Метрополитен полицейі өрттен 6 адамды құтқарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полиция қызметкері бірнеше адамды өлімнен арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция басқармасының Метрополитен патрульдік полициясының сержанты Әлімқыдыр Әділет төтенше жағдай болған күні кезекшілікте болған.

Жер асты өткелінде өз учаскесін күзетіп жүрген полиция қызметкері үй өртеніп жатыр деген хабарды естіген.

«Қасындағы серіктесіне түскен дабылды рация арқылы хабарлағаннан кейін, сержант Әлімқыдыр метрополитеннен көтерілген бойда, шатыры өртке оранып жатқан үйді көреді. Болған жайтты бақылап тұрған көршілерден, жанып жатқан үйде адамдардың қалғанын біледі. Өрт сөндіру қызметі осы сәтте жолда келе жатқан. Полиция сержанты көп ойланбастан отқа оранған үйге кіріп, жерде ес-түссіз жатқан ер адамды көреді. Оны көтеріп, сыртқа алып шыққан. Кейін анықталғандай, құтқарылған адам мас күйінде ұйықтап жатқан. Үй 4 бөлікке бөлінген, оның екеуінде әлі де адамдар болған. Полиция қызметкері уақытын жоғалтпастан үйдің үшінші бөлігіне жүгіріп барып, әжесі мен екі немересін алып шығады. Келесі тұрғындарға барған кезде есігі жабық болады. Бірақ сержант ішінде адамның бар-жоғын білмесе де, есік-терезесін қатты ұра бастайды. Ұйықтап жатқан екі әйел үйдің шатыры жанып жатқанынан да хабарсыз болып шықты. Әлімқыдыр құтқарылған адамдарды қауіпсіз жерге шығарып жатқан кезде, оның серіктестері - полиция лейтенанты Мұсахан Ардақ және полиция сержанты Тастан Асқар бақылап тұрған адамдардың жанып тұрған ғимаратқа жақындамауын қадағалаған», - деді Алматы полиция департаментінің Метрополитен полициясы басқармасының басшысы Тимур Өсекбаев.

Осылайша, полиция сержанты Әлімқыдыр Әділет азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғаудағы өзінің қызметін мүлтіксіз атқарып, адамдарды жалғыз өзі өрттен құтқарып ерлік жасады.

Соңғы жаңалықтар