Мейрамбек Бесбаев: Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше ғана «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистр дипломын қорғаған Мейрамбек Бесбаев әлеуметтік желіде өз атына айтылып жатқан сындарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қадірлі, достар! Өкінішке орай, біздің арамызда қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адамдар да кездеседі. Өзі ұстаз, өзі журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз Фейсбукте мені ғалым болып біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін. Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Ұлттық консерваторияда білімімді жетілдіріп, Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын бітірдім. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қуған жоқпын. Ел сөз қылмасын деп ашық диссертация қорғауға да келісім бердім. Келген адамдардың бәрі қорғаудың қалай өткенін көздерімен көрді. Түркияның, Әзербайжанның елшілігінен де арнайы өкілдер қатысып отырды. Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын. Кейде осындай сәттерде кімнің дос, кімнің дұшпан екені де белгілі болып қалады. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Баршаңызға тек қуаныш тілеймін», -  деп жазды Мейрамбек Бесбаев Инстаграмдағы парақшасында.

Айта кетейік, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Мырзантай Жақып Фейсбуктегі парақшасында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен  Білім және ғылым министрлігінің назарына!» деп пост жариялаған болатын.

«Кейінгі 6-7 жылда (2011 жылдан бастап) еліміздегі іргелі Ұлттық университеттердің магистратуралары мен PhD докторантураларына мемлекеттік білім гранттары бойынша оқуға түсіп, магистрлік және докторлық жұмыстарын қорғап, академиялық және ғылыми атақ-дәрежелер алып жатқан «әнші-теле-жұлдыздардың», сондай-ақ білім және ғылым салаларына мүлдем қатысы жоқ басқа да азаматтардың ағылшын, өзге де шетел тілдерінен емтихандарды қалай тапсырғанына, жазған диссертацияларына және отандық, шетелдік ғылыми журналдарға жариялаған мақалаларына ресми түрде арнайы тексеру жұмыстарын жүргізулеріңізді сұраймын!», - деп жазған еді ол.

 

Соңғы жаңалықтар