Мейрам күндері санитарлық талап қатаң сақталуы қажет - эпидемиолог

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамының дәстүрлі ең басты тағамы - Наурыз көже. Құрамында көп компонентті өнім болғандықтан дәрігерлер оны тез бұзылатын тағамдар қатарына жатқызады. Яғни, ағазының уланып қалу қаупі жоғары. Осыған байланысты алматылық эпидемиолог Гауһар Кәткенова бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Наурыз көженің құрамының көп компоненттігі және оған сүт өнімдерінің қосылуы, көжені тез бұзылатын тағам өнімдеріне жатқызады. Сондықтан дайын көжені 4 ± 2 °С температурада 1 тәулік арасында ғана сақтауға ұсыныс береміз. Сақтау мерзімінің қысқалығын ескеріп, Наурыз көжені отбасы мүшелерінің немесе шақырған қонақтардың санына қарай әзірлеген жөн»,- дейді дәрігер.
Айтуынша, бұл күні дастарханға көжеден басқа ет тағамдары, салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер, қымыз, шұбат, құрт пен ірімшік, түрлі сусындар қойылады. Аталған тағамдарды әзірлеу және тұтыну кезінде сақтық шараларын естен шығармау керек.
«Мереке күндері тамақтан уланудың, жіті ішек жұқпаларының, ас қорыту жүйесінің жедел асқыну ауруларының алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береміз. Тамақтан уланудың, жіті ішек жұқпаларының алдын алу үшін үй жағдайында:
- гигиена ережелерін сақтаңыз, әсірсе қол жуу, ас үй тазалығы;
- шикі және дайын тағамдарды бірге сақтауға немесе оларды дайындауда бір бөлшектеу құралдарын қолдануға жол бермеңіз;
- сапасы күдік тудырған немесе айқын бұзылу (иісі, түсі, дәмі) белгілері бар шикізаттар мен тағамдарды қолданбаған жөн;
- кешегі дастарханнан қалған және тоңазытқышта сақталмаған өнімдерді жеуге болмайды.
Ас қорыту жүйесінің жедел асқыну ауруларының алдын алу үшін:
- әдеттегіден тыс көп тамақтанбауға, ашты, тұзды, құрамында көп дәмдеуіштер бар тағамдарды аз тұтынған абзал;
- егер өт жолдары мен ұйқы безінің созылмалы аурулары бар болса, оларды асқындырып немесе ұстамасына шалдықпау үшін майлы, майға қуырылған тағамдардан бас тарту керек.
Әдетте, мереке күндері азық-түлік және сауда нысандары аспаздық және кремді кондитерлік өнімдерді көп мөлшерде дайындайды. Бұл күндері әртүрлі салаттар, ет және балық тағамдары сұранысқа ие. Олардың сақтау және сату мерзімі қысқа. Сондықтан тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзіміне, сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болуына, оларды өткізу және сақтау шарттарына назар аудару қажет»,- дейді эпидемиолог.
Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауһар Кәткенова мегаполистегі қоғамдық тамақтандыру объектілері басшыларын санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Наурыз мерекесі күндері мына санитарлық талаптарды сақтау керек:
-өнімді сақтау шарттарын сақтай отырып, тез бұзылатын өнімдер мен дайын тағамдарды сату кезінде тоңазытқыш жабдығының жеткілікті болуын қамтамасыз ету;
- сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналдың жеке медициналық кітапшаларының болуын қамтамасыз ету;
- өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз ету;
- сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналдың жеке гигиенасын сақтау үшін жағдайлардың болуын қамтамасыз ету;
- қызметкерлердің арнайы киімінің болуын қамтамасыз ету (жеткілікті мөлшерде).
Бұдан басқа, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметкерлері мыналарды сақтауы тиіс:
- жеке гигиена ережелері және тазалық сақтау;
- азық-түлікті термиялық өңдеуді жүргізу, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді жақсылап жуу;
- шикі және дайын өнімдерге арналған кесу құралдарын мақсатына сай пайдалану;
- тағамдарды дайындау кезінде сапалы өнімдерді қолдану, шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;
- іс-шаралар басталғанға дейін тағам өнімдерін ерте дайындаудан, ерте дастархан жаюдан аулақ болуды және қажетті температуралық режимді сақтай отырып, олардың сақталуын қамтамасыз ету ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар