«Мерейлі отбасы» байқауының финалы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына 3204 отбасы қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алты жылда аталмыш конкурсқа 15 197 отбасы қатысыпты. Оның 62 пайызын - ауыл жанұялары, 3 пайызын - көпбалалы отбасылар, 18 пайызын - жас ошақтар, 17 пайызын - еңбек династиялары құраған. Конкурсқа қатысушылардың саны жыл өткен сайын өсуде.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов биыл қатысатын 17 отбасының әрқайсы ерекше екенін айтты.
«Өңірлік конкурстардан үздік шыққан отбасылардың жартысынан астамы - көпбалалы. Мысалы, астанамыздың намысын ақындар отбасы қорғайды. Отағасы Серікзат Дүйсенғазы бесінші атадан жалғасқан ақындық жолды ұстанған. Белгілі қаламгер Серғазы Рахымов пен «Сәби болғым келеді» әнінің сазын жазған Тұрсынғазы Рахымов Дүйсенғазиндер әулетіне туыс болып келеді. Серікзат ақын жұбайымен бірге 3 бала тәрбиелеп отыр», - дейді министрлік өкілі.
ҚР Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет «Мерейлі отбасы» конкурсының отбасылық құндылықтар құлдырап тұрған заманда маңызы зор екенін айтады.
«Жыл басынан бері 59 555 неке қиылса, 29 025 ажырасу фактісі тіркелген. Ажырасуға мінездің сәйкес келмеуі, баспана қиындығы, зорлық-зомбылық, маскүнемдік пен ойынқұмарлық себеп болуда. Бұл тенденцияның бетін қайтару үшін 9 өңірде отбасын қолдау орталығы ашылды», - дейді ол.
Ал ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен конкурс алты жылдың ішінде биік беделге ие болғанын айтады.
«Биылғы қатысушылардың 80 пайызы - көпбалалы әрі өнегелі отбасылар. «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында отбасы және бала институтын қолдап, инклюзивті қоғам құруды басым бағыт ретінде атады. Сонымен қатар, Президент ең алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін отбасылық бизнес ашу мәселесі бойынша үкіметке нақты тапсырмалар берді. Осының бәрі Мемлекет басшысының отбасы институтына деген қамқорлығы», - деді ол.
Ертең - конкурс үміткерлеріне дауыс берудің соңғы күні. Ал оның қорытындысы 7 қыркүйек күні жарияланбақ.



Соңғы жаңалықтар