Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді оқуға түсуге іріктеу тәртібі қаралды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігінде ведомствоаралық кеңес өтіп, онда тегін жоғары білім алатын мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді іріктеу жөніндегі регламенттің жобасы қаралды. Бұл туралы ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңеске қатысушылар қолдаған регламентке сәйкес, оқуға іріктеу кезінде жауынгерлердің қызмет барысында мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік және атыс дайындығы пәндерін меңгеру деңгейі ескеріледі. Сонымен қатар, жеке тәртібі, күнделікті қызметтегі міндеттерін орындау сапасы мен психологиялық жай-күйі де бағалау критериіне кіреді.

Барлық көрсеткіштер бойынша орташа балды шығара отырып, бес балдық межемен бағалау болжанып отыр. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің аралық және қорытынды тексерулерінің нәтижелері Қорғаныс министрлігінің цифрлық платформасына ай сайын орналастырылып, жаңартылып отырмақ. Тексерулерді жүргізіп, олардың қорытындысын шығаруға қорғаныс ведомствосы өкілдерінен құралған тәуелсіз комиссия қатысады. Осылайша, әрбір әскери қызметшінің жеке жинақтаушы рейтингі пайда болады.

Жоғары оқу орындарына бөлуді қоғам өкілдері мен ардагерлер ұйымдарынан құралған ведомствоаралық комиссия жүзеге асырады. Іріктеу нәтижелері мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.

Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен мамандықтар тізбесін және жыл сайын бөлінетін орындар санын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның жоғары арнайы және әскери оқу орындары да мерзімді қызметін өтегендерге артықшылық бергелі отыр. Мысалға, Қорғаныс министрлігі азаматтардың бұл санаты үшін оқуға түсушілердің сандық құрамының кемінде 25%-ы, яғни жыл сайын 200-ге жуық орын бөлмек. Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасын барлық күштік құрылымдардың әскери оқу орындары бірауыздан қолдап отыр.

Айта кетсек, Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметін өтеген үздік әскери қызметшілерге запасқа шығарылғаннан кейін жоғары оқу орындарында тегін оқыту туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл бастаманы еліміздің көптеген жоғары оқу орындары қолдады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, әскери борышын өтеген 3 мыңға жуық адам жоғары оқу орындарына грантпен түсе алады.

Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева әскери борышын өтегендердің ҰБТ нәтижесіне қарамастан жоғары оқу орындарына түсіру тәртібі қалай жүргізілетінін түсіндірді.

Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әскери борышын өтегендерге білім гранты немесе жеңілдіктер қалай берілетінін айтты.


Фото : gov.kz





Соңғы жаңалықтар