Мерейлі отбасы: Қызылордада Әбілдашевтер әулетіне құрмет көрсетілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Әбілдашевтер әулеті Қызылорда облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен Отбасы күні аясында «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шара эпидемиологиялық ахуалға байланысты Нұр-Сұлтан қаласынан тікелей қосылым арқылы өтті.

Онлайн шара барысында өнегелі отбасылар туралы әзірленген бейнероликтер көрсетілді. Алдағы уақытта үлгілі шаңырақ иелері туралы арнайы фильм көпшіліктің назарына ұсынылады.

Тікелей көрсетілім барысында әр өңірдің басшылары «Мерейлі отбасы» атанған әулеттерді құттықтады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өнегесімен үлгі болған Әбілдашевтер отбасына Мемлекет басшысының дипломын, арнайы мүсінше мен сыйлық сертификаттарын табыстады.

Бұған дейін аймақтық конкурстың бас жүлдесін иеленген шиелілік Әбілдашевтердің өнегелі өмірі көпке үлгі. Отбасы мүшелерінің көбісі ұзақ жылдар бойы аймақтың ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан. Шазат Әбілдашев пен Шырын Әбілдашеваның отау құрғанына 59 жыл болған. Бүгінде 10 баласынан 42 немере мен 12 шөбере сүйіп, бейнеттерінің зейнетін көріп отыр. Үлкен ұлы Нұғман Әбілдашев республикаға белгілі ғалым-агроном. Жылыжайда көкеніс өсірумен айналысады.

Байқаудың мақсаты - өнегелі құндылықтарды жаңғырту, балаларды тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін үгіттеу. Байқауға еңбекте, спортта, шығармашылықта, зияткерлік салада, ғылымда немесе өзге де салаларда жоғары жетістіктерге жеткен өнегелі отбасылар қатыса алады.

Биыл жетінші рет ұйымдастырылған сайыстың қатысушылары жыл өткен сайын артып келеді. 2014 жылдан бері конкурсқа қатысуға 1500-нан астам жанұя өтінім берген. Биыл қызылордалық 182 отбасы байқауда бағын сынады.

Бүгінде облыста 141 мыңнан аса отбасы, 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері бар.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қызылордада республикалық жыршы-жыраулар байқауы өткізілетіндігін хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар