Мешіт жәшіктеріне түскен садақа қайда жұмсалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының найб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай Өтпенов мешіт жәшіктеріне түсетін қаражаттың қайда жұмсалатынын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қоғам болған соң, түрлі пікірдің болатыны заңдылық. Қазіргі уақытта мүфтиятқа қарасты 2 500-ден астам мешіт бар. Оның бес жүзге жуығы өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Түскен садақамен коммуналдық шығындарын өтейді, қызметкерлеріне жалақы береді. Қалған екі мыңнан астам мешіт демеушілердің көмегіне мұқтаж. Бұл мешіттерді демеушілерге хат жазып, халықтан көмек сұрау арқылы ұстап отырмыз»,  - деді Наурызбай Өтпенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, садақаға түскен қаражат мешіт шығындары мен қызметкерлердің айлық жалқасын төлеуден артылмайды.

«Әрине, берілген садақаның бұл дүниеде де, о дүниеде де сұрауы болады. Мұны кез келген имам жақсы түсінеді. Садақа жәшіктерінің 10 адамнан құралған арнайы комиссиясы бар. Комиссия құрамында ақсақалдар, қоғам қайраткерлері бар. Олар жәшіктегі ақшаны санап алып, бухгалтерияға өткізеді. Бухгалтерия қаражатты банкке тапсырады. Банк арқылы мешіттің коммуналдық шығындары мен қызметкерлердің еңбекақылары төленеді. Әйтсе де, іс жүзінде жәшікке жиналған қаражат мешіт шығындарын өтеуге жеткіліксіз», - дейді ол. 

Сонымен бірге, ҚМДБ өкілі мамыр айында құрылған «Уақып» қорпоративтік қайырымдылық қорына үміт артып отырғандарын жасырмады. Дін мамандарының біліктілігін көтеру және шалғайда орналасқан діни бірлестіктердің әлеуметтік мәселелерін шешу - қордың басты міндеттерінің бірі.

Соңғы жаңалықтар