Мерейлі отбасы: Таразда дәрігерлік стажы 150 жылға жуықтаған әулет жеңімпаз болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябағында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің биылғы жеңімпаз және жүлдегерлерін марапаттау шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

«Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар. Әр ұлттың, әр мемлекеттің болашақ дамуы отбасындағы тәрбиеден негіз алады. Осыдан 7 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу туралы бастама көтерген болатын. Содан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының әр шаңыраққа берер тағылымы мол. Аталған отбасылық додаға жамбылдықтар да белсене қатысуда. Осы жылдар ішінде аталған байқауға біздің өңірден 1200 отбасы қатысып, бақтарын сынаған. Осы отбасылардың белсенділігіне қарап, тағы мыңдаған жас шаңырақта береке мен бірліктің, бақыт пен татулықтың шамы жанғаны анық. Биылдың өзінде 202 отбасы қатысқан екен. Оның дені - көпбалалы отбасылар. Өңірімізде 36 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Мемлекет тарапынан оларға үздіксіз қолдаулар көрсетіліп келеді. Еліміздің тыныштығы, бірлігі, татулығы әр шаңырақтың беріктігімен қалыптасады. Осы байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан барлық отбасына алғысымды білдіремін»,-дей келе аймақ басшысы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңіннің жеңімпазы, тараздық Умаровтар отбасын марапаттап, оларға 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Үш буыннан бері дәрігерлікті үзбей келе жатқан Умаровтар отбасының өзгелер үшін расында да өнегесі мол.

Олардың жалпы дәрігерлік еңбек өтілі – 147 жылдан асады. Отағасы, марқұм Мұхтар Умарұлы өмірінің 44 жылын денсаулық саласына арнаған екен.

Ұлдары Гулам, Гавхар, Гафур атты ұл-қыздары дәрігерлік жолын жалғап, жемісті еңбек етуде.

Гулам Мұхтарұлы облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық «Қан» орталығының басшысы ретінде қоғамға белсенді үлес қосуда.

Осы әулеттің Шахноза, Айшахон атты немерелері де дәрігерлік мамандықтары бойынша жоғары білім алуда.

Жеңімпаз атанған бұл отбасы байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынамақ.

Айта кетейік, аталған байқаудың жүлделі бірінші орынына Т.Рысқұлов ауданынан Исаевтар отбасы ие болды.

Аталған отбасы 2019 жылы «Отбасы үлгісіндегі балалар үйін» ашып, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан 6 ұл-қызды патронаттық тәрбиеге алған.

Бұл күнде отбасында 10 ұл-қыз өсіп келеді.

Ал, байқаудың екінші жүлдесіне Жамбыл ауданынан Тазабековтер отбасы лайық деп танылыпты.

Сондай-ақ, байқаудың үшінші жүлдесі меркілік Жұматаевтар отбасына бұйырды. Бұл отбасы 2006 жылдан бері 100 мүгедек балаға қол ұшын созған.

25 жасты жұмыспен қамтып, 15 адамға тегін дәрі-дәрмек таратқан. Елордада екі, Бішкек пен Тараз қалаларында 5 студент осы отбасының демеушілігімен алаңсыз тегін білім алуда.

Ал жуалылық Мұратаевтар отбасы «Өнерлі отбасы» аталыммен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтарға ие болды. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.


Соңғы жаңалықтар