Меркіде лимон өсірумен айналысатын тұрғын өзінің тәжірибесімен бөлісті

None
None
МЕРКІ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Меркі ауданында жергілікті тұрғын лимон өсірумен айналысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, Меркі ауданында түрлі дақылдар өсіретін 42 жылыжай жыл он екі ай жұмыс істеуде. Бірі қызанақ, бірі қияр, тіптен құлпынай өсіруді де жетік меңгеріп алған. Ал Ақтоған ауылының тұрғыны Данияр Әбдіразақ жылыжайда қазақстандықтарға бейтаныс лимон өсіруге бел буған.

Жас кәсіпкер 2018 жылы жылыжай салып, онда қияр өсірумен айналысқан. Кейіннен кәсібінен мол табыс табуды көздеп, ерекше дақылды өсіруді ойластырады. Осылайша лимон өсіруді қолға ала бастайды.


Қияр өсіріп отырған жылыжайында қияр арасына 25 түп лимон көшетін егіп, оны күтіп, баптау әдістерін меңгере бастайды. Қазірдің өзінде лимоннан өнім алып, алдағы уақытта бүкіл аймақты өз өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлауда.

Жылыжайда лимон өсіру идеясы Даниярға Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өткеннен кейін келді. Дәл сол жерде ол жылыжайда лимон өсіру қиын емес екенін алғаш рет көрді.

«Шығындар мен кірістер арасындағы айырмашылықты ойлай отырып, мен оның пайдалы екенін түсіндім. Біздің аймақтағы ауа райы Кореядағы жағдайға өте ұқсас. Жалғыз айырмашылық – онда жер ылғалдылығы жоғары. Бірақ бізде жер құнарлы. Менің малым болғандықтан, арнайы тыңайтқыштар қажет емес. Көң мен қарашірік өсімдіктерді қоректендіру үшін қолайлы. Әзірге 25 көшет отырғыздым. Олар Ташкенттен әкелінді. Көшет құны төрт жарым мың теңге. Мен кәсіпкерлерлік басқармасы арқылы инновациялық жоба ретінде лимон өсіру жобасын қорғап, 2 жарым миллион қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Осылайша қажеттіліктердің барлығын жасап алдым. Лимон бірнеше жылдан кейін ғана толық жеміс бере бастайды. 2019 жылы бір ағаштан бес-алты лимон алдым. Әзірге көшеттерді баптау керек. Бірнеше жылдан кейін ағаштар толық жеміс бере бастайды. Сол кезде әр тал 50-60 келі өнім береді»,-дейді Данияр Әбдіразақ.

Кәсіпкер лимон ағаштарының арасында қияр өсіріп отыр. Ол жылыжайды ұстауға жұмсалатын шығындардың көп бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Қиярды сатып жылыжайды жылыту үшін алған көмір, жарыққа кетіп жатқан шығындар жауып отыр.

Даниярдан үлгі алған аудандағы төрт шаруа жылыжай құрылысын жүргізіп, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, әрқайсысы жүз лимон көшеттін отырғызып қойған.
Соңғы жаңалықтар