Михаил Мишустин Қазақстанға қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысында РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин ЕАЭО шеңберіндегі өзара ықпалдастық туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысушылар, әріптестер, достар! Ең алдымен, өздеріңізге Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің ізгі тілегін жеткізгім келеді және Қазақстанға қонақжайлылық пен шараны тамаша ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын», - деп бастады сөзін Михаил Мишустин.

Оның айтуынша, Ресей Федерациясы интеграциялық құрылысты нығайтуға бағытталған бағдардың сабақтастығын қамтамасыз етеді.

«Бұл өңіріміздің экономикалық тұрақтылығы үшін қажет. Ресей Президенті Владимир Путин атап өткендей, ЕАЭО тұрақты дамып келе жатыр және өз тиімділігі мен қажеттілігін айқын көрсетіп отыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттер арасындағы өзара сауданың абсолютті көлемі бір жарым еседен астамға артты. Сыртқы сауда екі есеге жуық ұлғайды. Ішкі сауда айналымында қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар үлесі артып келеді. Біз бірге ең қиын сынақтарға төтеп бере аламыз», - деді Михаил Мишустин.

Оның айтуынша, сыртқы қысымға және күрделі халықаралық жағдайға қарамастан, ЕАЭО тиімді жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар туындаған мәселелерді өзара қолдау негізінде дер кезінде шешуге дайын. Бұл тәсіл тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

«Төрағалықтың басымдығы ретінде Ресей Президенті «бестіктің» технологиялық әлеуетін дамытуды, шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуді атап өтеді. Сондай-ақ цифрлық трансформация саласындағы өзара іс-қимылды жандандыру қажет, бұл ретте ЕАЭО ортақ нарығы жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындарды іске қосып, өндіріс процесіне заманауи шешімдерді енгізу үшін жағдайларды қамтамасыз етуі тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігі саласында біртұтас саясат жүргізудің де маңызы зор. Біз ортақ энергетикалық нарық құру бойынша бірлескен шешімдер қабылдауды жалғастыруымыз керек. Біз бірігіп, досымызға жатпайтын елдердің валюталарын пайдаланудан туындайтын экономикалық тәуекелдерді азайтуға тиіспіз», - деп атап өтті РФ Үкіметінің басшысы.

Оның айтуынша, тағы бір басымдық – жаңа көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ ЕАЭО мен сыртқы серіктестер мен халықаралық бірлестіктер арасында өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықты құру.

Бұған дейін Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар