Мейірбике қызметін еш робот алмастыра алмайды - Елордалық маманмен сұхбат
2020 жылғы 12 мамыр 16:43

Мейірбике қызметін еш робот алмастыра алмайды - Елордалық маманмен сұхбат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 12 мамыр күні әлем бойынша Халықаралық медбикелер күні аталып өтеді. Атаулы күнге орай Нұр-Сұлтан қалалық «Көпсалалы медицина орталығы» операция бөлімшесінің мейірбикесі 27 жастағы Гүлжауһар Семсерхан мейірбикеліктің қыр-сыры туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген еді.

Гүлжауһар Семсерхан 2011 жылы Астана қалалық медицина колледжін бітірген. 2014 жылдан бері елордада бұрынғы Онкология орталығы, қазіргі «Көпсалалы медицина орталығының» операция бөлімшесінде мейірбике болып қызмет етеді. Қазір коронавирус эпидемиясына байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көпсалалы медицина орталығының жұқпалы ауруларға арналған изоляторында жұмыс істеп жатыр.

«Үш айдан бері осы орталықта коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеп жатырмыз. Әрине, бастапқыда өзімізде де қорқыныш болды. Науқастар да, мамандар да бұл кеселмен алғаш рет бетпе-бет келдік. Бірінші ауысымдағы жұмысымыз таңғы 8-де басталады. Кешкі алтыға дейін 5 рет науқастардың дене қызуын өлшейміз, тағайындалған дәрілерді таратып, ине егеміз, тамырға дәрі жібереміз. Таңертең және кешке науқастарды рентгенге және компьютерлік томографияға әзірлеп, анализге сынама аламыз. Екінші ауысымға келген мейіргерлер осылай таңға дейін кезекшілік етеді», - деп түсіндірді мейірбике ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.


Вирус жұқтыру қаупі жоғары топта жұмыс істегені үшін мейірбикеге ай сайын 850 мың теңге үстемеақы төленіп жатыр.

«Бұл жерде мемлекеттің медицина мамандарына қолдау көрсеткені үшін рахмет айтқым келеді. Сәуірден бастап елордадағы «Хилтон» қонақүйінде тұрып жатырмыз. Біз науқастармен байланысқан адамдар саналамыз, сондықтан отбасымызға емес, қонақүйге тоқтадық. Мұнда да өз бөлмемізден басқа жаққа, басқа қабатқа баруға болмайды. Тамақты да бір реттік ыдыспен, бір реттік стақанмен береді. Мұның барлығы қауіпсіздік шараларын сақтау үшін жасалуда», - дейді Г. Семсерхан.

Оның айтуынша, халықаралық мейірбикелер күнін әр медициналық мекеме назардан тыс қалдырмауға тырысады. Мекеме, басшылық тарапынан еңбегімен еленген мейірбикелерге құттықтау мен марапат қағаздары беріледі.

«Қазақстанда мейірбикелер өте тапшы, қоғамда бұл мамандарды жақсы қадірлейді. Елімізде мейірбикелерді бакалавр, магистратура, докторантура дәрежесінде оқытудың өзі - бізге берілген үлкен құрмет деп ойлаймын. Соңғы 3-4 жылда медициналық колледждер Жоғарғы медициналық колледждер деп аталып, Назарбаев университеті мен Медициналық академияда жоғарғы бакалавр дәрежесінде диплом беру үрдісі басталды. Әлемнің дамыған елдеріндегі бұл тәжірибе Қазақстанға да келді. Бұған дейін мейірбикелер мансабы аға мейірбике немесе бас мейірбике дәрежесімен шектелетін еді. Ал қазір одан да жоғарғы ғылыми дәрежелерді ала алады», - дейді маман.


Сонымен бірге, Гүлжауһар мейірбикелік қызметтің басты артықшылықтарын айтып берді.

«Қазір бірқатар мамандық жаңа технологияларға төтеп бере алмай, жоғалудың алдында тұр. Ал мейірбике қызметін ешқандай техника, еш робот алмастыра алмайды, жылдар бойы заман талабымен жаңаратын өміршең, өзекті мамандық болып қала береді. Оның артықшылығы - бірден-бір сұранысқа ие мамандық болуында. Яғни, кез келген елдімекенде немесе қалада лайықты жұмыс істеуге болады. Болашақта мейірбикелер шетелде тәжірибе алмасу мүмкіндігі көбірек берілсе екен деймін. Шетелде біліктілігін жетілдіріп, ауруханаларында тәжірибе алмасса деп ойлаймын», - деп пікір білдірді ол.

Гүлжауһар Семсерхан 7 жылға жуық уақыт бойы онкологиялық орталықта қызмет келеді. Ол операциялық бөлімде хирург ассистенті ретінде отаға қатысып, құралдарды, аппараттарды дайындайды.

«Онкологияны емдеу ісі де үздіксіз дамып келеді. Бұрындары отада үлкен тілік кесілетін болса, қазір лапароскопия жолымен жасалады. Көптеген науқастар кеселге көңіл бөлмей, кешігіп келеді. Сол жағы қиынға соғады. Осындай аурулардың алдын алу мақсатында қазір түрлі скрирнгтер ұйымдастырылады. Дені сау адам жылына бір рет денсаулығын тексертіп тұру керек. Оның үстіне, медициналық сақтандыру аясында тіркелген емханада барлық тексерулер тегін жүргізіледі», - деп кеңес берді мейірбике.

Сөз соңында мейірбике Қазақстандағы барша әріптестерін бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Барша әріптестерімді, төтенше жағдайда қызмет етіп жатқан барлық мекемелерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Мейірбикенің түп мағынасы - мейірім болғандықтан, маманның бойында бауырмалдық, мейірім, кәсіпке адалдық пен жанашырлық қасиеттері болуы керек. Науқастың толық жазылып кетуі мейірбикенің жұмысына, күтіміне тікелей байланысты. Мейірбике мен дәрігерді бөліп қарау мүмкін емес. Олар бірге жұмыс істеу арқылы ғана емдеу ісінде нәтижеге қол жеткізеді. Барша қазақстандықтарға және мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекке алғыс білдіремін», - дейді Гүлжауһар Семсерхан.


Айта кетейік, халықаралық медбикелер күні Қырым соғысында (1853-1856) санитарлар жасағын ұйымдастырып, оларға басшылық еткен ағылшын медбикесі - Флоренс Найтингейлдің туған күнінде - 12 мамырда жыл сайын тойланады. Әр екі жыл сайын Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысы ең үздік 50 медбикеге Флоренс Найтингейл атындағы медальді табыстайды.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT