Мереке күндері Жамбыл облысында 5 егіз дүниеге келді
2021 жылғы 21 желтоқсан 00:56

Мереке күндері Жамбыл облысында 5 егіз дүниеге келді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылдың 16,17 желтоқсан күндері Жамбыл облысы бойынша 144 сәби дүниеге келсе, оның бесеуі (10 сәби) егіз. Соның ішінде Тараз қаласында мереке күндері 89 сәби дүниеге келген болатын, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай олардың аналарына «Сүйінші» атты естелік бэби-бокстар табыс етілді.

«Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған Ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.

«Біздің қызметкерлер 16, 17, 18 желтоқсан күндері жұмыс істеді және АХАЖ өкілдерімен бірлесіп әрбір сәби өмірінде өзінің алғашқы құжатын алуы үшін перзентханаларда құжаттарды қабылдады.

«Сүйінші» акциясын орындау мақсатында туу туралы куәліктерді дайындағаны үшін АХАЖ, бэби-бокстарды жеткізгені үшін «Қазпошта» қызметкерлеріне және перзентханаларда жұмыс атқарып отырған дәрігерлерге олардың қажырлы еңбегі үшін алғыс айтқым келеді», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Қыстаубай Сағынтаев.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT