Меркель: Германия Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Германия Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Бұл туралы Қазақстан Президентімен келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ГФР Канцлері Ангела Меркель мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өте жақсы әрі ашық қарым-қатынас жолға қойылған. Осынау ынтымақтастықты жалғастыруды көздейміз. Сіздің Германияға сапарыңыздан мұндай талап-тілектің қазақстандық тарапта да барын көріп отырмыз», - деді Ангела Меркель Қ.Тоқаевпен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.

ГФР Канцлері көптеген мәдени және жеке байланыс екі мемлекет арасындағы жайлы қарым-қатынастың негізі болып отырғанын ерекше атап өтті.

«Германияда білім алғысы келетін қазақстандықтардың жас буынының үлкен ұмтылысын құптаймыз. Бізде Қазақстаннан келген мыңдаған студент оқиды. Біз Қазақстан Президентімен саяси реформалар туралы, сонымен қатар экономикалық қарым-қатынастар жайлы кең ауқымда әңгімелестік», - деді ол.

ГФР-дың статистика бойынша федералды ведомствосының мәліметіне сәйкес, өткен жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 5,9 пайызға артып, 5,1 мрлд еуро көрсеткішіне жеткен.

Германия Канцлері биыл «Ойлер Гермес» экспорттық-сақтандыру агенттігі бойынша мәселенің оңды шешілгенін құптады. Оның айтуынша, осының арқасында Қазақстан Президентінің Германияға сапары аясында айтарлықтай салмақты келісімдер пакетіне қол қойылады.

А.Меркель германиялық бизнес Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты бекемдеуге мүдделі екенін атай отырып, Германия экономика министрі келесі жылы ДСҰ-ның Министрлік конференциясы өтетін уақытта Қазақстанға сапарлайтынын жеткізді.

Канцлердің айтуынша, ҚР Президентімен келіссөздер барысында су ресурстарын басқару, Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынас, сонымен бірге адам құқығы мәселелері талқыланды.

«Біздің әңгімеміз Германия-Қазақстан қарым-қатынасының барлық саласын қамтыды. Осынау қарым-қатынастың жалғасын асыға күтемін», - деді Ангела Меркель.

Соңғы жаңалықтар