Мереке қарсаңында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде 1500-ден аса бала болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Халықаралық балаларды қорғау» күні аясында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тарихи орынның мол мұраларын 1500-ден аса бала тамашалады.

Олардың арасында Малайзиядан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келген жеткіншектер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таңертеңнен кесенеге ағылған балаларға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, Тайқазан, Үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, асхана мен құдықхана бөлмелері көрсетілді. Сондай-ақ, тарихи тұлғалар жайлы мәлімет беріліп, Рәбия Сұлтан Бегім ана, жерасты қылуеті мен шығыс моншалары таныстырылды.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі еліміздегі іргелі музейлердің бірі ретінде мектеп туризмін дамыту, оқушылармен байланыс мәселелеріне де жете мән беріп келеді. Осы орайда орта және арнаулы орта білім беру мекемелерінде түрлі тақырыптарда лекциялар өткізіліп, мұражай экспозициясы алаңдарында түрлі тақырыптағы көрмелер ұйымдастырады. Көшпелі көрмелер еліміздің барлық облыстары мен аудан-қалаларын қамтиды.

Сонымен қатар, мектеп оқушыларының «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне жазғы және тоқсандық демалыс күндері тегін кіруі мүмкіндігі қарастырылған. Жыл басынан бергі төрт ай ішінде музейді 61 343 оқушы тегін тамашалауға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек, қыркүйек айының біріне дейін кез-келген оқушы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне тегін кіре алады. Олар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде шағын кинозалға келіп, тарихи және деректі, анимациялық фильмдерді тамашалай алады.

Соңғы жаңалықтар