Мерекелік аптада елордада коронавирус жұқтырушылар саны 10% өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқапарат – Елордада сырқаттанудың ең жоғары деңгейі ересектер арасында тіркелуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы мерекелік аптада науқастармен байланыста болғанына байланысты коронавирус жұқтырушылар саны 10% өсті, яғни орташа есеппен аптасына 500 адамға дейін ауырған болса, қазіргі уақытта байланыста болғандар арасында 750-ге дейін науқас анықталады. Бұл қала тұрғындары карантин талаптарын сақтамағанын көрсетеді. Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны – 1736, оның ішінде: үй – 1081, ұйымдастырылған – 655, онда 4172 байланыста болған адам медициналық бақылауда», - дейді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, жас құрылымы бойынша сырқаттанудың ең жоғары деңгейі ересектер арасында тіркелуде. Ол жалпы сырқаттанушылықтың 78,3%-ын құрайды, балалар арасында - 19% және жасөспірімдер - 2,7% құрайды.

«Ересектер арасында 30-39 жас аралығындағы адамдар инфекцияға барынша бейім, олар ересектердің жалпы сырқаттанушылық құрылымында - 30%-ын құрайды. Балалар арасында ең жоғары сырқаттанушылық 3 - 10 жас шамасындағылар тіркелген, оларда балалардың жалпы сырқаттанушылығының 50% - ы тиесілі», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар