«Мерейлі отбасы» байқауының ақтық кезеңінде Ақмола облысының абыройын қорғайтын отбасылар анықталды (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының ақтық кезеңінде Ақмола облысының абыройын қорғайтын отбасылар анықталды.

Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА-нің өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Бұл жолғы салтанатты шараға ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, Төрайым орынбасары Ләззат Сүлеймен қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Мерекелік кеш Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры әртістерінің «Менің отбасым» атты көрінісімен басталып, «Мерейлі отбасы» байқауының әнұранымен жалғасты. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басты мақсаты - отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтар мен қазақстандық жанұяның жағымды имиджін жастар арасында жан-жақты насихаттау. Өткен жылы байқауға 1200-ден астам отбасы қатысқан болса, биыл 2500-дей үлгілі отбасы қатысуға өтініш білдіріпті. Бүгінгі күні облыста 5 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Сонымен бірге, 8 мыңнан астам көп балалы ана тіркелген, олардың ішінде «Алқа алқа» иегерлерінің саны - 2862. «Күміс алқа» 4 мыңнан астам анаға тиесілі. Сондай-ақ, 541 әйел - Қаһарман ана атағына лайық деп танылған. Және де өңірімізде І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған нәзік жандылар бар, олардың саны 638 көрінеді. Өткен жылы аталмыш ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары - Мұқашевтар отбасы республикалық байқауда облыс намысын қорғаған болатын. Ешмұқан Мұқашевтің сегіз перзентінің бесеуі әке жолын қуып, ұстаздықты таңдаған еді. Бұл әулеттің ағартушылық жолындағы ғұмыры 540 жылды құрайды екен. Оларға байқау қорытындысы бойынша Елбасы өз қолымен жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін тапсырған болатын. Ұлттық байқауда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы байқауға қатысушыларды құттықтап, облыста әр түрлі салада ұзақ жылдар бойы үзбей қызмет етіп келе жатқан әулеттерді атап өтті. Олардың ішінде 318 жылдан бері ұрпақтары темір жол саласында ерінбей еңбек етіп келе жатқан Сүлейменовтер әулеті мен 112 жыл бойы халықтың денсаулығы үшін қызмет көрсетіп келе жатқан Ілиясовтар отбасылары бар. Ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Көкшетау қаласынан қатысқан Кәкпеновтер отбасы бас жүлдеге ие болып, бағалы сыйлықпен марапатталды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, отағасы Жазит Кәкпенұлы бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласына елеулі үлес қосқан ардақты азамат. «Батыр ана» атанған өмірлік жары Қарашаш Ғалиқызы екеуінің шаңырақ құрғандарына биыл 60 жыл толып, гауһар тойларын атап өтпекші. Жеті баланы дүниеге әкеліп, бүгінде 18 немере мен 3 шөберенің қызығын тамашалап отыр. Балалары осы күні еліміздің түрлі саласында қызмет етіп, мемлекет игілігі үшін маңдай терлерін аянбауда. Немерелері «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германия, Англия, Австрия мемлекеттерінде білім алып жатыр. Байқау нәтижесі бойынша облыстық кезеңнің бірінші дәрежелі дипломымен және бағалы сыйлықпен Сандықтау ауданынан қатысқан спортшылар отбасы - Мухиндер жанұясы марапатталды. Отағасы Александр Мухин Қазақстан Республикасының шаңғы спорты бойынша жаттықтырушысы. Бұл отбасының әр мүшесі халықаралық және республикалық шаңғы жарыстары мен биатлон сайыстарының жүлдегерлері. Ал, жүлделі екінші орынды ақкөлдік Жұмановтар мен астрахандық Қасымовтар отбасылары иеленді. Ал, жүлделі үшінші орынға атбасарлық Валеевтер мен зеренділік Бекмұқановтардың отбасылары лайық деп танылды. Осылайша, ұлттық байқаудың биылғы республикалық кезеңінде облыс намысын көкшетаулық Кәкпеновтер мен сандықтаулық Мухиндер отбасылары қорғайтын болады. Мерекелік кеш соңында облыстың талантты өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Соңғы жаңалықтар