Мигранттардың жүріп-тұруын есепке алу жүйесі қалай жұмыс істейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мигранттардың жүріп-тұруын бірыңғай есепке алу жүйесі қалай жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Үкімет отырысында «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын таныстырған Тамара Дүйсеновадан Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Мигранттардың жүріп-тұруын бірыңғай есепке алу жүйесі қалай жұмыс істейді?» деп сұраған болатын.

Сауалға жауап берген министр бүгінгі таңда уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелері дербес жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.

«Сондықтан ең бірінші мәселе - осы уәкілетті органдардың дербес ақпараттық жүйелерін біріктіріп, ықпалдастыру керек. Екіншіден, шетелден Қазақстанға келуге ниет білдіріп отырған азаматтар енді осы ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы тұрғылықты жерінен құжаттарын жіберуге мүмкіндік алады. Ал біздің елдегі уәкілетті органдар ақпараттық жүйе бірыңғай болғандықтан, келіп түскен құжаттарды бір жерден қарап, бірлесе шешім шығарады. Шетелдік азаматқа оң шешім беріліп, ол еліміздің аумағына кіргеннен кейін мобильді қосымшасына ЖСН-і де, уақытша тұру рұқсатнамасы да бірден беріледі. Яғни бұрынғыдай қағазбастылық болмайды. Бір мемлекеттік органнан екіншісіне бармайды. Қазір мұны Цифрлық даму министрлігімен бірге жүргізіп жатырмыз», - деді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар