Мереке күні дүниеге келген сәбилерге ҚХА домбыра тарту етті
Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде екінші рет аталып өткен Ұлттық Домбыра күніне орай «Ұлттың саз байрағы – домбыра» акциясын өткізді.
7 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпрофильді қалалық аурухананың перинаталды бөлімшесінде және «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері дәл осы айтулы күні дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бейнеленген қасиетті домбыраны тарту етті.
«Бұл акция Қазақстанның жаңа туған азаматтары мен олардың ата-аналарына балаларын рухани қалыптастыру жолындағы маңызды бағдар болмақ. ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры С.Ф. Мажитов сәбилерін құшақтарына жаңа алған аналар мен білікті дәрігерлерге құттықтау тілегін білдіре отырып, ҚХА-ның сәбилерге жолдаған арнайы хатын тапсырды» делінген хабарламада.
Өз кезегінде жас босанған аналар тәрбиелік мәні зор осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді.