Микроқаржы ұйымдарынан несие алудың талаптары қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова микроқаржы ұйымдары тарапынан микрокредиттер берудің талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттік 2021 жылдан бастап микрокредиттермен алаяқтықты болдырмау мақсатында тиісті қадағалау шараларын қабылдады. 2021 жылғы ақпанда Агенттік микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қатысты биометриялық идентификаттаусыз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен идентификаттаусыз электрондық тәсілмен микрокредиттер беруді тоқтатуға ұйғарым жасады. Бұған қосымша зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін МҚҰ алаяқтық тәсілмен алынған микрокредиттер бойынша сыйақы және айыпақы есептеуді тоқтатты, сондай-ақ кредиттік бюроға кредиттік тарихтарды түзету туралы ақпарат жіберілді», - делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының депутаттар сауалына берген жауабында .

Оның айтуынша, 2021 жылғы наурызда агенттік онлайн несие беретін барлық МҚҰ-ны клиентті нақты тексеруді және оны растауды, оның деректерін өтінімде берілген деректермен салыстырып тексеруді, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкес болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ клиенттің микрокредит алуға өз еркін білдіруін тіркеуге міндеттеді.

Микрокредиттерге қатысты алаяқтыққа жол бермеу үшін жүйелік деңгейде агенттік басқармасының 30 сәуірдегі №63 қаулысымен онлайн микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентификаттаудың жаңа тәртібі енгізілді. Енді онлайн микрокредит алу үшін қарыз алушыны идентификаттау тек электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе ҚР Ұлттық банктің ҚБЕО РМҚК СДАО сервисін пайдалана отырып, қарыз алушының биометриялық өлшемдеріне сәйкестігі, сондай-ақ нақты уақыт режимінде қарыз алушының жеке деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, оны заңсыз өзгерту, үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз іс-әрекеттерді жүзеге асыру анықталған жағдайда, МҚҰ екі жұмыс күні ішінде осындай іс-әрекеттердің себептері мен салдарларын жою үшін шаралар қабылдауға міндетті.

Айта кетейік, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға интернет алаяқтыққа қатысты еліміздегі ахуалды айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары онлайн несие берудегі алаяқтық әрекеттердің көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты бір топ депутат ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға сауал жолдады.


Соңғы жаңалықтар