Мерей Ақшалов спорт жолын таңдаған жастарды адал болуға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі қазақстандық боксшы Мерей Ақшалов допингпен ұсталған спортшылардың жазасын күшейту бойынша Президент қол қойған заңға қатысты пікір білдіріп, спортты таңдаған жастарды адал болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заңды толығымен қолдаймын. Дұрыс қадам деп санаймын. Спортшы әр уақытта да таза әрі адал болуы керек. Пайымдап қарасаңыз, бір спортшы допинг қабылдап, алтын медаль алса, шынайы чемпионды тағынан, жұлдызды сәтінен айырады. Ал басқа спортшы адал жүргенімен, өтіріктің құрбаны болады. Яғни, адалдықты аттап кеткен спортшы басқа біреудің жолын кеседі», - дейді Мерей Ақшалов ҚазАқпарат тілшісіне.

Боксшының айтуынша, допинг қабылдаған спортшыны бүкіл басымдықтан айырып, сыйақыны қайтарып алу да – әділетті шешім.

«Жүлдені алдап алса, оны ел неге марапатталуы керек? Білуімше, спортшымен бірге бапкерін де, дәрігерін де жазалағалы жатыр. Қазір спортшылар онлайн-курстардан өтіп, сертификат алады. Оларға қандай витаминді қабылдап, қандайын қабылдамау керектігі жіті түсіндіріледі. Бұл саладағы мамандар баршылық. Дайындық барысында спортшы олардың бәрімен тығыз байланыста болып, белгілі бір дәріні пайдаланарда аса сақ болуы керек», - дейді Мерей Ақшалов.

Айта кетсек, Мерей Ақшалов 2013 жылы бокстан Азия чемпионы атанып, артынша Әлем чемпионы атағына да қол жеткізген боксшы. Сонымен қатар, ол «Астана арландары» бокс клубының бірнеше маусымында ел намысын қорғаған.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Заң допингіге қарсы ережелерді бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар