Мерейлі отбасы: Әр шаңырақтың бірлігі - түптеп келгенде ел байлығы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Отбасы бақыты – берекеде. Бүгінгі таңда Ақмола облысы Ақкөл ауданының Амангелді ауылындағы Әубәкіровтер отбасын дәл осылай суреттеуге болады. Жалпы ұстаздық өтілі 215 жылды құрайтын бұл отбасының көпке үлгі боларлықтай өз тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаңырақтағы шаттық, сүттей ұйыған ынтымақ-бірлігімен, тамаша тірлігімен талайға үлгі бола білген бұл отбасының отағасы Ақан Қайыржанұлы мен отанасы Қуаныш Шотанқызы - 5 балаға өнегелі тәрбие беріп, 9 немеренің ұлағатты ата-әжесі атанып отырған бақытты жандар.

Отағасы 45 жыл бойы табан аудармастан білім саласында қызмет еткен. 30 жыл Амангелді ауылындағы мектепте директор болып қызмет атқарыпты. Көп шәкірті ұстазының жолын қуып, мектеп директоры болып қызмет істеуде. Ал өзінің балаларына келетін болсақ, тұңғышы Бейбіт - жеке кәсіпкер, құрметті адвокат, кенже ұлы Науанның мұғалімдік өтілі – 22 жыл.

Қызы Назгүл отыз жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Меруертінің педагогикалық еңбек өтілі - 25 жыл, Степногор қаласындағы №9 қазақ орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі.

Өткен жылы жылы аталмыш отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде үздік атанып, облыс әкімінің 250 мың теңге сертификатына ие болған еді.

Отанасы Қуаныш Шотанқызы айтуынша, халқымыздың өсуінің, өркендеуінің кепілі көбіне-көп отбасылық ынтымақ пен татулықта жатыр.

«Әр отбасының бірлігі - түптеп келгенде ел байлығы. Ал, отбасының байлығы, алтын діңгегі - өмірдің парқын терең түсінетін, ұрпағын ана тіліне, қазақтың бауырмалдығы мен қонақжайлығына, қайырымдылыққа баулитын ата-әже. Олар бала үшін - асқар тау, орны ерекше тәлім-тәрбие мектебі», - дейді Қуаныш Шотанқызы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласына елеулі үлес қосып келе жатқан Әубәкіровтер отбасына Халықаралық отбасы күні бізде бақыт, береке тілейміз.


Соңғы жаңалықтар