Мереке күні солтүстікқазақстандық 80 отбасы баспаналы болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы Саумалкөл елді мекенінің 80 отбасы мереке күні көптен күткен пәтерге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Саумалкөлде 5 қабатты 80 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Құрылысты мердігер компания «Солтүстік Құрылыс» ЖШС жүргізген.

Қоныс тойын тойлаушыларды СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.

«Қазақстан халқының бірлігі күні Сіздерге жаңа пәтердің кілтін тапсырғаныма қуаныштымын. Бүгін көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар және жетім балалар баспаналы болып жатыр. Шаңырақтарыңыздан бақыт, қызық-қуаныш, молшылық кетпесін», - деді Асқар Жоламанұлы.

Саумалкөлдік Ольга Анофрева-Беляева сегіз жыл баспана кезегінде тұрған екен. Олар күйеуі екеуі төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Балаларының біреуі - мүгедек.

«Біз бұған дейін баспана жалдап келдік. Отбасылық бюджеттің басым бөлігі осы мақсатқа жұмсалатын. Бүгін бізге екінші қабаттан 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Біз - бақыттымыз. Барлығына алғыс айтамын!», - дейді қуанышымен бөліскен ана.

Ал Әсемгүл Жанықұловаға 4 бөлмелі пәтер берілді. Жалғызбасты әйел алты баланы өсіріп жатыр. Қиындықты көп көрген ана бұл түні қуаныштан таңға дейін ұйықтамапты.

«Пәтерлер жылы, жайлы. Еденіне линолеум төселсе, төбесі тартылған. Газ плита орнатылған», - дейді Әсемгүл.

Үйдің айналасы да абаттандырылып, көшеттер отырғызылыпты.

Соңғы жаңалықтар