Microsoft Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашады - Бағдат Мусин

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті достар! Мен тамаша жаңалықты алғашқылардың бірі болып бөліскім келеді – Microsoft Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашады!

Өткен жылы Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы аясында Нью-Йоркке жасаған сапары аясында Microsoft компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша бас директоры Мишель Симмонспен кездесу өткізіп, онда қазақстандық өкілдікті аймақтық хабқа дейін кеңейту мәселесі көтерілген еді. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы алдымызға осы бастаманы жандандырып, оны жүзеге асыруға қажетті жағдайларды жасау міндетін қойды.

Осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің және еліміздің Сан-Францискодағы Бас консулдығының, сондай-ақ Microsoft корпорациясының қазақстандық өкілдігінің қолдауымен бұл мәселені шешу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді. Менің Кремний алқабына сапарым барысында біз де бұл мәселені айналып өткен жоқпыз. Бүгін бізге қабылданған шешім жөнінде ресми түрде хабарланды», - деп жазады министр.


Ведомство басшысы мәлім еткендей, Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын. Ол Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия, Монғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды. Сондай-ақ корпорацияның ChatGPT сияқты көптеген сервистерінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланған.

«Бұл бізге қай жағынан тиімді? Microsoft қызметін локализациялау Қазақстанға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді. Осылайша, хаб Microsoft корпорациясының технологиялық даму және инновациялық орталығы бола отырып, шикізаттық емес технология салаларындағы өнімдерді өндіру мен экспорттауды ынталандыру арқылы адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканы нығайту драйверіне айнала алады», - дейді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар