«MetaGo-мен криптовалюталық табыс»: Өңірлерде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің үш қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен адамдар тобы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

«Жезқазған, Алматы және Астана қалаларының 4 тұрғыны «MetaGo» жобасы бойынша криптовалютаға инвестиция тарту желеуімен Жезқазған қаласының аумағында қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Алдын ала мәлімет бойынша, олар 600-ден астам адам және 124 миллион теңгеден астам салымшылар қаражатты тартқан.

Аталған тұлғаларды прокуратураның үйлестіруімен және ҚМА-ның талдау бөлімшелерінің әрекеттесуімен агенттіктің Ұлытау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері анықтады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.

Қаржылық мониторингі агенттігі еске салып өткендей, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдікті кінәсіз болып есептеледі.


Соңғы жаңалықтар