға бағытталған ілкі жобаны талқылау барысында.

Осы ретте Үкімет басшысы аймақ әкімі Асқар Мырзахметовке жобаны іске асыру кезеңінде қатаң бақылау болуы қажеттігін ескертті.

«Жалпы бұл жобаны сапалы және уақытылы іске асырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде жұмыспен қамтудың өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың табысын арттыруға және кооперацияның дамуына ықпал жасалады деп сенеміз. Осыған орай, Асқар Исабекұлы, келесі жылы ілкі жобаны іске асыру қорытындыларын қарастырамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Еңбек министрлігіне бір ай мерзімде ілкі жобаны іске асыру тетіктерін енгізуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар